×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

Алматыны құбыжықтар мен мыстандар қаптады: қазақстандықтар Хэллоуинді сынға алды

Бүгін, 16:47
Алматыны құбыжықтар мен мыстандар қаптады: қазақстандықтар Хэллоуинді сынға алды
Ulysmedia.kz коллажы

31 қазанда кешке Алматыдағы Арбат ерекше әрі қорқынышты кейіпке енген адамдарға толды. Жаяу жүргіншілер көшесінде мыстандар, вампирлер, зомбилер мен қорқынышты фильмдердің кейіпкерлері жүрді. Бірі олармен қызыға суретке түссе, енді бірі Қазақстанда Хэллоуин мерекесінің тойлануына наразылық білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл кеште алматылықтар серуендеп жүретін Арбат көшесі түрлі кейіпкерлер жиналған мерекелік алаңға айналды.

Көпшілік арасынан Слендерменді, қорқынышты сайқымазақтарды, асқабас басты адамды және үрейлі фильмдердегі басқа да танымал кейіпкерлерді кездестіруге болатын еді.

Кейбір қатысушылар киімінен бастап бет әрлеуіне дейін мұқият дайындалған. Ал басқалары бетперде тағып, мерекеге сай түрлі бұйымдармен шектелген.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға қарағанда, мұндай ерекше көңіл күй көптеген алматылыққа ұнаған. Жұрт бір-бірімен суретке түсіп, танысып, алған әсерлерімен бөліскен.

Сын айтқандар да болды

Алайда мерекелік көңіл күй бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Әлеуметтік желіде Хэллоуинді Қазақстанда атап өту қаншалықты орынды деген мәселе қызу талқыланды.

– Бұл біздің мереке емес. Бұрын мұндай жоқ еді. Ал қазір оны жастар арасында белсенді түрде насихаттап жатыр, – деп наразылық білдірді пікір қалдырғандардың бірі.

Кейбір желі қолданушылары жын-шайтан бейнесіндегі киімдерді сынап, мұндай мереке өздерінің ұстанымдарына қайшы келетінін айтты.

Ал өзгелері бұдан еш әбестік көрмеген. Олардың пікірінше, Хэллоуин – ерекше киініп, достармен кездесіп, кешті көңілді өткізудің бір жолы ғана.

Айта кетейік, мерекеге қатысушылар қорқынышты фильм кейіпкерлерімен ғана шектелмеген. Арасында танымал тұлғалардың бейнесіне енгендер де болды.

Мәселен, қатысушылардың бірі бірнеше жыл бұрын интернетте кеңінен тараған әзіл суреттер мен видеолар арқылы танылған публицист әрі блогер Евгений Понасенковтың кейпіне енген.

Хэллоуин қайдан шыққан?

Хэллоуин жыл сайын 31 қазанда атап өтіледі. Бұл мерекенің тарихы ежелгі кельттердің Самайн мейрамынан бастау алады. Ол егін жинау маусымының аяқталып, қыстың басталуын білдірген.

Кейін мерекенің қалыптасуына Барлық әулиелер күніне байланысты христиандық дәстүрлер де ықпал етті.

Уақыт өте келе Хэллоуин адамдар түрлі кейіпке еніп, асқабақтан шам жасап, тәттілер тарататын мерекеге айналды. Қорқынышты ертегілер мен фильмдердің кейіпкерлері де оның ажырамас бөлігіне айналған.

Қазір Хэллоуин АҚШ, Канада, Ұлыбритания және басқа да елдерде кеңінен атап өтіледі.