Ақмола облысында Аршалы ауданы халықты жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Облыстық сот мәліметінше, Халықты жұмыспен қамту орталығының бұрынғы басшысы «С» бұйрықтарды заңсыз шығарып, іс-сапарларға арналған қаражатты өзі иемденген. «С» талан-таражға салуды, яғни өзiнiң қызмет бабын пайдалануымен жымқыруды жасаған (ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы). Нәтижесінде мемлекетке 800 мың теңге сомасына ірі мөлшерде залал келтірілген.
Ал екінші қылмыста, «С» жұмыссыз адамдарды қайта даярлау жөніндегі білім қызметтеріне мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды ЖШС-мен жасасқан. Ол ЖШС-нің директоры «Б.»-дан қамқорлық және алдағы уақытта жаңа шарттарды жасасу үшін 560 мың теңге алған.
“Осыған орай, «С» пара алғаны үшін сотталды. Сотталушылар кінәсін мойындағандықтан, қылмыстық іс келісімдік іс жүргізуде қаралды. Сот үкімімен әрқайсысын мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырумен «С.»-ға 16 770 000 теңге сомасына, «Б.»-ға 11 180 000 теңге сомасына айыппұл тағайындалды”, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.