«Самұрық-Қазына» Қазақстан экономикасының төрттен біріне иелік етеді. Құрамында жүздеген компаниясы, 255 мыңнан астам қызметкері бар холдингтің ауқымы ұлғайғанымен, тиімділігі мен басқару сапасына қатысты сұрақ азаймай отыр. Жемқорлыққа қатысты соңғы оқиғалардан кейін қордың болашағы, ұлттық компанияларды жекешелендіру мәселесі қайта күн тәртібіне шықты.
Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраева қаржыгер әрі кәсіпкер Арман Батаев және нарық сарапшысы, қаржыгер Бауыржан Мұқановпен «Самұрық-Қазынаның» бастапқы мақсатынан қалай ауытқығанын, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтудың жолдарын және ұлттық компанияларды жеке басқаруға берудің маңызын талқылады. Сарапшылар қорды түбегейлі реформалау, стратегиялық инвестор тарту, IPO мен SPO-ны тиімді пайдалану, корпоративтік басқаруды күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ олар жаңа басшыға қандай өкілеттік пен жауапкершілік жүктелуі керегін, Қазақстанда білікті кадр тапшылығының себебін және саяси ерік-жігердің неге шешуші рөл атқаратынын сөз етті.
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» БАСТАПҚЫ МАҚСАТЫНАН АУЫТҚЫДЫ
Соңғы резонансты оқиғадан кейін «Самұрық-Қазынаның» болашағы қызу талқыланып жатыр. Қорды тарату керек пе, әлде қайта құру қажет пе? Оның келесі басшысы кім болуы тиіс?
Арман мырза, сіз «Самұрық-Қазынаның» келесі басшысы оның соңғы басшысы болуы керек деген пікір айттыңыз. Неліктен?
Арман Батаев: «Самұрық-Қазынаның» келесі басшысы оның соңғы басшысы болуы керек деп санаймын. Себебі қордың құрылымын түбегейлі өзгерту қажет. Бастапқыда ол Сингапурдың Temasek қоры сияқты жұмыс істеуі керек еді. Яғни жекешелендіру, IPO, SPO немесе стратегиялық инвестор тарту арқылы компаниялардағы үлесін біртіндеп азайтып, дивиденд алып отыруы тиіс болатын.
Алайда уақыт өте келе қор компаниялардың күнделікті жұмысына араласып, еншілес ұйымдарын да басқара бастады. Мемлекет кейбір компаниялардағы үлесін азайтудың орнына, керісінше, көбейтті. Мәселен, биыл «Қазақтелекомдағы» үлесін 70 пайыздан 80 пайызға дейін арттырды. Kcell-дегі үлесін де тікелей 8 пайызға жеткізді. Ал «Қазақтелекомның» бұл компаниядағы үлесі 50 пайыздан асады. Мұның бәрі қордың бастапқы мақсатынан ауытқығанын көрсетеді. Президенттің 2024 жылғы 10 мамырдағы «Экономиканы ырықтандыру туралы» жарлығында бұл бағыттағы міндеттер нақты белгіленген. Бірақ сол мақсаттарға әлі жете алмай отырмыз.
Бауыржан Мұқанов: Керісінше, кері кетіп барамыз. Қазір «Самұрық-Қазынаның» үлесіне Қазақстан экономикасының 25 пайызы тиесілі. Холдинг құрамында шамамен 150 компания бар. Олардың қатарында Air Astana, ҚТЖ, «Қазатомөнеркәсіп» сияқты стратегиялық кәсіпорындар бар. Мұның бәрі тұтас бір «мемлекет ішіндегі мемлекетке» айналған. Қордың бас кеңсесінде 6500 адам, ал бүкіл жүйесінде 255 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Бұған қоса, холдингтің мемлекеттік сатып алуға арналған жеке жүйесі мен порталы бар.
Мысалы, былтыр Қазақстан бойынша 8 триллион теңгенің мемлекеттік сатып алуы жүргізілсе, «Самұрық-Қазынада» бұл көрсеткіш 7 триллион теңгеге жуық болған. Яғни мемлекеттік сатып алудың жартысына жуығы қордың үлесінде.

Қордың мемлекеттік сатып алуының басым бөлігі бір көзден алу тәсілімен өтеді емес пе?
