Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке қойды.
ТРАМП НЕ ІСТЕЙТІНІН КӨРЕЙІК...
Ресейде доллар 99 рубльге арзандағанын бұған дейін Ресейдің орталық банкі хабарлаған еді. Көрші елмен экономикасы тығыз байланысты Қазақстанға бұл қалай әсер етеді?
– Оларда болып жатқан қазіргі құбылыс – салық аптасы. Қазір Ресейдің экспортшылары салығын төлеп жатыр. Сондықтан, ол уақытша құбылыс. Нақты білмеймін. Өйткені ол рубль бағамы. Бірақ рубльдің қазіргі күшеюіне ең үлкен үлес қосқан фактор – салық аптасы. Одан кейін көрейік.
Трамп қаңтар айында президенттігіне кірісетінін білеміз. Алғашқы жарлықтары қандай болады? Әлемнің энергетика, қаржы нарықтарына қалай әсер етеді? Оның бәрі белгісіз. Көрейік. Содан кейін болжам жасаймыз, – деді Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы теңгенің бағамына байланысты Ұлттық банк болжам бере алмайтынын айтады. Оның айтуынша, теңгенің долларға шаққандағы бағамы реттелген (515-520 теңге шамасында).
– Ол теңгенің долларға деген жаңа деңгейі. Осы сандар аралығында болатын секілді, – деді ол.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
28 қарашадағы Қазақстанның айырбастау пункттерінде валюталардың орташа өлшенген бағамы белгілі болды. Доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізді.
Артынша Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.