×
$
451.87
€
507.31
₽
5.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.87
€
507.31
₽
5.53

Артында кішкентай қызы қалды: Ақтөбеде тағы бір әйелдің өлімі елді дүр сілкіндірді

Бүгін, 16:56
Артында кішкентай қызы қалды: Ақтөбеде тағы бір әйелдің өлімі елді дүр сілкіндірді
Ulysmedia коллажы

25 жастағы Әсел бұрынғы күйеуінің қолынан қаза тапқан болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, әйелді буындырып өлтірген. Артында кішкентай қызы қалды. Ulysmedia.kz тілшісі марқұмның көршілерімен сөйлесіп, қайғылы оқиға туралы не білетінін анықтады.

Мән-жайы

Марқұмның көршісі Мейрамгүл Жүсіпова Ulysmedia.kz тілшісіне Әселді жақсы танитынын айтты. Әйел оның қайтыс болғанын күйеуінен естіген. Өйткені сол сәтте өзі үйде болмаған.

– Әсел өте жақсы адам еді. Одан ешкім жамандық көрген емес. Бірде маған көмектесіп, балама қарап берген. Бұған не себеп болғанын білмеймін. Менің білуімше, ол ер адаммен бірге тұрмаған. Анасы анда-санда келіп тұратын. Кішкентай қызы бар, – деді Мейрамгүл.

Түнде үй тұрғындары күдікті дыбыстар естімеген. Полиция келген кезде тұрғындарға далаға шығуға рұқсат бермеген. Мейрамгүл Әселді өлтірді деген күдікке ілінген ер адамды танымайды.

Әселдің қайтыс болғаны туралы туысы Жанар Қожанова да Instagram-дағы парақшасында жазды. Ол марқұммен бірге түскен суреттерін жариялаған.

– Жаным менің, сенің біреудің қолынан қаза табатының кімнің ойына келді дейсің. Жап-жас едің ғой. Жүрегім қан жылайды, қолымнан ештеңе келмей, дәрменсіз күйде отырмын. Сен менің артымнан ерген сіңлім едің, жанымның бір бөлшегі едің, – деп жазды ол.

Суреттердің бірінде Әсел жақындарымен бірге түскен. Жанар Қожанованың айтуынша, сол кезде бұл фото олардың бірге түскен соңғы естелігіне айналады деп ешкім ойламаған.

Полиция не дейді?

Полиция мәліметінше, марқұм 26 жаста, ал күдікті 31 жаста болған. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Әсет Қалиев күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады.

– Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыс бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық жанжалдан туындаған. Бұған дейін полицияға тұрмыстық жанжалдарға қатысты ешқандай арыз-шағым немесе хабарлама түспегенін атап өткен жөн. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Қалиев.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпаратты жариялаған жоқ.

Бұл Ақтөбедегі алғашқы жағдай емес

Кейінгі уақытта Ақтөбеде әйелдердің қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты бірнеше оқиға тіркелді.

3 қарашада Неке сарайында 26 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапты. Бұл қылмысқа оның бұрынғы күйеуі күдікті деп танылды.

13 қазанда қалада 35 жастағы әйел өлтірілді. Жанжал кезінде 28 жастағы танысы оған пышақ сұғып, әйел оқиға орнында көз жұмды.