Бауыржан Мұқанов: Иә. «Самұрық-Қазына» сатып алу жариялап, оны өз еншілес компаниясы ұтып алады. Кейін ол жұмысты басқа мердігерге береді. Сөйтіп, ақша бір компаниядан екіншісіне өтіп, әйтеуір игеріледі. Мен мұны демоэкономика деп атаймын.
«Самұрық-Қазына» бастапқы маңызын жоғалтты. Егер холдинг осындай операциялық жұмыстарға араласатын болса, оның қажеті қанша?
Бас кеңседегі 6500 адамның негізгі міндеті – еншілес компаниялардың шоғырландырылған есебін жинақтау. Ал жеке сектордағы ірі холдингтердің бас кеңсесінде бірнеше қаржыгер, заңгер және бір-екі директор ғана отырады. Мәселе қызметкерлер санында ғана емес, экономиканың тиімділігінде. Бизнестің нәтижесі салынған қаражат пен одан түскен пайдаға байланысты. Мұны активтер мен меншікті капиталдың рентабельділігі көрсетеді.
Мен «Самұрық-Қазынаның» бес-алты ірі компаниясының көрсеткіштерін, соның ішінде «ҚазМұнайГаз», Air Astana мен ҚТЖ-ны салыстырдым. Әуе компаниялары, мұнай және атом өнеркәсібі бойынша бізде қызметкерлер көп болғанымен, активтер мен табыс көлемі төмен. Таза пайдадан да шетелдік компаниялардан едәуір артта қалып отырмыз. Мысалы, Air Astana-да 7200 адам жұмыс істесе, Singapore Airlines-та 28 мың қызметкер бар. Бірақ соңғысының активтері 15 есе, пайдасы 7 есе көп. Яғни қызметкерлер саны арасындағы айырмашылыққа қарамастан, компаниялардың тиімділігі айтарлықтай өзгеше.
ҚТЖ-да «Самұрық-Қазына» жүйесіндегі 255 мың қызметкердің 110 мыңы еңбек етеді. Компанияның бас кеңсесінде тағы 6500 адам бар. Әр өңірдегі бөлімшелерде де басшылар мен олардың басшылары жұмыс істейді. Бұған холдингтің өз басшылығын қосыңыз. Нәтижесінде бюрократия ұлғайып, тұтас демоэкономика қалыптасады.
ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ НЕГЕ ТЕЖЕЛІП ОТЫР?
Кейбір басшылар ел мүддесінен гөрі жеке басының қамын ойлап, президенттің экономиканы ырықтандыру саясатына кедергі келтіріп отырғандай әсер қалдырады. Мәселен, «Самұрық-Қазына» басшылығына тағайындалған кадрларға қатысты сұрақ көп. Жақыповтың өзі бұл жүйеге қайдан келді?
Арман Батаев: Білуімше, оған дейін үкіметке қарасты Kazakhstan Investment Development Fund қорында, одан бұрын Қазақстандағы Rothschild кеңсесінде жұмыс істеген.
Негізгі мәселе – жекешелендіру мен экономиканы ырықтандыру жұмыстары жүргізілмесе, мұндай жағдай қайталана береді. Мысалы, «ҚазМұнайГаздың» құрамында ондаған еншілес компания, ал олардың қарамағында тағы ондаған, тіпті жүздеген кәсіпорын бар.
«Сары парақтар қағидаты» (Yellow Pages Rule) деген бар. Оның мәні – нарықта белгілі бір қызметті жеке компаниялар көрсете алса, оны мемлекет атқармауы керек. Ондай қызметтерді нарыққа беру қажет. Мысалы, «ҚазМұнайГазда» мұнайшылардан гөрі жүргізушілер көп екен. Компания құрамында көлік-логистика, тамақтандыру қызметімен айналысатын кәсіпорындар бар. Түркияда, Көкшетауда демалыс орындары да болған. Мұндай қызметтерді нарықтағы компаниялар оңай атқара алады. Сондықтан жеке сектордың қолынан келетін қызметтерді мемлекеттік компаниялардың құрамынан шығарып, нарыққа беру керек. Сонда ғана шынайы бәсеке қалыптасады.
Яғни шығынды азайтып, жұмысты тиімді ұйымдастыру қажет қой?
