×
448.56
478.03
4.79
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
448.56
478.03
4.79

«Мұнайсыз болашақ»: Қазақ экономикасын қай сектор құтқара алады

24.12.2021, 10:35
Фото: ашық дереккөзден

Миллиардер Пол Гетти тірісінде «ертерек тұруды, көбірек жұмыс істеуді және мұнай өндіруді» өзінің жетістікке жету формуласына теңеген екен. АҚШ-та өткен мұнай магнатының бұл ұстанымының соңғысы Қазақстанды 30 жылдан бері сүйреп келе жатыр ма дерсің. Ал Қазақстанның бюджет шығынын жылда жауып жүрген мұнай-газ бен шикізат көздерін келешекте экономиканың қандай секторлары алмастыра алады? Ulysmedia.kz порталы бұл мақалада осы сұраққа жауап іздеп көрді.

МҰНАЙ ШЕҢБЕРІ ТАРЫЛЫП БАРАДЫ

Осы жылдың 9 желтоқсанында өткен үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев биылғы 11 айдың ішінде мемлекеттік бюджетке 10 трлн 179 млрд теңге, ал республикалық бюджетке 6,7 трлн теңге кіріс түскенін мәлім етті. Жалпы кірістер бойынша жоспар 109 млрд теңгеге асыра орындалған. Салық түрлері бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративті табыс салығына, шикі мұнайға салынған экспорттық кеден бажына және пайдалы қазбалар өндірісіне салынатын салыққа тиесілі. Бұл ретте шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың асыра орындалуына мұнай бағасының биыл 48,7% өсуі әсер еткен.

Қазақстан билігінің «қара алтынға» тәуелділігі осы есептен-ақ байқалады. Ұлттық қорды мұнайдан түскен табыспен толтырып, кейін оны трансферт күйінде пайдалану да – «дәстүрге» айналып барады.

Коронавирус шикізатты өткізіп келген мемлекеттердің бас ауруына айналды. Баға құлдырады, дәстүрлі нарықтар сұранысты азайтты. Ізінше шикізаттан түсетін салық түсімі азайғаннан кейін мемлекет көлеңкелі экономикамен күресе бастады. Сұраныс та, баға да қайта өсіп келе жатқанымен, экономиканы әртараптандырмай дағдарыстың еңсерілмейтін түрі бар. Ал әлемдегі аналитикалық агенттіктер мен инвестициялық банктердің зерттеуінше, мұнайға деген сұраныстың шарықтау шегі 2030 жылы, тіпті одан да ерте келуі ықтимал. Мәселен, Equinor (Норвегиядағы ірі мұнай компаниясы) бұл мерзімнің 2027-2028 жылдары келетінін болжаса, British Petroleum (штаб-пәтері Лондонда орналасқан трансұлттық мұнай компаниясы) тұспалдауынша, 2050 жылға қарай мұнайға сұраныс қазіргіден екі есе төмендейді.

Мұндайда мұнайға сенген қазақ экономикасының күні не болады?

ТРАНЗИТ ӘЛЕУЕТІ

Алдымен бұл сұрақты экономист Қайырбек Арыстанбековке қойып көрдік. «Әлбетте, мұнай мәңгі емес» деп бастады ол әңгімесін. Мұнайдың азаюы, бағасының төмендеуі, тіпті таусылуы да ықтимал.

«Бұрын экономиканы әртараптандырумен айналысып келсек, енді салық көздерін әртараптандыру саясатын жүргізу керек. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дейін мұнай-газ секторы кірістің 60-65% қамтамасыз етіп келді. Екінші орындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі – шамамен соңғы он жылда 7-10% болды. Жылжымайтын мүліктің жалға беру, сату секторынан біраз кіріс түсті. Сауда секторының үлесі 5%, құрылыс 4-5%, ауыл шаруашылығы 1%, тіпті одан да аз болып келді. Білім беру 1-2%, мемлекеттік басқару 1-2% болды», - дейді ол.

