×
441.44
473.09
4.75
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.44
473.09
4.75

«Масылдық психологияға жол бердік»: Тоқаевтың сөзінен соң елде әлеуметтік көмек азая ма

07.02.2024, 12:16
Коллаж: ulysmedia.kz.

Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысында президент әлеуметтік көмектің кімге және қалай берілетінін  түгел қайта қарау қажеттігін айтқан еді. Яғни елде алдағы уақытта әлеуметтік көмек түрлері азая ма? Әлеуметтік көмек түрлері қалай өзгеруі мүмкін? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты вице-премьер Тамара Дүйсеноваға қойды.

Президент не дейді

Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент әлеуметтік салаға  айрықша назар аударуы тапсырған еді. Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз.

– Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар, – дейді ол. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға  көмек берілуі қажет. Жалпы, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қараған жөн, – деген мемлекет басшысы.

Тоқаев мемлекеттен көмек алу үшін  табысын әдейі азайтып көрсететін адамдар барын айтып, әлеуметтік көмекті кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс деді.

– Бұл мәселеде бір нақты шешім қабылдау қажет. Азаматтарды еңбекпен қамту – халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың маңызды бағыты. Қазір Еңбекпен қамту орталықтары жаңғыртылып жатыр. Осы жұмысты уақтылы аяқтау қажет. Оларға нақты нәтижесіне қарай, яғни жұмысқа орналасқан адам санына байланысты ақы төлеген жөн. Үкімет барлық амал-тәсілді зерделеп, халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа кешенді үлгісін ұсынуы керек, – дейді Тоқаев.

Дүйсенованың жауабы

Вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, көмек негізінен мұқтаж адамдарға берілуі керек деген қағидатқа маңыз берілетінін айтады.

– Әлеуметтік заңнамаларда қарастырылған ешқандай әлеуметтік көмектің саны кемімейді. Берерде тек мұқтаж адамдарға беру мәселесі айтылды. Яғни, әлеуметтік теңдікті қалыптастыру туралы айтылды. Сондықтан, мұқтаж адамдарға көңіл бөлетін боламыз, – дейді Дүйсенова.

Вице-премьерден “елде жағдайы жақсы болса да, әлеуметтік көмек алып жүрген азаматтардың саны қанша?” деп сұралған. Тамара Дүйсенова 3-4 жыл бұрын елде 2 млн адам атаулы әлеуметтік көмек алғанын, тиісті тексеріс жүргізіліп,сол адамның көбінің үй-жайы, табысы бола тұра атаулы әлеуметтік көмекті алып жүргені анықталғанын айтады. Оның сөзінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша 500 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмек алған.

Көмек алатындар саны 500 мыңнан азаюы мүмкін бе деген сұраққа Дүйсенова “мұқтаж болса сол 500 мың адам алады” деді.

Серіктес жаңалықтары