Қазақстан жоғары аудиторлық палатасының (ЖТП) төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық ұлан мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына аудит жүргізілетінін хабарлады, деп жазады Ulysmedia.kz.
СМАЙЫЛОВ НЕ ДЕЙДІ
Жалпы, тоғыз айдың қорытындысы бойынша ЖАП 9 триллион теңгеден астам соманы қамтитын 18 аудит жүргізді. Жыл соңына дейін бірқатар аудиторлық іс-шаралар жоспарланған.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы субсидиялаудың тиімділігі бағаланады. Нәтижелерін желтоқсан айында мәжілістің жалпы отырысында ұсыну жоспарланған.
Бұдан басқа, ЖАП көлеңкелі экономикаға, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларының тиімділігін зерттейді. Сондай-ақ ұлттық ұлан мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына аудит жүргізіледі.
АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ
Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Қорғаныс министрінің орынбасары – генерал-майор Бақытбек Сыдықов қарулы күштерде соңғы төрт жылда 40 әскери қызметкер өзіне қол салғанын хабарлаған. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын айтқан.
ӘСКЕРДЕГІ БУЛЛИНГ
Әскери саланы зерттеп жүрген журналист Амангелді Құрмет әскердегі, қала берді қоғамдағы буллинг қоғамның мәдени, құқықтық санасының көрінісі десе, әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек бүгінгі қазақ қоғамындағы зорлық, әлімжеттік, адам тұлғасын қастерлемеу сынды теріс әрекеттердің себебі тоталитар жүйемен тығыз байланысты екенін айтады.