Фото: Арыстанбек Қайырбеков

Экономист енді елдің мұнай-газ секторының аясы азайып, түсімдер кеміп жатқан кезде ең потенциалды сектор – транзиттік әлеует екенін айтады. Яғни Жібек жолы шеңберінде Қазақстан іске қосқан инфрақұрылым – Қорғастан Ресейге дейінгі тас жол, Ақтау теңіз порты, Түрікменстанмен теміржол, жалпы автобан арқылы тасымалдаудан келетін түсімді арттыру керек.

ЛАТИФУНДИСТЕР ЫҒЫСАР ЕМЕС

«Келесі үлкен бағыт – өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті. Кірістің 10% дейін осы сала қамтамасыз етіп келді. Егер бұрынғыдай жемқорлыққа жақындатпай, осы бағыттағы жобаларды лайықты түрде жүзеге асырсақ, онда өңдеу өнеркәсібінен түсетін кірісті 15% көтеруге болады. Келесі сала – біздің дәстүрлі ауыл шаруашылығы секторы. Бірақ әлем тәжірибесіне зер салсақ, ауыл шаруашылығы көп қаржыландыруды талап ететін, субсидияланатын сектор. Бірақ бізде халқымыздың 38% ауылда тұратындықтан, ауыл шаруашылығын көтеру керек», - дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Сарапшы осы ретте ауыл шаруашылығын дамытуға кедергі келтіріп тұрған мәселені атады. Айтуынша, космомониторингпен зерделеу мәселесіне президент Тоқаевтың өзі назар аударған. Шамамен 26-28 млн гектар жерді латифундистер иемденіп, дұрыс пайдаланбай жатқаны айтылып жүр.

«Ал жалпы Қазақстанда ауыл шаруашылығымен айналысқысы келгендерде шамамен 34-35 млн га жер керек екен. Сол жер жетіспей жатыр. Теңгерімсіздік осыдан байқалады. Құрылыс секторының экономикадағы үлес салмағы шамамен 6-8%. Ал бюджеттегі кірісі 5-7% төңірегінде. Егер біз құрылыс материалдарының импортын азайтсақ, құрылыс жағынан бюджеттің кіріс бөлігін 10-12% көтеруге болады. Сонда ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, транзиттік әлеует, құрылыс – мұнай-газ секторының бәрін жаппаса да, осы секторлар 70-80% орнын жаба алады. Заманға сай секторларды да ұмытпау керек. Ақпараттық сектор, цифрландыруға байланысты биткойн дейміз – сол сияқты жаңа салаларды шошытып алмай, салық жүгін ақырындап енгізу керек», - деп түйді экономист.

МҰНАЙДЫ БІЛІМ АЛМАСТЫРА АЛАДЫ

Ал экономист Жарас Ахметов «Мұнайды не алмастырады?» деген сұраққа емес, «Мұнайды не алмастырса жақсы болар еді?» деген сұраққа жауап бергісі келетінін мәлім етті.

«Ең бірінші кезекте, біздің шикізат секторын білім беру саласы алмастырса деп тілейтін едім. Себебі дамуы даңғыл болмаса да бұл салада белгілі бір әлеует бар. Оны өркендету керек. Білім беру саласы – біздің экономикалық өсімнің драйвері, локомотиві бола алады. Технологиялары, өндірістік қуаты да басым бұл саланың. Бәсекелі орта да жаман емес. Қасымызда білім беру саласы қатты дамымаған Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей де бар керек десеңіз. Бұл менің тілегім әлбетте. Ал оны жүзеге асыра аламыз ба, жоқ – ол жағын айта алмаймын», - дейді Жарас Ахметов.

Фото: Жарас Ахметов

Сарапшы ең бірінші кезекте билік тарапы ой еркіндігіне рұқсат беру керек деп есептейді. Айтуынша, көрші Ресейде де, бізде де бұл жағынан жағдай мәз емес. Егер билік ой мен шығармашылық еркіндігіне рұқсат берсе, оның ықпалы білім беру саласына тың серпін берер еді.