Арман Батаев: Иә. Мысалы, Air Astana акцияларының 50 пайызы нарыққа шығарылды. Осындай қадамдарды басқа компанияларға да қолдануға болады. Логистика кәсіпорындары стратегиялық нысандарға жатпайды. Оларды «Қазатомөнеркәсіп» сияқты стратегиялық маңызы бар компаниялармен теңестіруге болмайды. Мұндай кәсіпорындарды жекешелендіріп, кейін IPO-ға шығаруға болады.

Бауыржан Мұқанов: «Қазатомөнеркәсіптің» стратегиялық маңызы түсінікті. Бірақ «Тау-Кен Самұрықтың» нарықта бәсекелестері бар. Соған қарамастан, компания табысын жалақыға, бонусқа және негізгі қызметіне қатысы жоқ шығындарға жұмсап, штатын шамадан тыс көбейткен.
«Самұрық-Қазынаны» түгел таратпай-ақ, ықшамдап, тиімді холдинг ретінде қалдыруға болады. 255 мың емес, 100 мың адам жұмыс істесе де, бұл өте көп. Артық 155 мың адам қайдан шыққан? Мұның артында күрделі конспирология жоқ. Қарапайым пендешілік жатыр: біреуге жұмыс тауып беру керек. Топ-менеджердің немересі немесе жиені мектеп бітіргенде-ақ оның Лондонға оқуға барып, кейін елге оралатыны белгілі болады. Содан соң «Самұрық-Қазынаға» келіп, әуелі департамент директорының кеңесшісі, кейін директор болады. Жеке көлігі мен кабинеті бар. Олардың бәрін біліксіз деуге болмайды. Бірақ артық әрі мағынасыз жұмыс істеп жүрген кейбірі нағыз нарықта еңбек етсе, елге де, өзіне де көбірек пайдасын тигізер еді.
Бізде білікті мамандар бар, бірақ оларды іріктеу жүйесі жоқ. 2000 жылдардан кейін қалыптасқан топ-менеджмент мектебі де жоқ. Министрлікке лайықты келесі буын басшыларын атау қиын. Бұл – үлкен дағдарыс.
ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАРДЫ IPO-ҒА ШЫҒАРУ ЖЕТКІЛІКТІ МЕ?
Арман Батаев: Жүйе өзгермесе, «Самұрық-Қазына» басшылығына кім келсе де, жағдай сол күйінде қалады. Жаңа басшы келіп, осының бәрін жекешелендіремін десе, оны шынымен жүзеге асыруы керек. Қазір KEGOC, «ҚазТрансОйл», «ҚазМұнайГаз» сияқты компаниялардың акциялары ішкі нарықта ғана орналастырылды. Оларда корпоративтік басқару жүйесі мен қаржылық есептілік бар. Яғни шетелдік қор нарықтарына шығуға дайын. Оларды шетелдік биржаларға шығарсақ, сол нарықтардың талаптарына сай тәуелсіз директорлар келеді. Бұл корпоративтік басқару сапасын да арттырады.
Сонымен қатар free-float, яғни акциялардың еркін айналымдағы үлесі көбейеді. Мұндай жағдайда «Самұрық-Қазына» акцияларды сатып алуға емес, керісінше, нарыққа көбірек шығаруға мүдделі болады.
Қазір халықтан үнемдеуді талап етіп, әлеуметтік төлемдерді қысқартып жатырмыз. Ал Астананың қақ төрінде шабадан-шабадан ақша шашылып, ұлттық компания басшылары ұсталып жатады. Мұндай жағдайда Үкіметтің халықтан үнемдеуді талап етуі қаншалықты орынды? Меніңше, енді бәрі ұялуы керек. Бұл жүйенің көзін жою қажет.
Ол үшін дайын компанияларды IPO мен SPO арқылы шетелдік нарықтарға шығару керек. Шетелдік нарыққа әзірге дайын емес компанияларды ішкі нарыққа ұсынып, қалғандарын стратегиялық инвесторларға беру қажет.
Мысалы, ҚТЖ-ның жалпы қарызы үш триллион теңгеге жуық. Қысқа мерзімді міндеттемелері активтерінен шамамен 200 миллиард теңгеге артық. Мұндай жағдайда компанияға сырттан инвестиция қажет. Ол үшін IPO өткізу немесе стратегиялық инвестор тарту арқылы жекешелендіру керек. Жеке инвестор компания үлесін иеленіп, директорлар кеңесіне кірсе, шығынды азайтып, тиімді басқаруға мүдделі болады. Бұл тәсілді логистика сияқты жеке сектор атқара алатын салаларға да қолдану қажет.
