×
441.41
477.78
4.84
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.41
477.78
4.84

Ақкенттегі өрт: Зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетіні хабарланды

05.08.2023, 12:21
Фото: Скриншот

Бүгін премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Алматыдағы «Ақкент» тұрғын үй кешенінде болған өрттің салдарын жою мәселесі қаралған. Смайылов көпқабатты ғимаратта болған өрттен 42 адам зардап шеккенін айтып, үкімет атынан қаза тапқан әйелдің туыстары мен жақындарына көңіл айтқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 16 қабатты үйдің кіреберісіндегі түтін туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына дереу екі бөлімше жіберілгенін хабарлап, үкіметке есеп берген. «Қаладағы көлік кептелісіне қарамастан, алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына 8 минутта жетті. 30 минут ішінде ол жерге 15 техника мен жеке құрамнан 75 адам жиналды» делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілер 80 адамды, оның ішінде 35 адамды арнайы құтқару бас киімінің көмегімен құтқарып  қалған.  Жалпы өрт сөндіру жұмыстары бір жарым сағатқа созылды. 4 тамыздағы жағдай бойынша 5 адам медициналық мекемелерде стационарлық ем шараларын қабылдап жатыр.

Министр өрт сөндірушілер жұмысының бірқатар факторға байланысты күрделене түскенін айтқан. Мәселен, аула ішіне қойылған автокөліктердің себебінен өрт сөндіру техникасына оқиға орнына қарай өту қиынға соққан. Сондай-ақ балкондардағы шұғыл эвакуациялауға арналған апаттық люктер жабық болған.

Өрттің себептерін анықтау үшін бірқатар сараптама тағайындалды. Тергеу аяқталғаннан кейін тиісті процессуалдық шешімдер қабылданатын болады.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы айтып берді. Атап айтқанда, кіреберістер мен зардап шеккен пәтерлерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ тұрғындарды уақытша басқа жерге орналастыру (пәтер жалдау) бойынша шығындарды өтеу көзделген.

Премьер-министр көпқабатты үйлерде өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын өзектендіріп, сондай-ақ тұрғын үй инспекцияларының жұмысын жандандыру қажеттігін атап өткен.

«Төтенше жағдайлар министрлігі өткізіліп жатқан оқу-жаттығулар аясында халықтың өрт кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауы тиіс», — деді үкімет басшысы.

Сонымен қатар премьер-министр барлық өңірде үй орамдарының инфрақұрылымын дайындау және оларды абаттандыру кезінде шұғыл қызметтердің қозғалысын да ескеру қажеттігін атап өтті, өйткені «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде ауладағы автомобильдер мен биік бордюрлар өрт сөндіру техникасының жұмысына кедергі келтірді.

Серіктес жаңалықтары