×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алып жатыр – адвокат

17.04.2023, 11:26
Тұңғышбай Жаманқұлов Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алып жатыр – адвокат
Коллаж: Ulysmedia.kz

Адвокат Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Тұңғышбай Жаманқұлов көпе-көрінеу жалған ақпарат таратып, менің қорғауымдағы Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен прокуратураға арызданып, соның негізінде заңсыз қылмыстық іс қозғалды”, – дейді экс-министрдің адвокаты.

Адвокат Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министрен кек алып жатыр деп есептейді. Алайда актердің өзі фигурант емес екенін айтады.

“Сотталушылардың бірі Жаманқұловты сотқа шақыруды сұрады. Біз одан жауап алынуына қарсы емеспіз. Бірақ ол өзі келмейді. Мәжбүрлеп те ешкім алып келе алмайды”, – деді қорғаушы. 

Төлеевтің сөзінше, Мұхамедиұлының кінәсін дәлелдейтін бірде-бір дәлел, дәйек жоқ. Сондықтан ол мұны нақақтан тағылған айып деп есептейтінін жеткізді.

“Кезінде Тұңғышбай Жаманқұловтың үстінен іс қозғалып, сотталды. Ол сол уақытта жауапқа тартылуына Арыстанбек Мұхамедиұлы себеп болды деп ойлаған. Сондықтан кек алу мақсатында оның үстінен арызданды”, – дейді адвокат.

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы сотқа онлайн қатысуда. Ауа райына байланысты оны сот залына жеткізу мүмкін болмағаны хабарланды.

Бұдан бұрын сотталушы Көшенов Тұңғышбай Жаманқұловты сотқа шақыруды сұраған.