Қазақстанда дәулетті адамдар мен кәсіпкерлер көп. Олар осындай компанияларға инвестор болып келе ала ма? Шектеулер жоқ па?
Бауыржан Мұқанов: Моральдық және саяси сипаттағы шектеулер бар. Штаттың шамадан тыс ұлғаюы мен бизнестің шығынға батуы – мемлекеттік басқарудың салдары. Сондықтан мұндай компанияларды жекешелендіру қажет. Мысалы, Air Astana акциялары IPO кезінде 1071 теңгеден сатылды. Қазір бағасы 700 теңгеге де жетпеуі мүмкін. Демек, инвесторлардың қаржысы құнсызданды.
Біз IPO, «жасыл экономика», тұрақты даму туралы көп айтамыз. Бірақ алдымен экономиканың іргетасын қалау керек. Негізгі реформалар жүзеге аспайынша, квазимемлекеттік компанияны Лондон биржасына шығарудан пайда жоқ. Инвестор жарнамаға емес, компанияның нақты жұмысына қарайды. ҚТЖ-ның IPO-сы кейінге қалдырылуы да соның бір көрінісі.

Арман Батаев: Меніңше, Air Astana – жекешелендіру тұрғысынан дұрыс бағытта жұмыс істеген компания. Акцияларының 50 пайызы нарыққа шығарылды. Әрине, компания қателік те жіберді. Мысалы, Pratt & Whitney қозғалтқыштарын сатып алды. Қазір ұшақтарының көбі жөндеу жұмыстарына байланысты жұмыссыз тұр. Бірақ жалпы алғанда, Air Astana өз міндетін дұрыс атқарып келеді.
Бауыржан Мұқанов: Квазимемлекеттік компанияларды бірден IPO-ға шығару өте қауіпті, тәуекелі жоғары қадам. Сәтті мысалдар бар: KEGOC-тың IPO-сы жақсы өтті, «Қазатомөнеркәсіп» акциялары қымбаттады, «ҚазМұнайГаз» акционерлерінің қаржысы төрт есе өсті. Бірақ басқа компанияларды IPO-ға шығармас бұрын, алдымен стратегиялық инвесторға берген дұрыс. Нақты инвестор келіп, басқаруды қолға алып, компанияның жұмысын ретке келтірсін. Содан кейін ғана IPO мәселесін қарастыру қажет.
Стратегиялық инвестор Қытайдан, Ресейден, Батыс Еуропадан немесе Қазақстанның өзінен келуі мүмкін. Егер ол компанияны тиімді басқарып, салығын төлеп отырса, кейін IPO-ға шығару қажеттілігі де болмауы ықтимал.

Арман Батаев: Air Astana-ның өзі де осындай жолдан өтті. Кезінде BAE Systems компанияның 49 пайыз үлесіне иелік етті. Бастапқыда мемлекет небәрі 17 миллион доллар қаржы салған. Ал стратегиялық инвестордың қатысуымен 15 жылдың ішінде компанияның құны бір миллиард долларға дейін өсті. Бұл – өте сәтті тәжірибе. Басқа компанияларға да осындай тәсілді қолдану керек. IPO мен SPO мәселесін содан кейін қарастырған жөн.
«САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНАҒА» ҚАНДАЙ БАСШЫ КЕРЕК?
Мұндай өзгерістерді жүзеге асыру үшін саяси ерік-жігері бар, беделді адам керек. Ондай үміткер бар ма?
Арман Батаев: Мемлекеттік қызметте де, бизнесте де тәжірибесі бар адам болуы керек. Мен Қанат Шарлапаевты атадым. Ол ұзақ жылдар бойы бизнесте, соның ішінде Citibank-та жұмыс істеді. Өткен аптада Вашингтонда өткен B20 жиынына делегация құрамында қатыстым. Делегацияны Қанат Шарлапаев басқарды. Оның келіссөз жүргізу мәнерін, адамдармен қалай сөйлесетінін өз көзіммен көрдім. Шынымен де, кәсіби инвестициялық банкир екені байқалады.
