×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Ақпарат министрлігі TikTok-та рулар жарысын өткізетіндерді тексереді

29.08.2024, 12:05
Ақпарат министрлігі TikTok-та рулар жарысын өткізетіндерді тексереді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі TikTok әлеуметтік желісінде қазақтың руларын тізіп жазып, жарыс өткізетіндерді тексеретін болды. Бұл жөнінде ведомство Ulysmedia.kz порталының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Құқықтық мониторинг жүргізіледі

Бұған дейін Ulysmedia.kz порталы TikTok әлеуметтік желісінде қазақтың руларын тізіп жазып, жарыс өткізетіндер көбейгенін хабарлаған еді. Осы жөнінде Мәдениет және ақпарат министрлігіне хат жолданған. Жауап Ақпарат комитеті төрағасының міндетін атқарушы І.Есмағұлдан келді. Ол жауабында БАҚ-та да, әлеуметтік желіде де рулық үстемдікті насихаттауды немесе үгіттеуді қамтитын түсініктемелерді жариялауға жол берілмейтінін хабарлайды.

– Министрлік заңнамада көзделген шараларды қабылдай отырып, сіз хатта көрсеткен «TikTok» онлайн-платформасында орналастырылған жарияланымдарға құқықтық мониторинг жүргізетін болады, - делінген министрліктің жауабында.

Рулық азауыздықты қоздырғаны үшін жауапкершілік

Министрліктің өкілі Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде трайбализмнің кез келген түрін айыптайтынын атап өтеді. «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң нәсілдік, ұлттық және рулық алауыздықты, соның ішінде зорлық-зомбылыққа немесе зорлық-зомбылыққа шақыруға байланысты кез келген әрекетті ұлттық экстремизмге жатқызады. Рулық алауыздықты қоздыруға, экстремизмді немесе терроризмді насихаттауға және ақтауға бағытталған мәліметтер мен материалдарды қамтитын масс-медиа өнімдерін таратқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін (ҚР ӘҚБтК 453-бабы, ҚР ҚК 174-бабы) ескертеді.

– «Масс-медиа туралы» заңның 67-бабының 4-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иесі, бас редакторы (редакторы) рулық басымдықты насихаттауды немесе үгіттеуді қамтитын хабарламалар мен материалдарды таратқаны үшін Қазақстан заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартылады. Заңның 23-бабының 3-тармағына сәйкес рулық үстемдікті насихаттау немесе үгіттеу Қазақстан заңдарында белгіленген тәртіппен масс-медианы немесе бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруды не масс-медиа немесе бұқаралық ақпарат құралдары  өнімдерін таратуды тоқтата тұру үшін негіз болып табылады, – делінген жауапта.

Руларды қалай жарыстырады

Аталған әлеуметтік желіде бір емес, бірнеше қолданушы рулар жарысын өткізіп, табыс тауып отыр. Ойын ережесі оңай: рулардың тізімі келтіріледі. Кім руының атын жазып, Каспий банк нөміріне ақша жіберсе, сол рудың есімін жоғары қояды. Пікір қалдыратын жерде адамдар кейде бір-бірімен ерегесіп, дауласып отырады.

Бұл заңмен қудалануы мүмкін бе

Ulysmedia.kz тілшісі “бұл заңмен қудалануы мүмкін бе? Елдегі трайбализмді күшейтер көрінісі бар ма?” деген сұраққа жауап іздеп заңгерлерге қоңырау шалып көрген.

Адвокат Айжан Дәрібаева бұл жағдайдан заңға қайшы әрекет көрмейді.

– Моральдық тұрғыда баға бермей-ақ қояйын, алайда заңды тұрғыда жауапкершілікке тарту мүмкін емес деп ойлаймын, өйткені азаматтар өз еркімен ақшасын жіберіп жатыр, – дейді заңгер.

Дегенмен, бұған балама пікір бар. Тағы бір заңгер ақшаны тек коммерциялық емес ұйымдар қайырымдылық мақсатпен жинай алатынын ескертеді.