×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

Футзалдағы сенсация: Ұлттық құрамадағы 5 бірдей ойыншы Аягөзден

07.10.2021, 12:00
Футзалдағы сенсация: Ұлттық құрамадағы 5 бірдей ойыншы Аягөзден
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстан футзал құрамасы Литвада өткен әлем кубогінде төртінші орын иеленді. Керемет нәтиже. Азулы құрамалардың арасынан суырылып шыққан жігіттердің арасында бес бірдей ойыншы шығыстағы Аягөз өңірінен. Билік назарынан үнемі шет қалып жүретін елеусіз аймақта әлем чемпиондарымен деңгейлес ойнайтын футболшылардың алғашқы қадамдарын нық қойып берген жаттықтырушылар бар. Біз сол тренерлерді сөзге тартып көрдік.

АЯГӨЗ ФУТБОЛ МЕКТЕБІНІҢ ТАРИХЫ

Шалғайдағы тренерлерге хабарласқанымызда мектепте күнделікті жаттығу қызып жатыр екен. Ойын ортасынан сытылып шыққан жаттықтырушы Әсет Мейрамханұлы шағын қаладағы футбол мектебі туралы әңгімелеп беруге қарсы болмады. Әсет осы мектепте 25 жылдан бері балаларды футболға жаттықтырып келеді. Оның айтуынша, 40 мыңға жуық тұрғыны бар Аягөздегі футбол мектебінің тарихы 1996 жылдан бастау алады. Сол тұста ауданға әкім болып келген Айбек Кәрімовтың жетекшілігімен қаладағы спорт мектебінің ішінен футбол мектебі құрылған.

«Мектеп ашыла сала жұмысты бастап кеттік. Өзім Семей педагогика институтында денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алғанмын. Содан бері осы мектепте балаларды дайындап келеміз. Қазір кәсіби құрамаларда ойын көрсетіп жүрген футбол ойыншыларының арасында біздің шәкірттеріміз де бар. Ұлттық құрама қатарындағы ойыншы Дәурен Тұрсағұлов 8 жасынан бастап жаттықты. Жасы кіші болса да үлкен топтардан қалмай келетін. Футболға ерекше ынталы болып өсті», – деп еске алды ол.

Ел арасында «Аягөз – футзалдың отаны» деген сөз бар. Футбол мектебінде дәл қазір 200-ге тарта бала жаттығып жүр. Мектепте 7 тренер жұмыс істейді. Ондағы үйірме футзал немесе футбол деп бөлінбейді. Балалар жаздыгүні көгалда доп теуіп, қыста спортзалда дайындалады. Содан да болар паркетте ойнау аягөздіктер үшін таңсық емес.

Суретте кезекті ойыннан соң жаттықтырушылар мектеп оқушыларымен бірге 

11 ОЙЫНШЫ ЖОҒАРЫ ЛИГАДА ЖҮР

«Бізде алты ай қыс, еріксіз спорт залға кіреміз. Содан балалар футзалға бейімделген болу керек», деп түсіндірді әңгімеге араласқан жаттықтырушының бірі Асхат Оспанбеков.

Ол кешегі әлем чемпионатында үздік ойын көрсеткендердің бірі, осы мектептің түлегі Болат Сарбасов пен Нарын Серіковті кішкентайынан дайындаған.

«Кешегі ойынның әсері әлі ұмытылмай жатыр. Ол жерде оңай команда жоқ. Қазақстан құрамасының жартылай финалға шығуының өзі сенсация болды. Тарихта болмаған нәрсе. Осындай озық шәкірттерді дайындаймыз деп өзіміз де ойлаған жоқпыз. Шын көңілімізден сеніп, балаларды футболға үйретсек деп жұмысымызды ғана істедік. Күні-түні үй бетін көрмей, залда жүреміз. Сол еңбегіміздің ақталғаны болар, жоғары жетістікті өзіміз де күтпедік», – дейді Асхат Оспанбеков.

Асхат Оспанбеков әу баста жаттықтыруды өз бетінше бастаған. Екі мыңыншы жылдары балаларды жарысқа апаруға ақша болмай қалған кездер де жиі болған. Кейін жағдай түзелген соң жаттықтырушы ретінде түрлі курстарға қатыса жүріп, кәсіби деңгейлерін арттыруға ден қойған көрінеді. Әсіресе Түркиядан, Украинадан келген белгілі жаттықтырушылардан тактикалық тұрғыда көп тәжірибе жинақтаған. Қазір Аягөздің футбол мектебінен шыққан 11 ойыншы жоғары лигада өнер көрсетіп жүр.

«Біз балаларды үздік футболист қана емес, қоғамда жөні түзу адам болып қалыптасса екен деп ойладық. Шәкірттерімнің алды қазір 35-ке кеп қалды, олар енді өз балаларын жетектеп әкеліп біздің мектепке беріп жатыр. Отыз жылға жуық тарихы бар Аягөз футбол мектебі өз алдына үлкен орта болып қалыптасты. Кейінгі уақытта карантин шектеулеріне байланысты, жарыстар кешеуілдеп қалды. Десе де кәсіби командаларға үздік шәкірттерді дайындап шығарғымыз келеді», - дейді Әсет Мейрамханұлы.

ҚАЗАҚ ФУТЗАЛЫНЫҢ ЖАҢА ДӘУІРІ

Әсет Мейрамханұлының айтуынша, қазақ футзалының жаңа дәуірі басталды. Ал Аягөзден мықты ойыншылардың шығуының пәлендей құпиясы жоқ.

«Бұл жекелеген спорт түрі емес, командалық ойын болғандықтан осы мектептің түлектері Ұлттық құрамада ойын көрсетуі олардың деңгейін көрсетіп отыр. Мұнда ешқандай құпия жоқ, мықты ойнай алу керек. Ауылдан шыққан балалар Бразилия, Португалия сияқты үлкен командалармен тең өнер көрсетуге болатынын дәлдеп берді», - деп қуана жеткізді жаттықтырушы Әсет Мейрамханұлы.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасын алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына өтуімен құттықтады.

 «Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, керемет сенсация жасады. Құтты болсын! Алдағы ойындарына да сәттілік тілеймін!», - деп жазды Тоқаев твиттер аккаунтында.

Қазақстан құрамасы футзалдан әлем чемпионатының ширек финалында Иран командасымен қарсыласып, 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын.