«Верный Капитал» компаниялар тобы OLX Group компаниясынан OLX Қазақстан («OLX KZ») қазақстандық онлайн-хабарландырулар бизнесін 100% сатып алу бойынша мәміленің аяқталғаны туралы хабарлайды. Сатып алу Beeline Қазақстан портфельдік компаниясы арқылы барлық реттеушілік рәсімдерді аяқтау қорытындысы бойынша өткізілді. Мәміле сомасы – 81 миллион АҚШ доллары.
OLX Қазақстан елдегі белсенді интернет-аудиторияның 52%-дан астамын қамтитын және ай сайын 9 миллионға жуық белсенді пайдаланушысы бар ең танымал цифрлық платформалардың бірі болып табылады. Платформа әр түрлі санаттағы хабарландырулар, соның ішінде тауарлар мен қызметтер, бос жұмыс орындары, автомобильдер мен жылжымайтын мүлікті орналастырудың кең мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл мәміле Топтың инвестициялық портфельді кеңейту бойынша стратегиясына сәйкес келеді, әрі Қазақстан нарығында цифрлық шешімдердің ұзақмерзімді құндылығын қалыптастырып, сапасын арттыруға бағытталған цифрлық сервистер сегментіне қатысуын нығайтады.
– Біз үшін бұл – жай ғана портфельді кеңейту емес, күнделікті цифрлық қызметтердің инфрақұрылымына инвестиция салу. Хабарландырулар платформалары пайдаланушылар, шағын бизнес пен жергілікті нарықтарды байланыстыру арқылы экономикада маңызды рөл атқарады. Біздің міндетіміз – бұл активті оның мықты жақтарын сақтап және технологиялық құрамдас бөлігін күшейте отырып, оның ауқымын кеңейту, – деп атап өтті «Верный Капитал» компаниялар тобының инвесторы Болат Өтемұратов.
Beeline Қазақстан интеграция нәтижесінде пайдаланушыларға қазіргі заманғы цифрлық оператордың моделіне сәйкес келетін неғұрлым ауқымды және өзара байланысты цифрлық шешімдер жиынтығын ұсына алады.
– Бұл сатып алу VEON трансформациясын анықтайтын цифрлық оператор стратегиясын жүзеге асырудың тағы бір маңызды кезеңі болды. Біз өзіміз қатысатын нарықтардың барлығында миллиондаған адамдарға қаржылық, медициналық, білім беру және ойын-сауық цифрлық қызметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін цифрлық экожүйелерді дамытамыз. OLX KZ платформасын сатып алу біздің портфелімізді Қазақстанның жетекші онлайн-хабарландыру платформасымен толықтыруға мүмкіндік береді, – деді VEON бас атқарушы директоры Каан Терзиогл.