×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

Райымқұлованың жауабы, Дәуешовке сөгіс пен адвокатқа ескерту: Мұхамедиұлының кезекті соты қалай өтті

22.05.2023, 18:29
Фото: Ulysmedia.kz

Бүгін экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша сот процесі жалғасты. Бұдан бұрын сотқа онлайн режимде қатысқан тағы бір экс-министр – куәгер Ақтоты Райымқұлова сот залына келіп, бірнеше сағат адвокаттармен «айтысуына» тура келді. Сот отырысы кейде дауға ұласып, қорғаушылардың бірі «сот жұмысының тәртібін қамтамасыз етпей отырсыз» деп тіпті судьяға шүйлікті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Жауапкершілік Арыстанбек Мұхамедиұлында болған»

Сотта Ақтоты Райымқұлова «Алтын адам» көрмесін өткізуде Үндістан мүлде жоспарда болмағанын мәлім етті. Райымқұлова «Үндістанға сапар Ұлттық музейдің өз бастамасымен ұйымдастырылғанын» айтты.

«Біз бұл туралы тек факт бойынша білдік. Бәрі Үндістанда жетіп қойған кезде», - деді ол.

Сот барысында Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Айгерім Әнуарбек Ақтоты Райымқұлованың сотта берген жауабы тергеу кезіндегі жауаптарымен қайшы екенін мәлімдеді. Адвокаттың айтуынша, жоспарлы тізімде Үндістан болған.

Ақтоты Райымқұлова дегенмен адвокаттың бұл сөзімен келіспей, көрмені Арыстанбек Мұхамедиұлының жеке өзі басқарғанын, ол жобаны жүзеге асыру үшін орындаушылар тікелей кіргенін айтты.

«Тергеу кезінде де айттым. Ол (Арыстанбек Мұхамедиұлы) мені шақырып, дәл осы жоба бойынша сәйкессіздік немесе басқа да мәселелер бойынша ұрысқан кездері бар. Сол кезде мен ол жобаның қалай іске асып жатқанын хабарсыз екенін айттым. Мұхамедиұлына осы сұрақтар бойынша кірген кезде көмекшілеріне «мені де шақырыңдар» деп өтіндім. Мені шақырмады. Сол себепті маған белгісіз мәселелер бойынша кінә таға бастаған кезде ол мені «жақсы, жүре бер» деп қоя беретін. Сенсіз шешеміз деп, өзі айналысатын», - дейді Ақтоты Райымқұлова.

Экс-министр Райымқұлова кез келген жоба басталған кезде оған жауапты ведомстволық ұйым болатынын, дәл осы негізде Ұлттық музей «Алтын адам» көрмесіне жауапты болғанын мәлімдеді.

«Мұхамедиұлы директор болғандықтан, кез келген іс-шараның жарғысында жауапкершілік ең алдымен ұйым директорының мойнында болады. Сол себепті Ұлттық музей сол жобаны жүргізгендіктен, жауапкершілік директорда деп айта аламыз», - деді ол.

Соттағы текетірес

Адвокат Айгерім Әнуарбек куәгер Ақтоты Райымқұловаға «Жоба бойынша дәл Арыстанбек Мұхамедиұлы жауапты екенін бекіте алатындай сіз қандай да бір құжат немесе нормативті құқықтық акт көрдіңіз бе?» деп бірнеше рет сұрақ қойды. Алайда қанағаттанарлық жауап ала алмағанын айтты.

«Сіз менің сұрағыма жауап бермейсіз!» - деді Айгерім Әнуарбек.

Сот барысында Ақтоты Райымқұлова адвокат Айгерім Әнуарбек тарапынан дауыс көтермеуді өтінді. Мемлекет басшысының жарлығымен Арыстанбек Мұхамедиұлы Ұлттық музей басшысы болып тағайындалғанын, ал Ұлттық музей «Алтын адам» көрмесін шетелде өткізуге жауапты болғанын айтты. «Бұл жобаның жүзеге асуына немесе аспауына ол толық жауапты» деп кесіп айтты Райымқұлова.

Адвокат Әнуарбек Райымқұловаға осыдан кейін де бірнеше сұрақ қойды. Алайда жауабына қанағаттанбаса керек, соттан куәгерге ескерту жасауды сұрады. Осы кезде прокурор, жәбірленуші тарап, тіпті соттың өзі адвокат Әнуарбекке дауыс көтеріп сөйлемеуді өтінген. Алайда адвокат өзі солай сөйлейтінін, мұндай ескерту Конституцияға қайшы екенін мәлімдеді. Сот адвокатқа ескерту жасады. Әнуарбек ескертумен келіспейтінін, мұны өзіне жасалған қысым деп есептейтінін, өзіне қатысты дискриминация жүріп жатқанын мәлімдеді.

«Мен бір сұрақты алтыншы рет қойып тұрмын. Куәгер жауаптан жалтарып тұр. Оған аз десеңіз, прокурор куәгердің орнына жауап берді. Ал куәгер оны қайталайды. Құрметті сот, мен осы жайтты сот хаттамасына енгізуді өтінемін», - деді ол.

