×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Бір донордан 10 бала туған соң келісім-шарт тоқтайды - фоторепортаж

19.11.2021, 11:00
Бір донордан 10 бала туған соң келісім-шарт тоқтайды -  фоторепортаж

Бедеулік мәселесімен күресудің бір жолы – донор сперматозоидын пайдалану. Алайда рулас туыстардың бір-бірімен қосылуынан қауіптенетіндер бұл тәсілді құптай бермейді. Ulysmedia.kz тілшісі донор болудың талаптары мен жұмыс істеу тәртібін білу мақсатында елордадағы клиникаға арнайы барды.

ҰРЫҚ ДОНОРЛЫҒЫНЫҢ ЕКІ ТҮРІ БАР

Бізді тіркеу бөлімінен күтіп алған орталықтың репродуктолог маманы Гүлнар Тілеулесқызы әңгімесін бастап, орталықтың жұмыс барысымен таныстыру үшін бірге еріп жүрді. Айтуынша, 30 жылдан астам уақыт ЭКҰ саласында қызмет етіп келе жатқан маманның алдына бала сүйгісі келген ерлі-зайыптылар түрлі жағдаймен келеді. Осы сәтте оларға көмекке келетін ұрық донорлығының екі түрі бар.

«Ерлі-зайыптылар өздігінше бала көтере алмаған жағдайда ұрық донорлығына жүгіне алады. Өмірде түрлі жағдай болады. Кейде операциядан соң дене мүшесін алып тастауға тура келді. Немесе қандайда бір аурудан жұмыртқа жасушасы мен ұрық жарамсыз болып жатады. Одан бөлек эндокриндік жүйедегі қандай да бір бұзылыстардан жатырдың түйіскен тұстарында қабыну жүреді. Айта берсек, бедеулікке әкелетін себеп түрлері көп. Қазақстандағы көптеген клиникаларда, оның ішінде біздің орталықта адамның өзінің ұрық жасушасын пайдалану арқылы ұрықтандыру мүмкіндігін барынша қарастырамыз. Яғни, хирургиялық тәсілмен ұрықты алып, жатырға орналастырамыз», - дейді Гүлнар Тілеулесқызы.

Репродуктолог Гүлнар Тілеулесқызы

ҰРЫҚ ҚАЙ КЕЗДЕ ЖАРАМСЫЗ 

Маманның айтуынша, белсіздікке шалдығатын ерлердің үлесі жыл өткен сайын артып бара жатыр. Көп жағдайда ұрықтың сапасы мен саны жағынан әлсіз келеді екен. Ерлер белсіздігінің басты себебін бей-берекет жыныстық қатынаспен байланыстырған маман жас жігіттерге салауатты өмір салтын қатаң ұстану керек екендігін назарға алды.

«Жас жігіттер арасында жыныстық қатынас кезінде инфекция жұқтырып, оны өз бетінше емдеуге тырысатындар көп. Дұрыс емделмеген жағдайда инфекцияның зардабынан ұрық шығатын жолдар бітеліп қалады. Осындай жағдайда ұрықты жұмыртқадан хирургиялық тәсілмен немесе инемен аламыз. Айына кем дегенде екі рет осындай операция жүргіземіз. Гормондық, генетикалық бұзылыстар болған кезде, емделушінің ұрығы жарамай қалады. Осындай кезде донорлық бағдарлама ұсынамыз», – деп сөзін жалғады ол.

Орталықта барлығы алдын-ала жазылу арқылы жүретіндіктен бейсауат жүрген көп ешкім көзге түсе қоймайды. Оның үстіне санитарлық талаптар қатаң сақталатын болғандықтан процедуралардың барлығы жабық өтеді. Біз тіркеу бөлімінен шығып, екінші қабаттағы жұмыс бөлмелерінің бірінің алдына келіп тоқтадық.

ДОНОРҒА ВИДЕО КӨРСЕТІЛЕДІ

Донор болғысы келген еріктінің алғаш бас сұғатын орыны да осы «Ерлер бөлмесі». Мұнда арнайы диван қойылған, сондай-ақ теледидар арқылы болашақ донорға эротикалық видео көрсетіледі. Таңырқағанымызды дәрігер байқаған болуы керек, «Арнайы медициналық клиникалар үшін түсірілген видеолар пайдаланылады», деп күлді. Осы орында мастурбация арқылы алынған шәуетті терезеден арнайы маманға тапсырады.

«Ұрық донорлығы туралы айтар болсақ, көп жағдайда жақын туыстарының ұрығы пайдаланылады. Туған ағасы, інісі болама, тараптар өзара келісімге келеді. Тапсырылған шәуеттің сапасы жоғары болған жағдайда ары қарай кешенді анализ тапсыруға жібереміз. Бұл арқылы инфекция қаупі бар, жоқтығын анықтаймыз», - деді маман.