«Көрші елдер ой еркіндігін аңсап, айдаладағы Парижге емес, бізге келер еді. Бұл – экспорттық қызмет жағынан үлкен қаржы әкеле алады. Бұл шаруаны атқару үшін қомақты инвестицияның да қажеті жоқ», - дейді ол.

«Ал ауыл шаруашылығының әлеуетіне қалай қарар едіңіз?» деген сұраққа экономист былайша жауап берді.

«Агрохолдингтер құрылмайынша, ауыл шаруашылығында өсім болмайды. Қалыпты нарықтық тетіктер жұмыс істей бастаған кезде ол  сала жоғары өсімге жетеді. Алайда оның үлесі жалпы ішкі өнімнің ішінде бәрібір аз болады. Өйткені ауыл шаруашылығы саласында қосылған өзіндік құн соншалықты көп емес. Дәстүрлі түрде солай. Әлбетте, ауыл шаруашылығын дамытып, экспортын ұлғайту керек. Алайда оның үлесі ЖІӨ ішінде бәрібір аз болады. Барлық елде солай. АҚШ-тың да, Германияның да ЖІӨ-мін қарап көріңіз. Оларда да шығым жоғары, табыс көп – алайда ЖІӨ-дегі үлесі бәрібір аз. Өйткені оларда басқа сала тым алға шығып, дамып кеткен», - дейді Жарас Ахметов.

ЭКОНОМИКАНЫ ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ӘРТАРАПТАНДЫРУ КЕРЕК

EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының аналитигі Андрей Чеботоревті де сөзге тартып көрдік. Сарапшы мұнайдың барына шүкір дейді.

«Мүлде ештеңеміз болмаса, тіпті қиын болар еді. Алайда мұнайдан түскен табысқа кіріптарлықтан арылу үшін пайда көзін өзгерту керек. Бұл бағытта ең көп тараған әдіс – оны қосылған құны жоғары технологияларды экспортымен алмастыру. Мәселен, Оңтүстік Корея техника мен көлікті сатып, АҚШ техника мен электроникадан пайда көріп, Еуропа ұшақ жасап, солай пайда көріп отыр. Өкінішке қарай, біз әлі мұнай сатып, құйма өткізіп, шикізатты саудалап отырмыз. Ал осы шикізатымызды сатып алған ел одан «Тойотаны» да, ұшақты да шығарады», - деген экономист ең алдымен экономиканы әртараптандыру керектігін айтады.

Фото: Андрей Чеботорев

Аналитик экономиканы революциялық жолмен әртараптандыруға болмайтынын, оның эволюциялық жолмен, біртіндеп жасалатын айтады. Мысалы былтыр ғана Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің үлесі тұңғыш рет тау-кен өндірісінің үлесінен асып кеткен. Яғни бізден шығарылған өнім өңделіп, оның үлесі металлдар мен құймалардың құнынан асып кетті деген сөз.

«Ауыл шаруашылығы мұнайдың орнын алмастыра алмайды. Өз басым жалпы ауыл шаруашылығы саласында біз ауқымды идеялардан бас тартуымыз керек деп есептеймін. Біз ауыл шаруашылығынан асыра пайда таба алатын ел емеспіз. Жеріміздің көбі жартылай шөл. Біздегі климат ауыл шаруашылығы саласында бәсекелесуге мүмкіндік бермейді. Өнімнің  бір бөлігін шетелден сатып алғанда тұрған ештеңе жоқ. Көп елде солай. Ал әлеуетті тұрғыда біз көш басына шыға алмайтын салаға миллиондап, миллиардап ақша бөлудің өзі біртүрлі. Туризм дейсіз бе? Неге дамытпасқа? Алайда оны өркендету үшін алдымен оған көп ақша салу керек. Біздің тауларымыз, өзендеріміз әдемі десек те, айналып келіп, климат мәселесіне тірелеміз. Туристік нысандардың бәрі де бізде жыл бойы қызмет көрсете алатын жағдайда емес», - деп түйді Андрей Чеботорев.

Серіктес жаңалықтары