×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

"Омондар жоламасын, полицияны неге әкелдіңдер": Маралдыда алтын зауытына қарсы тағы жиын өтті

09.05.2023, 12:32
Фото: Скриншот

Маралды ауылының халқы таяуда тағы да алтын қазғысы келетін компанияларға қарсы митингке шықты. Бұл жолы Маралдыға бұрын да осы ауылдан шыққан азаматтар жиналып, нақты талабын қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

7 мамырда ауылда арнайы форум, сонымен қатар Ауыл күні аталып өткен. Алайда «той тойлап, ән айтып, би билейтін жағдайымыз жоқ» дейді маралдылықтар. Олар әкімдіктің алдына жиналып, тағы да наразылығын білдірді.

«Мен осы ауылдан шыққанмын. Бұл ауылдың әр тасы мен үшін қасиетті. Әке-шешем де, балаларым да осы ауылдың тасын басып өскен. Мен оны қорғауға барымды саламын», - дейді тұрғындардың бірі.

Маралды халқы мұндағы елдің басына үлкен қауіп төніп тұр деп есептейді. Айтуларынша, Шығыс Қазақстаннан басталатын екі үлкен өзен – Күршім мен Маралдыны алтын зауыты улайтын түрі бар. “Цианидті пайдаланатын өндіріс біздің ауыл халқының денсаулығына үлкен зиянын тигізеді” дейді олар.

Жиынға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов пен Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов келген. Олар «сіздердің наразылықтарыңызды жоғарғы билікке жеткізуге келдік» деді. Ал Сапанов Маралды белсенділерін таяуда өңір басшысы Даниал Ахметов қабылдайтынын айтқан. Алайда жиналғандар оның сөзін бөліп, «бізге осы жерге мәселені нақты шеше алатын адамды әкеліңдер» деп талап етті.

Маралды халқы ауылға полиция қызметкерлерінің келгеніне алаңдаушылық білдірді. “Омондарды маңайға жолатпасын, полицияларды мына жерге неге алып келдіңдер? Мына жерде төбелес бола ма?” деп ашуланды тұрғындардың бірі.  

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы Маралды ауылындағы алтын фабрикасының жыры әлі басылмай тұр. Екінші жыл қатарынан жергілікті тұрғындар ауыл аумағына алтын қазатын фабрика салынбасын деп, талап қойып келеді. Амалы таусылған халық тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан «олигархтардан қорғауды» сұраған еді.

Мұның алдында Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Шығыс Қазақстан облысының Маралды кентінде болып жатқан экологиялық жанжалға түсініктеме беруден бас тартқан.

Ал кеше Маралды ауылының тұрғындары 28 наурызда өткен қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша шыққан хаттаманың күшін жоюды талап етті.

Серіктес жаңалықтары