×
474.72
515.17
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.72
515.17
5.58

Маралдыға бардым, министр Шарлапаевтың сөзі өтірік болып шықты – Зайытов

05.06.2024, 16:28
Коллаж: ulysmedia.kz.

Шығыс Қазақстанның Күршім ауданы Маралды ауылындағы тұрғындары алтын өндіретін зауытқа қарсы наразылығын бірнеше жылдан бері білдіріп келеді. Жақында сол ауылға Мәжіліс депутаттарынан Ринат Зайытов пен Мақсат Толықбай барып қайтқан. Ulysmedia.kz тілшісі осы ретте Ринат Зайытовты сөзге тартып, Маралдыда нені көріп, нені білгенін сұрады.

– Маралдыға барғанда нені көрдіңіз? Неге көзіңіз жетті?

– Көп ақпарат бізге теріс жеткеніне көзім жетті. Бізге мысалы, “Маралдыдағы 30 шақты адам жұмысқа кірген”, министр Шарлапаевтың “азғантай ғана топ бүкіл ауылды қорқытып отыр” деген сөздері өтірік болып шықты. Менің көзім көргені – сол. Халықпен ашық кездесу өткіздік. Ол жерде бірде-бір адам “мен жұмысқа кірдім” деген жоқ. Бүкіл ауылдың ішінде “мен зауыттың салынуын қолдаймын” немесе “маған бәрібір” деген бір адамды да көрген жоқпыз. Түгелі түбегейлі қарсы болып отыр. 

– Ендігі қадамдарыңыз қандай болады?

– Біз қазір сол сапардың аясында Бас прокуратурадан үлкен тексеріс жіберуді сұраймыз. Өйткені ол жерге жауапты бола тұра Су министрлігінен ешкім бармаған. Бізге “бардық” деген ақпарат берген. Өтірік болып шықты. Экология министрі қайда қарап отыр деген де сұрақ туындайды. Өйткені екі тюльпан жұлғандарға 11 млн теңге айыппұл саламыз да, салып жатқан зауыт Қызыл кітапқа енген 7 түрлі гүлдерді таптап, бұлақтардың бәрін басып отыр. 

– Маралдылықтардың осы мәселені көтеріп келе жатқанына біраз жыл болды. Комиссияны, министрліктерді шақырғанына да. Сіздер арқылы да осыған қол жеткізгісі келіп отыр. Сіздер арқылы бұл талаптары орындалмаса не істеу керек деп ойлайсыз? 

– Осы уақытқа дейін барған инстанциялардың қайсысы шынайы ақпарат таратты. Қайсы айтты. 

– Менің білуімше, олар сол ауылға келтіре алмай отыр ғой. Тіпті облыс әкімі де бармаған. 

 – Орынбасары барған. Жалған ақпарат көп ол жерде. Бұл жерде істің анық-қанығына жету керек. Кім өтірік, кім шын айтып отыр? Өтірік айтып жатқан тараптың дегені болып кетсе, абсурд қой бұл. Қаншама ара шаруашылығын ұстап отырғандар бар. Содан кейін жер бойынша да ол жердің берілуі бойынша да заңсыздықтар бар. Оның арты жаман болады ғой.

8 мамырдағы шу

Маралды ауылында жергілікті жұрт биыл 8 мамырда алтын өндіруді көздейтін кәсіпорын алдына тағы жиналған. Бұл жолы ауылға «Байтақ» партиясының өкілдері барған. Партияның ауылдағы жиыны Мәдениет үйінде емес, сыртта өтіп, артынша тұрғындар тау үстіндегі кәсіпорынға жеткенде алдынан компания басшылығы мен автомат асынған арнайы жасақ шыққан. 

Осы видео әлеуметтік желілерде талқыланды. Толығырақ не болғанын әрі неге дауға нүкте қойылмай келе жатқанын Ulysmedia.kz тілшісі анықтап көрген еді.

Дау басылар емес

Осылайша, Маралды ауылындағы алтын дауы өршімесе басылар емес. Былтыр 19 шілдеде маралдылықтар мен алтын зауыты «күзетшілері» арасында болған қақтығыстан кейін 25 шілдеде ауылға тағы да индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі және облыс, аудан әкімдігі билігінен өкілдер барған. Алайда министр, облыс әкімі деңгейіндегі шенеуніктер Маралдыға әлі де аттап басқысы келмейді. Ал ортаңқол шенеуніктердің келгенінен «пайда болмады» деген маралдылықтар одан кейін де президентке үндеу жолдаған.

Маралдылықтар «алтын шаятын қоспалар экологияны ластап, өзенді былғайды, өндірісті қолданылатын цианид халықтың денсаулығына кері әсер етеді» деп есептейді. Ал компания басшылығы оны жоққа шығарып, жұмысты талапқа сай істейтінін айтады.

Маралды ауылының іргесінде Maralicha және Maralicha-Gold деген тау-кен кәсіпорындары жер қойнауын барлап, «ВСАМ Продакшн» компаниясы сол жерге алтын өндіретін фабрика салуды көздейтіні хабарланған. Ал Азаттық басылымының тілшілері фабрика салатын компания иелерінің бірі, кәсіпкер Айдын Рамазановтың Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен таяуда босаған Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес екенін анықтаған.

Былтыр шілдеде ауылдағы халықтың алтын зауытындағылармен текетіресі қантөгіске ұласа жаздаған. Ulysmedia.kz тілшісі 19 шілдеде Маралдыда болған оқиғаны өз көзімен көріп, портал бетінде баян еткен еді.

Серіктес жаңалықтары