×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Әр жағдайды жеке қарау керек»: Шымкент әкімі наразы азаматтар алдына неге шықпағанын түсіндіруге тырысты

07.12.2023, 16:43
Коллаж: ulysmedia.kz.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өзі басқаратын шаһарда 50 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұрғанын айтты, деп жазады Ulysmedia.kz.

ОКҚ алаңында бүгін Ulysmedia.kz тілшісі әкімге сұрақ қойды.

Таяуда Шымкенттің баспана мәселесін көтерген бір топ тұрғыны әкімдік алдына жиналып, мемлекеттен берілетін тегін үй кезегіне қою, бөлу міндетін "Отбасы банкке" өткізуге қарсылық білдірді. Көбі көпбалалы немесе жалғызбасты аналар. Бәрі «ертең кезектен алынып қалмаймыз ба» деп қауіптенеді. Жалпы Шымкентте қанша адам баспана кезегінде тұр? Және бұл мәселеде сіздің позицияңыз қандай? Расында да, баспана кезегіндегілер үшін тәуекел бар ма? Жиналған азаматтар сізді әкімдіктен шығуды талап етті. Бірақ орынбасарларыңыз ғана шыққан. Неліктен өзіңіз шығып, жұртшылықпен кездеспедіңіз? – деп сұралды әкімнен.

Бұл сұраққа жауап берген Ғабит Сыздықбеков сұрақ орынды екенін, бірақ «мен шықпады» деу дұрыс емес екенін айтады. 

«Себебі келгелі байқап отырсаңыз, ресми кездесулерден бөлек, мен кез келген азаматтармен өзім уақытым болса кездесем. Себебі «орнымда болсам» деп отырғаным, қазір көбінесе уақытымды қаланы аралауға жұмсап отырмын. Әр түйткілді мәселені қолыммен ұстап, көзбен көрмесем, оның шешу жолдарын білу мүмкін емес», - дейді әкім.

Ғабит Сыздықбековтың сөзінше, Шымкент қаласында баспана кезегінде тұрған азаматтар саны 50 мыңнан асады. Әкім әр отбасындағы жан санына қарай үй бөлінетінін айтады. Заңды түрде кезекте тұрғандар үйге қол жеткізетініне сендіргісі келеді.

Қала басшысынан мемлекеттің баспана бағытында кейбір функциясын Отбасы банкке беру жөнінде позициясы да сұралған. «Наразылық білдірген азаматтардың расында да үйсіз қалу қаупі бар ма?» деген сауал қойылды.

«Ол кісілердің үйсіз қалу қаупі туындамайды. Бірақ қай кезде алады? Үй алу мерзімдерін қарау керек. Бірақ әр жағдайды жеке қарау керек», - дейді Сыздықбеков.

Еске сала кетсек, Азаттық радиосы осыдан он шақты күн бұрын Шымкент қалалық әкімдігіне барған жиырмадан аса әйел баспана мәселесін көтергенін жазған еді. Олар мемлекеттен берілетін тегін үй кезегіне қою, бөлу және оны беру міндетін жергілікті тұрғын үй басқармасынан «Отбасы банкке» өткізуге қарсылық білдірген.
Әкімдікке жиналған әйелдердің дені көп балалы, жалғызбасты не асырауында ерекше баласы бар аналар. Олар мемлекеттен берілетін тегін үй кезегіне қою, оны бөліп беру "Отбасы банк" міндетіне өткізу туралы мәселе мәжілісте қаралғанын естіген. Наразылар бұл бастама мақұлданса жылдар бойы тұрған кезегіміз күйіп, баспанасыз қаламыз деп қауіптенеді. Өйткені банкке көрсететін кірісіміз, беретін алғашқы төлем жоқ дейді. Жиналған әйелдер бір жарым сағат әкімдік ғимаратының дәлізінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің шығуын талап етіп, «әкім шық!» деп бірнеше рет айқайлаған.

(Фотоколлажға Азаттық басылымының суреті пайдаланылды)

Серіктес жаңалықтары