Қыркүйек жақындаған тұста ата-аналардың басты қамының бірі – мектеп формасы. Әке-шешелер үшін бұл қам-қарекет – қалтаны көп-көрім қағатын, әйтсе де кейінге қалдыруға болмайтын шаруа. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте ата-аналармен сөйлесіп, оқушыны мектепке дайындауға қанша ақша кететінін біліп көрді.
КИІМНІҢ ТҮР-ТҮРІ БАР
Астана тұрғыны Кәмила Сапарова (есімі өз өтініші бойынша өзгертілді) баласын ірі сауда орталықтарындағы нүктелерде киіндірген. Мектеп формасының түр-түрі шығып қойғанын айтады. Биыл оның қызы үшінші сыныпқа, ұлы даярлық сыныбына барады екен.
– Сапалырақ киімды көрейік деп, бірінші бағасы орташа дүкенге кірдік. Мысалы ол дүкенде қызыма қараған шалбардың бағасы 26 мың, көйлек 20 мың, блузка 25 мың, сарафан 22 мың теңге, туфлиі 29 мың теңге екен. Сыртынан салқында киетін бомбер жейдесі 18 мың теңге, юбкасы 20 мың теңге шықты. Сонда қызыма мұнда толық форма 160 мың теңгеге шықты! Бұдан бөлек, ұсақ-түйек, колготки, шұлық, майкасына тағы 15-20 мың шығады. Сонда 180 мың теңге! Дәл осы форма тағы бір нүктеде екі есе арзан екен. Сапасы да жаман емес. Ол дүкенде біз осы киімді Әдеміге 75-80 мың теңгеге алуға болатынын көрдік, – дейді Кәмилә.
Кәмиланың ұлы баратын мектеп даярлық сыныбына костюм-шалбар міндетті емес екен. Сонда да ол ұлының мектепке костюм киіп барғанын қалайды. Оның костюмі 34 мың, көйлегі 14 мың, туфлиі 30 мың, бомбер жейдесі 19 мың теңге. Сонда 97-100 мың теңге. Арзанырақ нүктеде осының бәрін 60-70 мың теңгеге алуға болады.
БАЗАРДАҒЫ БАҒА
Салтанат Құрманқызы (аты-жөні өзгертілді) үш баласына мектеп формасын елорданың оң жағалауындағы ірі базарлардан қараймын дейді. Ол Кәмила айтқаннан екі арзан бағамен екі баласын киіндіріп үлгеріпті.
– Екі қызыма көйлегі мен шалбарын үстіндегі булзкасымен бірге жалпы сомасы 70 мың теңгеге таптым. 9 мың теңгеден жап-жақсы юбкалар бар екен. Анау-мынауымен сонда екі қызымды жалпы 100 мың теңгеге киіндірдім. Бұл базардағы баға ғой. Ірі сауда орталықтарындағы бағаға ақша жете бермейді. Базардағы киімдердің сапасы нашар дейді ғой. Келіспеймін, – дейді ол.
Базардан киім алғанды Айжан Сәбитова есімді астаналық тұрғын құп көрмейді екен. Ол киімнің қайсысы болсын бір-бірден алынбайтынына назар аударады.
– Көйлек мысалы қос-қостан алғанда басқа баға шығады. Меніңше, кейінгі кезде мектеп формасы жыл сайын қымбаттап барады. Әрине, базардан арзанға алуға болар, бірақ арзанның жілігі татымас дейді. Сол себепті жыл бойы киетіндіктен сапалы киім іздейміз. Ал сапалысы қымбат. Бала үшін бәрін алып беруге тырысамыз. Қатарынан қалмаса екен дейміз. Көпбалалы отбасылар қалай амалдайды екен деп ойлаймын. Оларға қиын ғой!? – дейді ол.
ЖӘРМЕҢКЕ
Астана әкімдігінің баспасөз қызметі 1-31 тамыз аралығында мектеп жәрмеңкесі өткізілетінін хабарлаған еді. Жәрмеңкеде кеңсе тауарлары мен мектеп формасын қолайлы бағамен сатып алуға болады. Жәрмеңке бүкіл қалада жұмыс істейді.
Жәрмеңкелер қайда өткізілетінін мына сілтемеден көруге болады.