×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Олигарх Рахымбаев жемқорлардың ақшасына мектеп сала ма – министр жауап берді

01.06.2023, 14:06
Коллаж: Ulysmedia.kz

Жемқорлардан қайтарылған ақшаға салынатын мектептер құрылысына олигарх Айдын Рахымбаевтың компаниясы тартыла ма? Бұл сауалға Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевке берген сұхбатында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрдің сөзінше, жемқорлардан қайтарылған ақша жинақталған қорда бүгінгі таңда 121 млрд теңге бар. Сол қаржының 100 млрд теңгеге жуығы 62 мектептің құрылысына бағытталмақ.

Осы орайда депутат министрден «Аталған мектептердің құрылысына Айдын Рахымбаевтың компаниясы тартыла ма?» деп сұрады.

«Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Өйткені құрылысты кім жүргізетіні «Самұрық-Қазына» ұйымдастыратын байқау нәтижесі бойынша анықталады. Кім жеңетінін мен қайдан білейін?» деп жауап берді министр.

Айта кетейік, Айдын Рахымбаев – ірі акционер, BI Group холдингінің төрағасы. Forbes нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең дәулетті бизнесмендер тізімінде 12-орында. Оның дәулеті 620 млн долларға бағаланған. 2022 жылы BI Group әлемдегі ең ірі құрылыс компанияларының ENG Top-250 Global Constractors жыл сайынғы рейтингінде 194-ші орынға ие болды.

Десе де, соңғы жылдары  мектептер құрылысымен белсене айналысып жүрген Рахымбаевтың компаниясы салған білім ошақтарының сапасына қатысты сын аз емес. BI Group-тың мемлекет қаржысын межелі түрде жұмсап жатқанына да күмән көп.

Мәселен, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде BI Group холдингіне кіретін BINOM EDUCATION фирмасы салған мектептерге қатысты аудиторлық тексерістер қорытындысы бюджет қаражатын жұмсауда қитұрқылықтар бар екенін анықтаған болатын.

Айдын Рахымбаев салған төрт Binom мектебі бойынша нақты және жоспарланған шығындар арасындағы жалпы айырмашылық 456,1 миллион теңгені құрап отыр. Айырмашылықтың барлығы тек Рахымбаевқа пайдалы болып шыққан.

Олигарх тек мектептердің құрылысына ғана емес, елдегі білім беру жүйесіне де араласуды азаматтық борышы санайтындай. Өткен жылдың басында оқу жылын ұзарту туралы бастаманы алғашқылардың бірі болып көтерген Рахымбаев екенін жұрт ұмыта қоймаған болар. Ол сол кезде демалыс уақытын қысқартып, оқу жылын бір жарым айға ұзарту балалардың білімін тереңдетіп, Қазақстанды көшбасшы елдердің қатарына жетелейтінін айтқан еді. Алайда оның идеюсын қолдай қоймаған депутат әрі педагог Ирина Смирнова Айдын Рахымбаевтың өзі жете білмейтін саладағы шешімдерге араласуын сынға алған еді.  

Айтпақшы, оқу жылын ұзарту бастамасын о баста қолдамаған Смирнова әлі сол пікірінен танған жоқ. Ол қазақстандық мектептер үшін оқу жылын 36 сағатқа ұзарту ойластырылмаған, негізі жоқ, қате шешім деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары