×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Билік өкілдері түңілдіріп жіберді»: Оралдың үйсіз қалған халқы Парламентке хат жазды. Депутаттар не дейді

29.04.2024, 17:11
«Билік өкілдері түңілдіріп жіберді»: Оралдың үйсіз қалған халқы Парламентке хат жазды. Депутаттар не дейді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz редакциясына Орал қаласы тұрғындарының Мәжіліс депутаттары Нартай Аралбайұлы, Ринат Зайытов, Абзал Құспан, Бақытжан Базарбек пен Асхат Аймағанбетовке жазылған өтініші келіп түсті. 

Талабымыз – тек пәтер

Хат мәтінінде Ulysmedia.kz редакциясы бұған дейін жазған мәселе көтерілген. Жайық, Шаған өзенінің суы тасып, саяжайдың мыңдаған тұрғыны үйсіз қалғандықтан, бәрінің уайымы бір – олар "енді далада қаламыз ба" деп алаңдайды.

– Біз Орал қаласының су тасқынынан зардап шеккен азаматтары, осы өтінішімізді үкіметбасы мен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жеткізулеріңізді өтініп сұраймыз.

Президент өз сөзінде зардап шеккендерді ешқандай санатқа бөлмей, шығыны өтеледі, үй беріледі дегенімен, беруге келгенде билік өкілдері түсініксіз ережелермен миымызды қатырып, жігерімізді сөндіріп, өмірден түңілдіріп жіберді. Біз арыз-шағымымызды кімге барып, кімге айтарымызды білмей қалдық.

Су тасқыны оқыс жағдайда болғандықтан су тасқынынан зардап шеккен саяжай тұрғындарының кейбірінде құжаттары дұрыс емес, бірақ бірнеше жылдан сол үйде тұрып жатыр. Кей азаматтар өзінің еңбегімен салған үйінің құжатын рәсімдеп үлгермеген. Кей азаматтардың үйі ата-анасының, туыстарының атында қалып қойған. Сондай азаматтарға және атында тағы да жылжымайтын мүлкі бар немесе суға кеткен баспанасынан басқа екінші ипотекаға алынған аядай пәтері болғандықтан бүлінген, яғни суға кеткен үйі есепке алынбай, орнына үй берілмейін деп отыр. Сол себептен қарайған дүниеміз, еңбегіміз, жиған-тергеніміз еш болғалы отыр. Біз оған келіспейміз. Бізге үй беруін талап етеміз. Біздің балаларымыздың баратын, тұратын үйі қалмай отыр. Сол суға кеткен баспанамызды салу үшін талай банк жағалап, кредит алып, екі есе төлеп отырмыз. Суға кеткен баспанамыздың орнына үй, пәтер берген жағдайда жерімізді орман шаруашылығына беруге келісеміз. Біздің үкіметте талабымыз тек қана – пәтер! Өтініш иесі Орал қаласының саяжай тұрғындары, – делінген хатта.

Депутаттар мен министр не дейді?

Дүйсенбі күні, яғни бүгін үкімет сағатында осы хатқа байланысты аты аталған депутаттарды сөзге тартқанбыз. Парламенттің төменгі палатасында жүрген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа да осы сұрақты қойып үлгердік.

– Бұл шағым әлі қолыма тиген жоқ. Келген бетте сол бағытта жұмыс істеледі. Бізге уәде берілді. Тиісті министр, орынбасарлары “ешкім үйсіз-күйсіз қалмайды” деді. Бұл сөзді президенттің өзі де айтты. Енді мұндай сұрақтар туындамауы керек деп ойлаймын. Шешімін табу керек. Саяжайдағы адамдардың жағдайы белгілі ғой. Жағдайы жақсы, өз-өзіне үй салып ала алатын адамдар ондай жерде тұрмайды. 

