Тазартылған ағынды суларды Қаракөл көліне бұратын құбыр бөлшектелгені хабарланады, деп жазады Ulysmedia.kz.
Не болды
Rixos Aktau-ға қатысты тексеру нәтижелері жарияланды. Ағынды суларды тазарту үшін ақауы бар құрылымдарды іске жарату бөлігінде заңбұзушылықтарға жол берілген.
– Осының салдарынан қоршаған ортаға тараған эмиссиялар нормативтерден асып кеткен. Осы заңбұзушылықтар үшін ұйымға 3 млн теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды. Ол қысқартылған тәртіппен өндірілген. Одан бөлек ағын суды Қаракөлге бағыттауды уақытша тоқтату жөнінде ұйғарым шығарылды, – делінген қорытындыда.
Қазір қонақ үй қалалық кәріз желілеріне қосылған, ал ағынды суларды Қаракөл көліне бұратын құбыр бөлшектелген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қаракөл көлінің жағасында 30 аққудың өлексесі табылғаны хабарланған болатын. Бұл факті бойынша сараптама нәтижелері жарияланды.
Қаракөл көліндегі жағдайды видеоға түсірген Ақтау тұрғыны Азамат Сәрсенбаев өлген құстардың саны ресми мәліметке қарағанда едәуір көп екенін айтты.
Rixos Water World Aktau
Қонақ үй Ақтаудан 20 шақырым жерде орналасқан. Бірнеше жыл бұрын оны Түркия азаматы Феттах Таминдже (Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын достарының бірі саналады) және қаржы министрлігі құрған қазақстандық тікелей инвестициялар қоры – KIDF салған.