Бауыржан Мұқанов: Бұл салаға түбегейлі реформа қажет. Оны жүзеге асыратын адам батыл болуы керек. «Экономиканың қазіргі жағдайында мұны қоя тұрайық» деп отыруға болмайды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларда қызмет еткен адамдарды қарастырудың қажеті жоқ. Олар басшылыққа келсе, «қызметкерлер санын 255 мыңнан 245 мыңға дейін қысқартамын» деген сияқты ұсыныстармен шектелуі мүмкін. Ал бізге ауқымды өзгеріс қажет.
ЖЕМҚОРЛЫҚ ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚАЗАҚСТАНҒА СЕНІМІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
ҰҚК жүргізген операция инвесторлардың Қазақстандағы ірі компанияларға және жалпы инвестициялық ахуалға деген сеніміне қалай әсер етуі мүмкін?
Арман Батаев: Мұндай жағдайды шетелдік серіктестеріміз бен инвесторлар оңай ұмыта қоймайды. Біз өз ішімізде ұмытсақ та, олар ұмытпайды.
Бұған дейін Қазақстанның халықаралық рейтингтегі бағасы бір деңгейде болғанымен, шетелде бізге деген сенім жоғары еді. Соның арқасында панда-бондтарды 2,17 пайыздық мөлшерлемемен шығара алдық. Яғни дамыған елдерге тән шарттармен өте арзан қарыз алуға мүмкіндік болды. Бұл – еліміздің халықаралық беделі мен оған деген сенімнің нәтижесі.
Ал қазір сол сенімге нұқсан келуі мүмкін. Мұның салдары ауыр болады. Мемлекет ретінде ондаған, тіпті жүздеген миллион доллар шығынға ұшырауымыз ықтимал.
Мұны «Самұрық-Қазынаның» келесі жолы нарыққа шығып, бұрынғыдай 2,18 пайызбен қарыз ала алу-алмауынан көреміз. Егер енді 4, 5 немесе 6 пайызбен алуға мәжбүр болса, қосымша шығынның көлемін есептей беріңіз. Қарыз мөлшерлемесінің бір пайыздық тармаққа өсуі мемлекеттің қарыз алу құнын арттырады.

Бауыржан Мұқанов: Мен мұны аса үлкен трагедия деп ойламаймын. Мысалы, ҚТЖ-ның қарызы активтерінен асып кеткен. Ол қарыз ала берген. Бұл бір шок терапиясы болуы керек. Қолда бар қаражатқа қарай өмір сүру қажет. Қарыз алмай, өз қаражатыңмен жұмыс істеуге мәжбүр болу шығынды қысқартуға итермелейді.
Арман Батаев: Қазір облигациялар көбіне жаңа жобаларды қаржыландыру үшін емес, бұрын алынған қымбат қарыздарды арзанырақ қарызбен алмастыру үшін шығарылады. Егер ескі қарыздарды жаңа, арзан қарызбен алмастыра алмасаңыз, ел үлкен дағдарысқа ұшырауы мүмкін.
Бауыржан Мұқанов: Мұны өзін тежей алмай, бөліп төлеуге телефон ала беретін адаммен салыстыруға болады. Сол үшін «стоп-кредит» деген тетік бар. Адамға біреу «енді саған қарыз берілмейді» деп шектеу қоймаса, ол қарыз ала береді.
Сол сияқты «Самұрық-Қазына» еурооблигация немесе панда-бонд шығара алмай қалса, бұл экономикаға үлкен зиян келтіреді деп ойламаймын. Қор үш-төрт жыл бойы қаражат жетпей, шығынды қысқартуға мәжбүр болатын шок терапиясынан өтуі керек. Мысалы, штаттың 50 пайызын, тіпті 70 пайызын қысқарту қажет болса, соған да бару керек шығар.
Екінші жағынан, шетелдік тікелей инвестиция бар. Бұл – қарыз емес, нақты жобаға салынатын қаражат. Шетелдік инвесторлар Қазақстанда жемқорлық бар екенін онсыз да біледі. Ұзақ мерзімді жобаның бюджетін жоспарлағанда осы тәуекелді де есепке алады. Ал қор нарығынан алынған қарыздың қайда жұмсалатыны әрдайым анық бола бермейді. Сондықтан қарызға бата бермей, шығынды қысқартып, артық жобалардан бас тарту керек. «Самұрық-Қазынада» әлеуметтік сипаттағы жобалар да көп: турнирлер ұйымдастырады, фитнеске барады, бонус пен сыйақы алады.