Ринат Зайытов

Депутаттық сауалда да осы мәселелерді көтердік. Дәл апат болған аймақтарда заңдағы шектеулерге мораторий сияқты жариялап, жеңілдіктер беру керек деп есептейміз. Өйткені ол төтенше жағдай. Жергілікті комиссияға жүгінсе, біз де мына жақтан төпелеуіміз керек. Өйткені жергілікті комиссиялардың қалай жұмыс істейтінін естіп жатырмыз. Адамдардың бір жерде көңілі толады, бір жерде толмайды, – дейді Ринат Зайытов. 

30 жыл бойы жиналып келе жатқан қателіктің салдары

Нартай Аралбайұлы саяжайға келгенде заң жағынан күрделі мәселе туындайтынын айтады. Өйткені жер үйде тұратындар су тасқыны кезінде баспанасыз қалса, оларға үй беріледі. Ал қираған құрылыс, жер телімі мемлекетке өткізіледі. Бірақ саяжайлардағы үйлерге қатысты ондай ереже немесе заң жоқ. 

– Барлық жерде саяжайдың түсініктемесі – маусымдық тұратын тұрмысжай ретінде көрсетіледі. Алайда еліміздің әлеуметтік жағдайы, баспана бағасындағы бассыздықтың салдарынан қарапайым халық саяжайды тұрақты мекен етуге мәжбүр. Батыс Қазақстанда 70 мыңнан астам адам саяжайды пайдаланса, соның 21 мыңы тұрақты түрде тұрады. Саяжай қауымдастығы басшыларымен қазір үнемі байланыста отырмыз. Ол жерден бізге берілген ақпараттарға сәйкес, 20 мың жер телімінің 14 мыңы су астында қалған. Ел кеше наразылықпен облыс әкімдігіне де барып жатқанын көрдіңіздер. Мәселе осында, – дейді депутат.

Нартай Аралбайұлы

Мәжілісменнің сөзінше, саяжай тұрғындарының өтемақысын беру жөнінде алгоритм жасалмаған. Ал кезінде Оралдағы саяжайлардың жерін әкімдік үй салуға беріп, газ тартып, үй ретінде қолданысқа тапсырған. Ал енді көмек беруге келгенде саяжай тұрғындары көмектен тыс қалайын деп тұр. Нартай Аралбайұлы осы бағытта депутаттық сауал әзірлеп жатқанын айтады.

– Заңның тіліне салсаңыз, расында да, тұрып жатқан саяжайдағы үйлері өз атында болмаған жайттар көп. Табиғи апат кезінде халық қосымша ақша алғысы келеді деп ойламаймын. Құжатын уақтылы өткізе алмаған азаматтардың мәселесі жеке қаралып, олар өтемақыдан тыс қалмауы керек. Табиғи апатты ешкім тілеп алған жоқ. Екіншіден, осыған жауапты шенді-шекпенділердің қателігі. Бұл – 30 жыл бойы жиналып келе жатқан қателіктің салдары, – дейді депутат.

Жекелеген мәселелер сотқа да баруы мүмкін

Батыс Қазақстаннан Парламентке депутат болып сайланған Абзал Құспан да мәселеден хабардар екен. Ол бас прокурордың алдында арнайы мәселе көтермек. 

– Осындай ауқымды іс-шаралардың басында реттелмеген мәселелер болады. Жекелеген мәселелер сотқа дейін баруы мүмкін. Қазір алдын ала бәрін реттеу тастау мүмкін емес. Мысалы, әрбір аудан, ауыл, саяжайларға қатысты комиссиялар құрылады. Сол комиссиялардың құрамында өздерінің ішінен өзін-өзі ұйымдастыру деген болуы керек. Өз ішінен белсенді азаматтарды жергілікті комиссия құрамына кіргізсін. Жергілікті атқарушы органдар бұған кедергі келтірсе, бұл мәселені маған жеткізсін, – дейді ол.

