×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Бәрін Мәсімовке жаба салды»: Депутаттар ҰҚК экс-басшысына шыққан үкім жайлы не дейді

26.04.2023, 12:41
«Бәрін Мәсімовке жаба салды»: Депутаттар ҰҚК экс-басшысына шыққан үкім жайлы не дейді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Мәжіліс депутаттары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке шыққан үкім жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Журналистер бүгін мәжіліс кулуарында депутаттардан Кәрім Мәсімовке шыққан үкім жөнінде сұрақ қойған. «Жаза әділетті болды ма? Жалғыз Кәрім Мәсімов, орынбасарларымен кінәлі дегенге сенесіз бе?» деп сұрақ қойылды депутаттарға.

«Менің ойымша, сот үкімі заңды күшіне ене қойған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарынан прокурордың оған сұраған жазасы – 21 жыл деп айтылды. Мүмкін прокуратура тарапынан жазаны қатаңдату жөнінде наразылық берілер деген үміттемін», - дейді Абзал Құспан.

Ал депутат Ермұрат Бапи Қаңтар оқиғасын Мәсімовке шыққан үкіммен жапқан дұрыс емес деп есептейді.

«Қаңтарға байланысты Кәрім Мәсімовтың бірінші орынбасары Самат Әбіш неге жауапқа тартылмады? Осы сұрақтың астында барлық жауап тұр деп ойлаймын. Қаңтардың барлық кінәратын Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарына аударып, бұл жерде Самат Әбішті құтқарып қалды. Ол (Әбіш – авт.) бірінші орынбасар, оперативті қызметтің бәрін сол жүргізу керек болатын. Сондықтан, бұл жерде Кәрім Мәсімов орысша айтқанда «козёл отпущения» болып тұр», - дейді ол.

Әйтсе де, депутат Мәсімовтың да Қаңтар оқиғасына қатысы барын атап өтеді.

«Әрине, оның Қаңтарға қатысы бар. Ол өзінің тікелей басшысы – Қауіпсіздік кеңесі төрағасының тапсырмасын орындады. Ол Ескі Қазақстан билігінің ырқында жүрді. Сондықтан, ол әрине сотталуға әрі жауап беруге лайық. Бірақ бәрін Мәсімовке жауып тастап, қалған кінәлілерді құтқарып қалу – арнайы жасалған амал. Бірақ болашақта қаңтарға байланысты үлкен комиссия құрып, анық-қанығын анықтау керек. Қаңтар мәселесі ешқашан жабылып қалатын тақырып емес», - дейді Ермұрат Бапи.

Еске сала кетсек, осыдан екі күн бұрын Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Кәрім Мәсімовке, А.Садықұловқа, Д. Ерғожинге, М. Өсіповке (ҚР ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасарлары) қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланды. Сот істі "өте құпия" деген белгімен қарады. Мәсімовтың өзі 18 жылға сотталды. Оның бұрынғы орынбасарлары да әртүрлі жазаға кесілді.