110 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРЛЫҚ АКТИВ: МЕМЛЕКЕТ НЕНІ САҚТАП, НЕНІ САТУЫ КЕРЕК?
Самұрық-Қазына» активтерін жекешелендіру қалай жүзеге асуы тиіс? Мемлекет нені сақтап, нені сатуы керек?
Арман Батаев: «Самұрық-Қазына» активтерінің жалпы құны – 110 миллиард доллар. Мемлекеттің үлесін 51 пайызбен шектеу керек. Kaspi, Halyk Bank сияқты компаниялардың тәжірибесі жеке басқарудың тиімділігін көрсетіп отыр. Ұлттық компаниялар да осындай жолдан өтсе, шетелден қарыз алуға, тіпті әлеуметтік төлемдерді қысқартуға қажеттілік азаяр еді.
Жекешелендірудің бірнеше тетігі бар.
Біріншісі – ірі ұлттық компанияларды IPO және SPO арқылы қор нарығына шығару.
Екіншісі – «Халықтық IPO» бағдарламасын жалғастыру. Оның аясында «ҚазТрансОйл» мен KEGOC акциялары халыққа ұсынылып, корпоративтік басқаруды жақсартуға қадам жасалды.
Үшіншісі – стратегиялық инвесторлар тарту. Мысалы, Franklin Templeton компаниясы Өзбекстандағы 13 мемлекеттік компанияны Лондон қор нарығына шығарған. Қазақстандағы ұлттық компанияларға да инвестиция тартуға дайын. «Тау-Кен Самұрық» пен ҚТЖ-ны да осы жолмен нарыққа шығаруға болады.
Төртіншісі – токенизация. Бұл мемлекеттік компаниялардың үлесін әлемдегі инвесторларға сатуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, концессия, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік және электронды аукциондар арқылы да жекешелендіруге болады. Мемлекет компаниялардың күнделікті жұмысына араласпай, салық, тариф және заң арқылы реттеуші рөл атқаруы керек. Сонда компаниялардың тиімділігі артып, жемқорлық тәуекелі азаяды.

Бауыржан Мұқанов: Шешімдер бар. Бірақ саяси ерік керек. Президент жекешелендіру керек деп тапсырды делік. Бірақ оның орындалуын ешкім сұрамайды, қадағаламайды.
Арман Батаев: Жаңа келген басшыға ең алдымен нақты мақсат пен негізгі тиімділік көрсеткіштерін (KPI) белгілеу керек. Ең басты KPI – қанша компанияны жекешелендіруге шығарды? Негізгі өлшем осы болуы тиіс. Басшылыққа келетін адамның жекешелендіру саласында білімі мен тәжірибесі болса, нәтиже де болады деп ойлаймын.
КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ МА, ӘЛДЕ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚОРҚУ МА?
Басшыларды іріктегенде кәсіби білімі мен тәжірибесінен бөлек, адамгершілігі мен адалдығын қалай бағалауға болады?
Бауыржан Мұқанов: Біз қазір кадр тапшылығы, мамандардың жетіспеуі туралы айтып жүрміз. Соңғы 10-15 жылда жоғары деңгейде танылған үш-төрт маман ғана шыққан шығар. Соның бірі – Қанат Шарлапаев.

Бірақ Шарлапаев шетелден келген адам, Қазақстанда қалыптасқан маман емес қой.
Бауыржан Мұқанов: Тіпті солай болғанның өзінде. Мысалы, Бектұровты алайық. Біз оларды нақты экономикада емес, мемлекеттік басқару жүйесінде көрдік. Ал мемлекеттік менеджмент дегеніміз – саяси тәуекелге бармай басқару. Компания қарызға батып жатыр ма, шығынға жұмыс істей ме, оған қарамайсың. Ең бастысы – саяси тәуекелге ұрынбау. Мысалы, «Таза Қазақстан» бастамасы кезінде мекемеңнің атынан 20 мың ағаш отырғыздық деп есеп берсеңіз, болды. Компанияның қарызы мен тиімсіз жұмысы екінші кезекке ысырылады.