«Ұлттық музей есебіне бюджет қаражатының түсу үшін Мәдениет және спорт министрлігі келісім беруі керек пе?» деген сұраққа Ақтоты Райымқұлова «бюджеттің кез келген қаражаты Мәдениет және спорт министрлігімен мақұлданатынын» айтты.

«Дәуешовке сөгіс жарияладым»

Арыстанбек Мұхамедиұлының тағы бір адвокаты Мұстақым Төлеев те куәгерге сұрақ қойды. Сот процесінде Ақтоты Райымқұлова Үндістанда көрме өткізуге өзі рұқсат бермегенін, бұл кезде бюллетень алып, емделгенін атап өтті.

«Мен жұмысқа шыққаннан кейін вице-министр Дәуешов қалыптасқан жағдай бойынша маған баяндама жасады. Көрме экземплярларының бәрі де елге қайтып қойғанын айтты. Мен осы жайттың мән-жайын анықтауды тапсырдым. Ол баяндама жасап, мемлекеттік көрмелік құндылықтардың бәрі де елге қайтарылғанын айтты. Мен Дәуешовке ауызша сөгіс жарияладым. Елде 2020 жылдың 15 наурызынан бастап локдаун енгізілді. Іс-шаралардың бәрі де адам жанын аман алып қалуға бағытталды. Сол себепті ол кезде ешқандай шешім қабылданған жоқ. Кейін Ұлттық музейге ешқандай сұрақ жоқтығы турасында министрліктің қаржылық блогынан хабар жеткізілді», - деді ол.

«Мұхамедиұлының бюджет қаражатын жымқырғаны жөнінде сізде дәлел бар ма?» Мұхамедиұлының адвокаты Мұстақым Төлеев Ақтоты Райымқұловаға осындай сұрақ қойды. Ақтоты Райымқұлова бұл сұрақтың өзіне қойылуы "дұрыс емес" екенін атап өтті.

«Менде ондай мәлімет жоқ. Ол мәліметтерді анықтау басқа инстанциялардың міндеті. Бірақ қандай да бір жоспарлар мен іс-шаралардың жүзеге асырылуына заңды тұлға басшылығы жауапты. Ал қалғанын сот шешеді», – деді Райымқұлова.

Бұдан бұрынғы сот отырысында Райымқұлова Үндістанда көрмені өткізуге рұқсат бермегенін мәлімдеп, жағдайдың қалай болғанын егжей-тегжейлі айтып берген еді.

Ақтоты Райымқұлова түстен кейін де жауап берді. Адвокат Әнуарбек қойған сұрақтарына жауап ала алмағанын мәлім етті. Ал сот Райымқұлованың жауабына қанағаттанатынын айтып, сұрақ қоюды талап еткен. Алайда Әнуарбек өз өтініштері орындалмай отырғанын, судьяның сот жұмысының тәртібін қамтамасыз ете алмай отырғанын айтты.

«Куәгер нақты жауап бермейді немесе үнсіз қалады. Мен тотықұс секілді сұрақты бірнеше рет қайталауға мәжбүрмін. Соттың қатысушыларға құрметсіздік көрсетуін мен сот материалдарына өтініш ретінде қосуды сұраймын. Біріншіден, қорғаушы тараптың сөзін шексіз бөлініп жатыр. Екіншіден, қорғаушы тарапқа негізсіз ескерту жасалды. Үшіншіден, сот жұмысының тәртібі қамтамасыз етілмеді. Сот тарапынан сот тәртібін бұзып, сөзді бөлген прокурордың, жәбірленуші тараптың заңсыз әрекетіне шектеу қойылмады. Мұндай жағдайда өзімнің кәсіби міндетімді атқару маған қиын. Қанша сұрақ қойсам да, қанша уақытқа созылса да – ол менің қақым», - деді ол.

Өз жауабының соңында Ақтоты Райымқұлова «Алтын адам» көрмесінің Үндістанда өткізілуін «ведомствоаралық комиссия шетелге шығуға тыйым салынған кездегі мемлекет қаржысының жоспардан тыс шығындалуы» деп атады.

«Мен осы жайлы ғана айтып отырмын. Мен жоғарыда айтқанымдай, вице-министрге сөгіс жарияладым. Ол осы іспен айналысып, маған есеп беруі керек еді», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.

Тергеу «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді. Бұдан басқа, А. Мұхамедиұлының Мәдениет және спорт министрі лауазымында болған кезінде туыстарының және үлестес тұлғаларының меншігіне «Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» РМҚК, «Қазақ энциклопедиясы» АҚ және «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС заңсыз беруге қатыстылығы тексерілді.

Іс бойынша төрт айыпталушы бар: Арыстанбек Мұхамедиұлы (Ұлтық музей директоры), Ұлттық музейдің экс-директоры Алмас Нұразхан, “Экспонат” ЖШС директорының орынбасары Азамат Көшенов, “Экспонат” ЖШС бас бухгалтері Айым Сәдуақасова.

Бұдан бұрын Арыстанбек Мұхамедиұлыны адвокаты  Мұстақым Төлеев актер Тұңғышбай Жаманқұлов экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлынан кек алу мақсатында оның үстінен арызданғанын мәлімдеген.

Серіктес жаңалықтары