Зертхана таңғы сағат 08-00-ден бастап жұмыс істейді. Мұнда инфекциялық, генетикалық ауруларға байланысты кешенді анализдер тапсырылады

ДОНОР БОЛУҒА ӘЙЕЛІНІҢ РҰҚСАТЫ КЕРЕК

Оның айтуынша, көп жағдайда донор болуға жақын туыстары көмекке келіп жатады. Ал туысы жоқ болған күнде бөтен донордың ұрығы салынады. «Қазақтар арасында туыссыз адам болмайтындықтан бұл сирек кездесетін жағдай», деген маман донор болуға қойылатын басты талап – денсаулық мықтылығы екенін айтты. Сондай-ақ, үміткердің зиянды әдеттерден аулақ болуы, яғни темекі шекпеуі, ішімдік ішпеуі қатаң қадағаланды. Орталық сұратқан қажетті анықтамаларды жинаған донорға әйелінің жазбаша рұқсаты керек.

– Ондай адам табу қиын шығар?

– Әрине, сондықтан да бізге келетін 100 адамның төртеуі ғана жарамды болып шығады, деген Гүлнар Тілеулесқызы мен Ecolife орталығы директорының орынбасары Гүлжахан Зарлыққызы бізді криоқоймаға бастап апарды. Мұнда бөгде адам кіре алмайды. Санитарлық талаптарды сақтау өте маңызды. Сондықтан ақ халат пен телпектен бізге де бір-біреу кигізді.

ҰРЫҚТЫ САҚТАУ ЕРЕЖЕЛЕРІ 

Ішке кіргенде қаз-қатар қойылған бөшкелер бірден көзге түседі. Сыртына жапсырылған атауларынан-ақ ұрық сақтайтын ыдыстар екенін бірден аңғарасың. Онда да күрделі анализдерден сәтті өткен жарамдылары. Мәселен, сыртында жапсырмасы бар мына бөшкеде «болашақ адамзат балалары» -20 градус сұйық азотта алты ай шамасында қатырылады.

Заң бойынша, ұрық қатырылған күйде және алты айдан кем емес уақыт сақталуы тиіс. Одан соң донормен алты ай ішінде зиянды әдеттерге бармайтыны жөнінде келісім-шартқа отырып, ол жарты жылдай бойын таза ұстауға міндетеледі, Қайта анализ тапсырып, барлығы жақсы шыққан жағдайда ғана ұрық қолдануға жарамды деп танылады.

ДОНАРЛАРҒА ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙЫЛАДЫ

Донор болудың басты талыбы үміткердің жасы 35-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ психологиялық һәм физикалық тұрғыда сау болуы негізгі шарттардың бірі. Сондай-ақ донордың генетикалық тұрғыда сау туған баласы болуы да міндетті. Осыдан да болар Қазақстанда ерікті және сау донор табу өте қиынға түседі.

«Донор таңдап алу өте күрделі жұмыс. Біріншіден, донор болуға келетіндер өте аз. Екіншіден, анализ талаптарына сай келетіндері сирек. Іріктеу өте қатаң жүретіндіктен, үздіктердің үздігі ғана өте алады. Дамыған батыс елдерімен салыстырғанда ұрық донорлығының даму көрсеткіші Қазақстанда өте төмен деңгейде. Бұған ұлттық менталитеттің де рөлі бар», – дейді әңгімеге араласқан Гүлжахан Зарлыққызы.

ДОНОРҒА ҚАНША ТЕҢГЕ ТӨЛЕНЕДІ 

Ел арасында донор болу арқылы пайда табуға болады екен деген қаңқу сөз де жиі айтылады. Гүлнар Тілеулесқызының айтуынша, донорға берілетін бір реттік қаржылай сыйлық көлемі – 20 мың теңге. Бұл кей отбасылы студенттер үшін айтарлықтай көмек болуы мүмкін екенін айтқан ол жұмыс уағында болған мына бір оқиғаны әңгімелеп берді.

«Ұрық тапсыруға бір жас жігіт үнемі келе беретін. Жалпы келушілерден бірден мақсатын сұраймыз. Кей денсаулығы мықты студенттер ақша керек болғанын жасырмай айтады. Бұл жігіттің ұлты еврей екен, Қазақстандағы шетелдік компанияда жұмыс істейді. Одан неліктен донор болғыңыз келеді деп сұрағанымызда, «еврейлердің көп болғанын қалаймын» деп жауап берді. Меніңше бұл жақсы идея сияқты. Бір балаға зар болған қаншама ерлі-зайыпты бар екенін басына түспеген адам біле бермейді. Донорлық көп отбасын ыдырап кетпеуден сақтап қалып отыр», – дейді ол.

Дәлізде қасымыздан өте берген екі әйелді сөзге тартып көрдік. Осы клиниканың емделушілері екен. Қолдарындағы фотосуреттерін көрсеткен олар бүгін бірінші рет УЗИ-ға түскенін, құрсағындағы сәбиін алғаш рет көргенін айтып, қуанышын жасырмады.

«Жасым 35-те, бедеулік деген диагноз қойды. 11 жылдан соң жүкті болдым, өте қуаныштымын. Бұрын ағайындарының баласын бауырына салып алған ғой. Қазір ешкім баласын бермейді. Сондықтан ұрық донорлығы мұқтаж адамдарға керек қызмет», – дейді олардың бірі.

Репродуктивті биоматериалдарды беру әйелдер арасында да танымал қызмет. Рас, аналық жасушаны жинау процедурасы сперматозоидтарға қарағанда әлдеқайда күрделі. Әйел ұрығын алу үшін наркоз беріліп, шағын операция жасалады. Алынған 7-10 ұрық арнайы орында сақталады. Мұндай қызмет үшін әйелдерге қымбат төленеді. Бірақ орталық мамандары оның құнын бізге айтуды құп көрмеді. Дәрігер Айсұлу Кленова пункция процедурасын жасауға кіріскелі жатыр, яғни аналық жасушалар дәл осылай операция арқылы алынады.

Сырттай бақылап тұрған бізге репродуктолог Гүлнар Тілеулесқызы «Оқу оқып, жұмыс істеп жүргенде жасы 45-ке келіп қалған әйелдер бала көтергісі келеді. Бұл жаста әйел ұрығы таусылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда жақын сіңлісі, туысы көмекке донор ретінде келе алады. Кей жағдайда карьерамен жүрген қыздар кейін пайдалану үшін ерте бастан ұрық жасушаларын қатырып қоюға береді», – деп түсіндірді. 

Айтуынша, донор болғысы келетін әйелдерге де қойылатын талаптар ерлермен бірдей. 35 жасқа толмаған, денсаулығы мықты әйел тиісті анализдерден соң донор бола алады. Маманның сөзіне сүйенсек, үлкен қалаларға қарағанда кішігірім ауылдарда бедеулік көрсеткіші төмен. Қозғалыс, спорт, дұрыс тамақтанудың маңызы зор.  

«Кейде бір ауыз сөзден кейін жүкті болып қалатын әйелдер болады. Өйткені қазір әйелдердің иығында жүк көп. Бұрынғыдай үйде отырып, бала тууға ғана міндеттемейді. Өзін, отбасын, жақын-жуығын да ойлағандықтан бала туу деген ойы кейінге шегіріліп қалып жатады. Бедеуліктің психологиялық факторлары бар екенін жоққа шығармаймыз», - дейді Гүлнар Тілеулесқызы.

Орталықтың шам-шырағы – эмбриология бөлімі. Мұнда жасанды ұрықтандыру процедурасы жүреді. Жасушаларды мыңдаған есе үлкейтіп көрсететін арнаулы микромонипулятор құрылғысымен жұмыс істейді. Эмбриолог Айгүл Төлешованың айтуынша, бұл қымбат тұратын техника. Дәл қазір жасанды ұрықтандыру, яғни икси процедурасы жүріп жатыр.

Эмбриология бөліміне артылар жүк көп. Мұнда эмбриондардың күнделікті өсуі, жағдайы бақыланады. Жасанды ұрықтандырудан соң арнаулы инкубаторға салынған эмбриондар 5 күн бойы бақыланады. Жарығы аз, күңгірт бөлеме ішінде құдіретті тылсым бардай құпия, жұмбақ көрінеді. 

Орталықта бедеулікті, белсіздікті емдеу, ұрық донорлығынан бастап, жүктілікке дейінгі барлық ем-шаралар кешенді түрде көрсетіледі. Қажет болған күнде жүкті әйелдер күндізгі стационарға жатқызылады. Мұнда 70-ке жуық қызметкер жұмыс істейді. 


P.S. Жеті атаға дейін қыз алыспау – қазақ арасында ертеден келе жатқан жазылмаған қатаң ереже. Бұл физологиялық және психологиялық ауытқу тудыруы мүмкін генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы. Ұрық донорлығы тәжірибесі өмірімізге дендеп енгелі бері жақын туыстар шатысып кете ме деп қауіптенетіндер де баршылық.  Адам репродукциясы және эмбриологиясы Еуропалық қоғамы (ESHRE) орта есеппен 800 мың тұрғыны бар аумақта бір донордан 20 бала тууына рұқсат береді. Ортақ халықаралық тәжірибені ескерген Қазақстан донорлық жүргізу қағидалары мен шарттары туралы заңда «Бір донордан 10  баланың тууы реципиенттері үшін бұл донорды пайдалануды тоқтатудың негізі саналады», деп бекіткен. Мамандар 19 миллионнан астам тұрғыны бар Қазақстан үшін бұл көрсеткіш қауіпті емес деген ұстанымды алға тартады.