×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

«Тазалықшы». Жалғызбасты америкалық әйел хақында Netflix хикаясы

19.10.2021, 15:04
Фото: ашық дереккөзден

Стефани Лендтің тақырыппен аттас мемуарының желісімен түсірілген «Тазалықшы». Жалғызбасты шешенің хикаясы» (Maid) мини-сериалында жастық кезеңнің қимас-қызық, сәулелі сәттерін жан пида еткен Алекстің (Маргарет Куэлли) қашқындағы өмірін баяндайды. Қашқындағы өмір дегеннен гөрі мұны азат санаға, еркін өмірге деген құлшыныс деу әлдеқайда әділетті болар еді. Қазан айының басында Netflix-те жарық көрген бұл фильм өз мәселеңізге жаңаша қарауға ой тастайды.

Фильм бастала салысымен-ақ, алғашқы сәтте көрерменді қорқыныш жетегіне алады. Баласын сүріне-қабына көтере салып, жән-дәрмені қалмай көлікті оталдырып қашып бара жатқан әйелдің кейпіне қарап әлдебір қандықол қарақшының тепкісін көрді ме деген үрейлі қауіп көрермен ойын құрсап алады. Бірақ мұндай жаттанды оқиға өрбіту аталған фильмге тән емес, керісінше зорлық-зомбылық жайлы қалыптасқан түсінігіңізді қайта қарауға, ойлануға мәжбүр етеді.

Иә, бас кейіпкер Алекстің образы стеротиптен ада: оны ешкім ұрған жоқ, соққан жоқ. Эмоционалды қысым көрген ол зорлық-зомбылықтан шын зардап көрген әлдебір міскінге тиесілі үйді алып қоймаймын ба деген күмәнге қала жүріп, түнейтін баспана іздеп шарқ ұрады. Netflix-тің жаңа жобасы дәл осы құрылыммен жұмыс істейді, бас кейіперге де, көрерменге де кез келген мәселе атаулыны құнсыздандырмау керектігін, ал зорлықтың ұрып-соғу ғана емес сан қырлы болатындығына көз жеткізуге тырысады. Ал болмашы ғана көрінетін мәселеге көз жұма қараудың соңы қаншалықты зардапты екенін фильм барысында өзіңіз де іштей ұғынып отырасыз.

Фильмнің шынайылығы сол, кейіпкерлердің өзара диалогтары барысында ағартушылық-танымдық деректер оқиғамен қатар өріліп отырады. Мәселен, эмоционалдық зорлықтың сан алуан сипатын ашып көрсетіп, ауызша қорлаудың қалыпты жағдайға жатпайтынына баса назар аударады. Тіпті сол Алекстің күйеуінің қиянаттың түр-түріне баратын нәзік манипуляциясы қай қоғамға да етене таныс емес пе?!

Драма желісінде оқиға баяу өрбіп, шыдамыңыз таусылуы да мүмкін. Өйткені мұндағы идеялық-эмоциялық детальдер сан қырлы шындықтың бетін аша отырып, кейіпкердің мінез-құлқы тереңнен көрініс табады. Мұнда таңғажайып секіріс жоқ, әйел құқығын “қорғап” шоу жасап жүргендер тиісті қамқорлық көрсете алмайды.

Алекстің көретін қиындықтары маскүнем күйеуінің әуресімен аяқтала салмайды. Зорлықтан қашып шыққан ол алып жүйенің машина тәрізді жансыздығымен қатар кедейшілікпен бетпе бет келеді.

Бір қарағанда Америка Құрама Штаттары қиын жағдайға тап болғандар үшін жеңілдігі көп бейбіт өмір ұсынатындай көрінгенімен, сайқымазақ көзалдау жүйе торыққан адамды үмітсіздікке сәт сайын итеріп отыратындығын режиссер шебер көрсете білген. Иә, зорлықтың аты зорлық, оған ұзақ жылдар бойы төзуге жол жоқ. Мұның шынайы атауы – бірте-бірте өлтіру болмақ. Түсінікті тілмен айтсақ, мақтамен бауыздау. Кінә сізде емес, мұның жақтаушысы әманда озбырлық болған. Күнкөріс үшін күйеуі ұрып жатса да Реджина (Аника Нони Роуз) сынды төзуге мәжбүрлер бар, ал кейде Алекс (Маргарет Куэлли) сияқты «қашып кету» арқылы мәселеден оп-оңай құтылам деу алаңғасарлық. Қалай болған күнде де қиянат жасаушы қарақшының бетіне қарап тұрып, әшкере ету құрбанға айналмаудың алғашқы қадамы болуы мүмкін.

Сөзіміздің түйіні, кішігірім қолдау көрсету, адами тілекпен арқадан қағу, сүрініп бара жатып аяқтан тұру, осының арасындағы кішкентай қызының көзіндегі қуанышы – барлығы, барлығы сериалдың түпкілікті айтар шешімін көрсетуге бағдар береді. Мейірім әлемді құтқарады деген жалпылама естілгенімен, шын мұқтаж жанның біріне септігі тиері анық. Салдыр-гүлдір еткен ескі көлікпен батысты бетке алып жүйткіп бара жатқан шешелі-балалы екеудің мамыражай тыныштығын енді ешкім бұза алмайтындай. Ал қалғаны патша көңілді көрерменнің еншісіндегі дүние. 

Серіктес жаңалықтары