Астанада экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын атышулы "ӨКМ Операторы" компаниясының ісі бойынша басты сот талқылауы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазіргі уақытта сотта "Clean City NC" ЖШС директоры Дуслан Ахметовтен жауап алынып жатыр. Ол кінәлі екенін, қылмысқа ықпал еткенін мойындады.
Адвокаттар Ахметовтен “Күдікті Коротенко күдіктілер арасында қылмыстық рөлдерді шынымен бөлді ме?” деп сұрады.
"Мен кінәлі екенімді, жеке кәсіпкерлік шот арқылы қолма-қол ақша алып, оны Темірбекке бергенімді мойындадым. Маған бұл ақша акционерлерге арналған деп айтылды. Мен өзімді серіктес деп есептемеймін", - деді Ахметов.
"Айыптаудың нұсқасы бойынша "Clean City NC" ЖШС – "ӨКМ Операторының" үлестес компаниясы. Компаниялар бір адамға не тиесілі екенін растайсыз ба? Меншік иесінің атын атай аласыз ба?"- деп сұрады адвокат.
"Мен ресми құжаттарды көрмедім. Меншік иесі Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаева екенін бейресми түрде ғана естідім", - деді Ахметов.
“Кейін сіз Назарбаеваға дивидендтер төледіңіз бе?”, – деп сұрақ қойды қорғаушы.
"Мен оған ресми түрде берген жоқпын", - деді Ахметов.
Ол ақша акционерлерге арналған деп түсінгенін қайталады.
Айыптау нұсқасы бойынша "Clean City NC" ЖШС директоры Дуслан Ахметовтің шоттарына "ӨКМ операторынан" 1 715 733 000 теңге көлемінде қаражат түскен, ол жыл бойы ақша ұрлаумен айналысқан.
Ал ұрланған қаражатты прокурордың айтуынша, Ахметов кейіннен "ӨКМ Операторының" бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбекке тапсырған. Жалпы, Ахметов бір жыл ішінде Темірбекке 476 миллион теңге берген, бұл – ұрланған жалпы соманың 93%-ға жуығы.
Бұған дейін Recycling Company ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Әзімжан Оспанов сотқа шақырыл болатын, ол да бастапқыда күдіктілер тізіміне енгізілген, бірақ кейін ол кінәсін мойындап, өкінетінін айтқаннан кейін іске куәгер ретінде қатысып жатыр.
Оспанов сотқа қаражатты ұрлау мақсатында жасалған "ӨКМ Операторы" мен Recycling Company жалған шарты туралы айтып берді. Оған 2018 жылы Оспанов директордың орынбасары қызметін атқарып, Александр Рябининге бағынышты болған кезде қол қойылды.
Еске салайық, қаңтар оқиғасынан кейін бұрынғы президенттің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланыстырылатын компания дау ошағына айналды.
"ӨКМ Операторы" бірнеше рет сынға ұшырады. Алдымен компанияның басқарушы директоры Руслан Шамшиевтің қайтыс болғаны, дәлірек айтсақ, өз-өзіне қол жұмсағаны туралы белгілі болды, содан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыстарына қатысты күдікпен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ Операторы" Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев қамауға алынды.
Кейінірек компанияның бұрынғы бас директоры Светлана Коротенко да тергеу изоляторына жіберілді.
6 сәуірде іс бойынша алдын-ала тыңдаулар өткен. Сол кезде адвокаттар 2015 жылы компанияны құру туралы шешім қабылдаған бірден-бір адам – экс-президенттің қызы екенін айтып, одан да жауап алуды сұраған.
Алайда 17 сәуірдегі отырыста судья қорғаушылардың өтініші қанағаттандырылмайтынын мәлім етті.
20 сәуірдегі отырыста Коротенконың қорғаушысы Украинаның Қазақстандағы консулын іске тартуды сұрады.
21 сәуірдегі отырыста айыпталушылардың жарты миллиард теңгені қалай ұрлағаны айтылды. Алайда олар өз кінәсін мойындамады.