×
$
445.65
508.71
5.3
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
445.65
508.71
5.3

"Қызымның өмірін ақшамен өлшемеймін": Ұлдана Мырзуанның анасы соттағы жарыссөзде не айтты

Бүгін, 13:45
"Қызымның өмірін ақшамен өлшемеймін": Ұлдана Мырзуанның анасы соттағы жарыссөзде не айтты
Ulysmedia коллажы

Қаза болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Омарова соттағы жарыссөзде сөз сөйлеп, МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязованы бас бостандығынан айырмауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жәбірленуші тарап моральдық өтемақы талап етпеді

Сәлима Омарова сөзінде қызының қандай болғанын айтып, не себепті ақша талап етпейтінін түсіндірді.

– Ақша менің Ұлданамды қайтармайды. Ешқандай өтемақы оның күлкісін, дауысын, құшағын қайтара алмайды. Мен Ұлданамның өмірін ақшамен өлшемеймін. Тек шындық пен әділдікті сұраймын, – деді анасы.

Ол соттан істің мән-жайын объективті түрде қарауды сұрады. Егер Жұбаниязова кінәлі болса, заң аясында жазалауды, бірақ бас бостандығынан айырмауды өтінді. Ал кінәсі дәлелденбесе, оны ақтауды сұрады.

– Ол жалғызбасты ана. Мен де анамын. Оның екі баласы бар. Тағдырдың жазуымен қызымнан айырылдым. Бірақ Сәуле Жұбаниязованы тірі кезінде балаларынан айырып, олардың анасыз қалғанын қаламаймын, – деді Омарова.

Адвокаттың ұстанымы

Жәбірленуші тараптың өкілі Нұрсұлтан Орынбеков Сәлима Омарованың азаматтық талап арыз бермегенін және өтемақы сұрамағанын растады.

– Біз бұл процеске ақша үшін келген жоқпыз. Менің сенім білдірушім үшін ең маңыздысы – шындық. Ол қызының не себепті қаза болғанын білгісі келеді, – деді адвокат.

Ол Ұлдананың қайтыс болғаннан кейін президент жарлығымен ерлігі үшін медальмен марапатталғанын еске салды. Ол шақырту бойынша фельдшер ретінде оқиға орнына барып, зардап шеккендерге көмек көрсете бастаған және қауіп төнген кезде де шегінбеген.

Жәбірленуші тарап соттан бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Контекст

Бұған дейін сол күні прокурор Сәуле Жұбаниязоваға екі жылға бас бостандығын шектеу және үш жыл бойы кондоминиумдарды басқаруға тыйым салуды сұраған.

Басқа жәбірленушілер – Гүлнәр Қалиева мен Айнұр Нұрпейісова – сотталушыдан 45 миллион теңгеден астам өтемақы өндіріп беруді талап етті. Жұбаниязова талап арыздарды мойындамады.