Абзал Құспан

Мемлекет кінәлі ме – көтеруі керек

Заңгер депутаттың айтуынша, қолданыстағы заңның талаптары мүлде бөлек. Ал үкімет тарапынан жалпылама айтылған сөз бар, оған сәйкес, саяжаларда тұратын азаматтарға 80 шаршы метрден аспайтын үй беріледі. Құжаттары болсын-болмасын, іс жүзінде тұрып жатқан азаматтар – егер суға кеткен жалғыз үйі болса, сол баспананы алу мүмкіндігі бар. Абзал Құспанның сөзінше, заңбұзушылық басынан бастап орын алған: жергілікті атқарушы органдар үй салуға болмайтын орында баспана салуға рұқсат беріп, жарық тартып берген, азаматтарды тіркеуге тұрғызған. 

– Ол – мемлекеттің мойнындағы кінә ме, демек, оны мемлекет көтеруі керек! Бірақ жекелеген жағдайлар болмай тұрмайды. Бұл жерде “былай болады” деп кесіп айту мүмкін емес. Заңгер ретінде айтарым, бүкіл мәселені реттейтін заң жоқ, оның болуы мүмкін де емес. Өмірде бүкіл жағдайды заңмен реттеп қоя алмаймыз. Бірақ заңның жоқтығы да азаматтарға баспана беруге мүмкіндік береді. Ол үшін комиссия жұмысына белсенділер аралассын. Сәл сауатты қимылдау керек, – дейді ол.

Әлеуметтік желіде Абзал Құспан арнайы чат ашып, оған Оралдағы саяжай бірлестіктерінің басшыларын қосқан. Мәліметтерді алдырған. 21 мыңнан астам азамат жыл бойы саяжайдағы үйінде тұрғанын анықтаған. 

Қалада үйі бар, бірақ саяжайдағы үйі үшін ипотекалық несие төлеп жатқан азаматтардың шығындары қалай өтеледі деген сұраққа Абзал Құспан былай жауап берді. 

– Келтірілген мүлік шығындары өтеледі. Бірақ бұл жерде мәселе бар: біз тағы да уақытша шешім қабылдаймыз ба, әлде мәселені түбегейлі шешеміз бе? Орал үш өзеннің ортасындағы қала. Әрбір өзеннің су қорғау аймағын бұза отырып, үй салуға рұқсат етіп қойдық. Ол жергілікті атқарушы органдардың кінәсі. Қай әкімнің тұсында беріліп кеткені үлкен зерттеуді қажет етеді. Осы үйлерді келесі жылы да су алуы керек пе? Қаражат беріп үйін жөндеп бергеннен не ұтамыз? Бұл ақшаны далаға шашу болады. Қанша қиналсақ та, 30 жыл бойы шешімін таппай келе жатқан осы мәселені қазір шешуіміз керек. Ол үшін Жайық, Шаған өзенінің жайылмасының отырған, тұрақты орналасып қалған үйлерді басқа жер берсек те, “ПДП” жасап, инфрақұрылымды тартып, көшіру жағын қарастыру керек, – дейді Абзал Құспан.

Министр Шарлапаев: тетік бар

Үкімет сағаты аяқталғаннан кейін Ulysmedia.kz тілшісі депутаттарға қойған сұрақты өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевқа да қойған. Ол ереже (?) бойынша сондай санаттағы азаматтарға көмектесуге арналған тетік барын айтады.

– Балалардың оқитын мектебі, әлеуметтік органдар арқылы сол азаматтардың дәл сол үйде тұратынын растау керек. Әкімдіктің комиссиясы бар. Солар тексеріп, тиісті статус береді. Әр адамның жағдайы әртүрлі. Егер баспана, саяжайдағы үй басқа адамның меншігінде болса, оны нақты қараймыз да, жазбаша түрде жауап береміз, – дейді Шарлапаев.

Ulysmedia.kz редакциясы Оралдағы саяжай тұрғындарының проблемасын осымен екінші рет жазып отыр. Десе де, олардың мәселесі – Оралдың ғана мәселесі емес. Редакция алда осы тақырыпты назарында ұстайды.