Ресми рейтингтерге қарасақ, Қазақстанның адами әлеуеті жоғары. Білім беру деңгейіміз де жаман емес. Бірақ адам капиталы төмен. Яғни әлеуетіміз бар, алайда оны толыққанды капиталға айналдыра алмай отырмыз.
Бізге басқаша ойлайтын, батылдық танытып, жауапкершілікті өз мойнына алатын адам керек. Бірақ ондай адамдар қорқады. Сондықтан президенттің өзі тағайындалған адамға: «Сенің қолыңда карт-бланш бар. Ең бастысы, Қылмыстық кодексті бұзба. Қалғанын өзім бақылап отырамын. Сату керек пе, сатып жібер. Соның салдарынан 100-200 миллион доллар арзанға кетіп қалса да, сол үшін Антикор сені қудаламайды» деген сияқты кепілдік беруі керек деп ойлаймын.

Президент жауапкершілік алу керегін үнемі айтады ғой...
Бауыржан Мұқанов: Мұны адамды тағайындағаннан кейін айту керек. Саяси топтардың бәріне бірдей жағынуға тырыспай, өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік беру қажет. Мысалы, кейбір басшылар неге тікелей президентке бағынады? Өйткені олар белгілі бір топтардың ықпалына түспеуі керек. Сол сияқты қазір «Самұрық-Қазынаны» да премьер-министрдің бақылауынан шығарып, тікелей президентке бағынатын құрылымға айналдыру керек деп ойлаймын.
Бізде білім де, қаржы нарығын түсінетін мамандар да, сараптама жасау мүмкіндігі де бар. Жетіспейтіні – саяси ерік пен либералдық көзқарас.
«БІЗГЕ ОРЫНДАУШЫЛАР ЕМЕС, ИДЕЯЛАС АДАМДАР КЕРЕК»
«Ескі Қазақстан» кезінде билік те, экономика да Назарбаевтың отбасына жақын адамдардың қолында болды дейміз. Меніңше, біз сол кезеңнің қателігін қайталамауымыз керек. Жоғары лауазымға тағайындалатын адамның артында қандай мүдделі топтардың тұрғанын қалай анықтауға болады?
Бауыржан Мұқанов: Назарбаевтың кезінде оның белгілі бір өкілдері болды. Онымен тек туыстық байланысы бар адамдар емес, көзқарасы ортақ адамдар да жұмыс істеді. Бізге де осындай идеялас адамдар керек. Тоқаевпен идеясы ортақ адамдарды көп көріп отырған жоқпын. Оған белгілі бір есеппен жағынуға тырысатындар көп. Бірақ президенттің командасында өз үлесін қосатын адамдар болуы керек.
Қазір келіп жатқан топ-менеджменттің басым бөлігі Тоқаевтың идеясы үшін жұмыс істейтін, меритократия қағидаты бойынша іріктелген адамдар емес. «Жақыпов кімнің адамы?» деген сұрақтың қойылуының өзі мемлекетіміздің деңгейін көрсетеді. Қазақстандағы нөмірі бірінші квазимемлекеттік ұйымның басшысы туралы «Ол кімнің адамы?» деп сұрап отырмыз. Бұл – deep state-тің көрінісі.
Сондықтан екі мәселе бар. Біріншіден, deep state-ке түсіп кетпеуіміз керек. Екіншіден, Тоқаев орындаушыларды емес, идеялас адамдарды іздеуі керек. Идеялас адам дегеніңіз – сіздің ойыңызды міндетті түрде өзгертіп жібереді деген сөз емес. Мәселе – ақылдасып, алқалы түрде шешім қабылдауда. Шешім қабылданғанға дейін ортада идеялас адамдар болуы қажет. Ал шешім бекітілгеннен кейін оған ешкімнің лоббистік мүддесі араласпауы керек.

Арман Батаев: Кім келсе де, ең бастысы, еліне, халқына, жеріне адал, тек солардың мүддесін ойлайтын адам болуы керек. «Мынаның адамы», «ананың адамы» деген әңгіме болмауы тиіс. Ол өз мойнына жауапкершілік алып, мұның келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпауы керек.
