Ақмола облысы қазақстандықтардың есіне жазға таман түседі. Елден жырақта да кең танымал Щучинск-Бурабай курорттық аймағының арқасында өңірге қызығушылық оянады.Сондықтан ОКҚ-да өткен брифингте облыс әкімі отандық Швейцария – Бурабайға қарағанда Түркияда демалу неліктен арзанға түсетінін түсіндіруге мәжбүр болды.
Ермек Маржықпаев журналистерді аймақтың келушілерді қабылдауға толық дайын екендігіне сендіріп қана қоймай, биыл оның дамуына 4,6 млрд теңге бөлінгенін сүйіншіледі.
Десе де, БАҚ өкілдері Бурабайда әлі де қарапайым дәретханалар мен қоқыс жәшіктері жетіспейтінін алға тартты.
– Жиналған жер емес, қоқыс тасталмаған жер таза. Қоқыс басқа жақтан келмейід. Адамдар қалдырып кетеді. Мен туристерден қоқыс қалдырмауын сұрағым келеді. Егер бұрын қоқыс күніне үш рет жиналса, бүгін күніне алты рет тазалайды, - деді әкім.
Тағы бір мәселе – туристер ағынының өсуі, егер бұрын бір маусымда демалысқа 300-400 мың адам келсе, биыл демалушылар ағыны миллион адамнан асады деп күтілуде.
– Бағаларға келетін болсақ, бұл ерекше мемге айналды: Бурабайға барғаннан гөрі Түркияға барған дұрыс деседі жұрт. Егер сіз Rixos-қа немесе Windam Garden-ға келсеңіз, бұл – халықаралық деңгейдегі қонақ үйлер. Әрине, бағалар қымбат, бірақ бізде 10 мың теңге, 30 мың теңге тұратын екі орындық үйлерден бастап кез келген санатқа арналған барлық сегменттер бар. Бұл бәсекелестік орта. Бағаны нарық анықтайды, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Айтпақшы, әкім мүмкіндікті пайдаланып, жұртты әйгілі шипажайдың қылқан жапырақты ауасымен дем алуға шақырған жоқ, бірақ жаңа маусымға қоқыс таситын көліктер, 100 қоқыс жәшігі сатып алынғанын, алаңдар санын көбейткенін хабарлады.
Өткен жылы Бурабайға бару бақытына ие болғандар жағажайда бір ғана қоғамдық дәретхана болғанын еске алады. Ол жерге темір таңбалауыштардың көмегімен ғана кіруге болады. Оларды қайдан алуға болатынын ешкім білген жоқ, сондықтан демалушылар қажеттіліктерін өтейтін жер іздеп сабылды. Ал 10-30 мың теңге тұратын үйлер, әдетте, орманнан, көлден, жолдан және жалпы өркениеттен алыс орналасқан, сондықтан оны демалыс деп атауға ауыз бара қоймайды.
Алайда әкімнің көтеріңкі көңіл-күйіне қарағанда, оны бұл жайт аса алаңдатпайтын сияқты. Әркімнің таңдау құқығы бар, Түркияға барғыңыз келсе – барыңыз. Ал Бурабайға келушілер онсыз да аз емес.