×
445.66
474.58
4.78
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
445.66
474.58
4.78

«Қайраттың досының көбі басын құмға тығып алды»: Боранбаев сотына «танымал куәгерлер» келді

13.02.2023, 12:33
Коллаж: ulysmedia.kz.

Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы – бизнесмен Қайрат Боранбаевтың сотында бүгін елге есімі белгілі үш куәгер жауап берді. Мәскеуден МУЗ-ТВ басшысы Арман Дәулетияров, Алматыдан әншілер Байғали Серкебаев пен Нағима Есқалиева Боранбаевты қолдауға келгенін мәлімдеді. Куәгерлер соттан Боранбаевқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді, оны қамаудан үйқамаққа жіберуді өтініп, керек болса ол үшін кепіл бола алатындарын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Боранбаевқа тәуелді емеспін»

Ең бірінші болып, куәгер ретінде жауап берген музыкант Байғали Серкебаев Қайрат Боранбаевты 2002 жылдан бері, сотталушы Роман Нахановты бес жылдан бері танитынын айтты.

«Ең алдымен, Қайрат үлкен жүректі азамат екенін атап өткім келеді. Көп жақсылық жасады. Өнер, мәдениет, спорт саласындағы азаматтар үшін жасаған жақсылығы көп. Өз атымнан айтар болсам, бірнеше жылдан бері Қайрат «Ермек Серкебаев атындағы мәдениет және өнерді қолдау қорына» көмектесіп келеді. Қор жағдайы төмен отбасылардың балаларын қолдау үшін ашылған. Студенттеріміздің көбі біршама халықаралық конкурстың қатысушысы. Қайраттың адами қасиеттері, қаншалықты мейірімді адам екені жайлы көп айтуға болады. Қолдап келіп отырмын», - деді ол.

Байғали Серкебаев Қайрат Боранбаевтың алдында «ешқандай материалдық тәуелділігі жоқтығын, өз еркімен дос ретінде сотқа келгенін, Боранбаевтың әлеуметтік тобына қарамастан кез келген адамды қолдауға дайын тұратынын» мәлімдеді. Сөз соңында Боранбаевты бұлтартпау шарасын өзгертуді, қамаудан үйқамаққа жіберуді өтінді.

Прокурор Серкебаевтан «Қайрат сізге қарасты қорды қолдайтынын айттыңыз, бұл оның алдындағы тәуелділік емес пе?» деп сұраған. Алайда куәгер оған «жоқ мүлде тәуелділік емес, мен одан ешқашан ештеңе сұраған емеспін, бірде қор ашатынымды айтып отырғанымда, маған өзі көмек ұсынды» деп жауап берді.

Нағима Есқалиева көз жасына ерік беріп, сот залынан шығып кетіп, қайта оралды

Екінші болып сотта Қазақстан халық әртісі Нағима Есқалиева жауап берді. «Өз бауырым Қайратты 1997-1998 жылдардан бері танимын» деп бастады ол сөзін.

«Оны мен спортшы кезінен танимын. Ол кезде мен халық әртісі едім. Сол себепті ол туралы көп айтуға болатын шығар. Ер мінезді адам. Осы уақытқа дейін оның қаншалықты игі әрі қайырымды істерге атсалысып жүретінін білмеппін. Таяуда ғана естідім», - деді ол.

Сөз барысында Нағима Есқалиева көз жасына ерік беріп, сот залынан шығып кетті. Алайда Арман Дәулетияровтың жауабынан кейін залға қайта оралды. Көңілі босап шығып кеткені үшін кешірім сұрады.

«Ең абыройлы іс – адамдарға қызмет қылу шығар. Халыққа деп үлкейте айтпай-ақ қояйын. Бұл сирек қасиет. Азамат осындай жағдайда қалғанда достары түгілі туған-туыстары одан кері айналуы мүмкін. Ал мен мұнда келмеуге қақым болмады. Денсаулығыма байланысты бұған дейін сотқа келе алмаған едім. 30-40 мың адамның алдында ән айтқан адаммын, дәл осындай сотта бірінші рет жауап беріп тұрмын. Қатты қобалжуымның да себебі сол. Қайрат «Қайрат» футбол клубы құлдырап бара жатқан кезде футбол академиясын ашты. Ерекше балаларға арнап үлкен орталық ашыпты. Одан бері 20 жыл өтіп кеткенін білгенде таңғалдым. Ол жақсы азамат. Оған тек амандық тілегім келеді», - деді Нағима Есқалиева.

«Доспын деп жүргендердің көбі басын құмға тығып, қорқып отыр»

Арман Дәулетияров сотқа Мәскеуден келген. Боранбаевпен кезінде марқұм әнші Батырхан Шүкенов таныстырғанын айтады.

«Ол кезде ол бизнесмен еді. Өзіміз секілді қарапайым жігіт болатын. Ол қазақ. Бәріміз қазақ болғаннан кейін жиналып тұратын едік. Ол жас әрі көңілді жігіт болды. Біздің ортаны жандырып жүретін. 20 жылдан бері доспыз», - дейді ол.

Арман Дәулетияров Қайрат Боранбаевпен ешқашан бірге бизнес-жоба жасамағынан, ешқашан одан қаражат қарыз алмағанын, көмек сұрамағынан айтты. Жылдар бойы тек дос ретінде араласатынын мәлім етті.

«Мен бұл жерге бірінші кезекте оны және туған-туыстарын қолдауға келдім! Оның басына іс түскенін білемін. Бұған дейін Қайратпен дос болып жүргендердің көбі, жұлдыздар басын құмға тығып алды. Қайрат туралы бірдеңе деуден қорқып отыр. Мен біріншіден қазақпын. Қазақстаннан басқа елде тұрамын. Сонда да Қазақстанда болып жатқан оқиғаның бәрі мен үшін маңызды. Оның басына іс түскенде – мен жанында болғым келеді. Меніңше, Қайрат секілді адамдармен біз мақтануымыз керек», - дейді ол.

Арман Дәулетияровтың айтуынша, «осы сотта Жаңа Қазақстанға, билікке, ортақ келешекке деген сенім тағдыры сынға түсіп отыр». Дәулетияров Боранбаев та өзі секілді көпбалалы әке екенін, Қайраттың балаларының бірі ерекше бала екенін айтты.

«Соттан бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды сұраймын. Зорлағандар мен кісі өлтіргендердің бірі емес, Қайрат бизнесмен, азамат. Менің үнімді естісеңіз екен», - деп түйді сөзін судьяға қарата Дәулетияров.

Адвокаттар прокурорға шара қабылдауды сұрады

Сот барысында адвокаттар іс бойынша прокурорға көңілі толмай, судьядан оған қатысты жеке қаулы шығаруды өтінді. Сонымен қатар, QazaqGaz компаниясының аудиторлық тексерісі жөніндегі қорытынды құжатын іс материалдарына енгізуді сұраған. Алайда прокурор оған қарсы болды. Сөзжарыс барысында судья адвокаттардың талабын қолдап, аталған құжатты іс-материалдарына енгізу керектігін, оны өзі жеке зерттейтінін мәлім етті.

Бүгінгі сот түстен кейін 15.00-де жалғасады.

Еске салайық, Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен сотқа тартылған. 2021 жылдың соңында Боранбаев Қазақстандағы ең ықпалды бизнесмендер рейтингінде 5-ші және ең байлар тізімінде 14-ші орынды иеленген-тін. Оның таза байлығы 2021 жылдың мамырындағы жағдай бойынша (Forbes мәліметі) 590 миллион долларды құраған.

Қазақстанда Боранбаевтың бизнес жобаларына «Алекс-Сарыағаш» минералды су құю компаниясы, «Қазақстанның мұнай-химиялық компаниясы химиялық компаниясы» ЖШС, Алматыдағы ақылы автотұрақтарды басқаратын «RR2» ЖШС, Fitnation фитнес-клубтар желісі және «Рахат Палас» қонақ үйі, «Алмалы» ӘКК кіреді. Алматы қаласындағы SEC Esentai Mall және Esentai Tower-тің 50% акциялары да соған тиесілі.

Серіктес жаңалықтары