Ұлттық қорға келетін жаңа басшының ең үлкен жетістігі – шынымен де «Самұрық-Қазынаның» соңғы басшысы болуы. Өзінен кейін үлкен әрі игі істерге негіз қалап кетсе деймін. Жолдың бәрі белгілі, бәрі жазулы тұр. Енді «Барлығын жекешелендіремін, халқыма, еліме, жеріме, ұлтыма пайдамды тигіземін» дейтін адам келсе екен.

Бауыржан Мұқанов: Былтыр күзге дейін Қазақстанда әлеуметтік бағдарланған саясат өте қарқынды жүрді. Нарықта «Социалистік Қазақстанға айналып бара жатырмыз» деп шуладық. Субсидия мен әлеуметтік көмекті пысықайлар пайдаланып, ал шын мұқтаж адамдар көмектен қағылып қалатын жағдайлар болды.
Тоқаев тапсырма бергеннен кейін Үкімет бес бағыттан тұратын саясатты жариялады. Сөйтіп, елдің экономикалық бағдары 180 градусқа өзгерді. Қазір әлеуметтік шығындарды қысқарту, бюджетті үнемдеу, экономикалық дамуға басымдық беру жұмысы жүріп жатыр. Бірақ әлеуметтік бағдарланған саясатты қолдаған басшылардың ешқайсысы ұстанымын ашық білдіріп, қызметтен кеткен жоқ. Бұл Тоқаевтың айналасында ортақ идея мен ұстанымға бірігетін команда жоқ екенін көрсетеді.
Назарбаевтың кезінде «қолмен басқару» болды. Адамдардың ниетіне, моральдық ұстанымдарына сүйеніп басқаруға тырысты. Бірақ «ұрламау керек», «мемлекетке жанашыр болу керек», «патриот болу керек» деген қағидаларды басқару құралына айналдыруға болмайды. Олардың нақты KPI-ы жоқ. Адамдардың ниетіне сүйеніп басқару – дамып, қалыптасып үлгермеген елдің белгісі.
Тоқаевтың президент болмай тұрып BBC-ге берген сұхбатындағы ең маңызды ұстанымдарының бірі – rule of law, яғни заң үстемдігі. Егер ол Қазақстанда осы қағиданы шын мәнінде орнықтыра алса, бұл Назарбаевтың шекараны бекітіп, Астананы салумен қатар тұратын тарихи мұрасы болар еді.

ТӘУЕЛСІЗ ДИРЕКТОРЛАР МЕН КОРПОРАТИВТІК БАСҚАРУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Компанияларды жекешелендіру корпоративтік басқаруды қалай оңтайландырады және миноритарлық акционерлердің құқығын қорғауға қандай мүмкіндік береді?
Арман Батаев: Экономиканы ырықтандыру туралы жарлықта корпоративтік басқару мәселесі нақты жазылған.
Корпоративтік басқару дегеніміз не? Егер компания жекешелендірілсе, онда миноритарлық акционерлер пайда болады. Мен өзім де QAMS құрылтайшыларының бірімін. Жекешелендіру болған жағдайда миноритарлық акционерлер тәуелсіз директорды сайлай алады. Мысалы, «ҚазТрансОйл» жекешелендіруге шыққаннан кейін біз өз құқығымызды пайдаланып, талап қоя бастадық. Ал компания жекешелендірілмесе, өз талабыңды қалай жеткізесің? Тек подкастта немесе асүйде отырып алып, «мынау дұрыс емес, анау дұрыс емес» деп айтудан әрі аспайсың.
Компаниялар жекешелендірілсе, қаржылық есептері жарияланады. Сонда нақты цифрларға сүйеніп, «Қазақтелекомда» немесе Kcell-де қандай өзгерістер болғанын айтып, корпоративтік басқару жүйесін жақсартуды талап ете аламыз.
Қазір бізде тәуелсіз директор деген ұғымның өзі күмән тудырады. «Тәуелсіз директор болу үшін кімге тәуелді болу керек?» деген сөз бар. Бұлай болмауы керек. Әлемдік тәжірибеде бұл мәселенің жолы әлдеқашан көрсетілген. Миноритарлық акционерлер тәуелсіз директорларды сайлауы керек. Сонда ғана халықтың мүддесі солар арқылы қорғалады. Компанияны белгілі бір адамның идеясын қолдайтындар емес, акционерлердің мүддесін қорғайтын адамдар басқаруы керек.
Подкасттың толық нұсқасын Ulysmedia YouTube-арнасынан көріңіздер.