Алматыдағы балабақшалардың бірінде бірнеше ойын баласы топтағы бір баланы қуып жүріп сабаған видеосы тарады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
ZHEST_KZ Telegram-арнасында жарияланған бейнежазбадан қара киім киген бүлдіршінді өзге балалардың жабылып сабап жүргенін көруге болады. Соққылардан жасқанған бала қайда қашарын білмей дал. Ары-бері жүгіріп, бір кезде жерге құлады. Балалардың бірі басынан, екіншісі ішінен тепкіге алды. Арасында қыздар да қосылып ұрып жүр. Ақырында таяқтан көз аша алмаған бүлдіршін қашып құтылғандай болады.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаны оқырмандарының бірі жіберген. Осынша бала жабылып бір баланы сабап жүргені көрсетілген видеода тәрбиеші немесе балабақшаның басқа қызметкері көрінбейді.
«Қаладағы №58 мемлекеттік балабақша. Менің балам осында барады. Бірақ соңғы бір айда денсаулығына байланысты үйде болған еді. Мына балалардың бұзықтығына қарап жүрегің ауырады екен», - деп жазды видео авторы.
Желі қолданушылары бұл жағдайға өздерінің түрлі пікірлерін қалдырды. Бірі балабақшаны ғайбаттаса, енді өзгелері бүлдіршінге аяушылық танытқан.