×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

"Хаттамалардың көшірмесін берсін": Депутаттыққа экс-кандидаттар сотқа арызданды

18.04.2023, 14:44
"Хаттамалардың көшірмесін берсін": Депутаттыққа экс-кандидаттар сотқа арызданды

Бір мандатты округтер бойынша бұрынғы кандидаттар сайлаудың өрескел бұзушылықтармен өткеніне сенімді. Олар дауыс беру хаттамаларының көшірмелерін беруді талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Адвокат Мұрат Адам мен кәсіпкер Санжар Боқаев Алматының әкімшілік сотына талап арыз беріп, 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауының заңсыздығы туралы мәлімдеді. Олар өз құқықтарының қорғалуын талап етуде.

"2023 жылғы 19 наурыздағы дауыс беру қорытындысы хаттамаларының көшірмелерін алу құқығымызды қорғай отырып, сотқа жүгінуді жөн көрдік. Қазір біз Конституциялық сотқа үндеу дайындап жатырмыз. Біз еліміздің патриоттарымыз, сондықтан бұзылған саяси құқықтарымызды қорғаудың барлық заңды құралдары мен тәсілдерін қолданамыз!"- деді экс-кандидаттар.

Еске салайық, елімізде мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 19 наурызда өтті. Биылғы сайлауда ел тұрғындарының белсенділігі тарихтағы ең төмен көрсеткіштердің бірі болды.

Сайлау қорытындысын мына сілтеме бойынша оқуға болады.

Бұдан бұрын сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген "Халық парламенті" өкілдері Алматыда алаңға жиналып, митинг өткізген.

Көп ұзамай полиция митингке қатысқандарды ұстай бастады. 13 сәуірде  Алматыда сайлау қорытындысына қарсы митингке қатысқаны үшін белсенді Асылбек Қараев 15 тәулікке қамауға алынды.

Одан бұрын Алматыда тағы бір белсенді Әлнұр Ильяшев ұсталған болатын. 

Сондай-ақ, Мұхтар Тайжанның 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.

Ал Рысбек Сәрсенбайұлына митингке қатысқаны үшін 172 000 теңге айыппұл салынғаны хабарланды.