Ulysmedia.kz порталы заңсыз шығарылған активтерді елге қайтаруға байланысты жаңалықтар легін жалғастырады. Редакцияға Қаржы министрлігінің жолдаған жауабында қайтарылған активтердің ішінде 196 зергерлік бұйымы бары жөнінде ақпарат келіп жетті.
ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Жалпы елде заңсыз иемденілген активтерге жауапты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (ҚАБК) құрылған. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың жауабына сүйенсек, ақшалай нысандағы активтерді қоспағанда, ерікті немесе мәжбүрлі сипатта мемлекет меншігіне қайтарылған активтер осы ҚАБК-ның – Басқарушы компания мүлкі құрамына қабылданады. Заң шеңберінде қайтарылған ақшалай қаражат тікелей Арнаулы мемлекеттік қорға аударылады. Ал Басқарушы компания түскен активтерді сатып, одан түскен қаражатты қорға аударады. Активтер ерекшелігіне қарай, сатылуы да, жалға берілуі де, сенімгерлік басқаруға беріліп, консервациялануы да мүмкін. Ал мемлекет мүддесі бар активтер мемлекет меншігіне берілуі ықтимал.
«Активтерді басқа мемлекеттік органдардың және мекемелердің балансына беру жүзеге асырылған жоқ. Басқарушы компанияның ақпараты бойынша оның балансына 2024 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы сомасы 46,9 млрд теңгеге актив қабылданды, жалпы құны 38,2 млрд теңгеге активтерді беру шарттарына қол қойылды, 0,39 млрд теңге сома актив беру процесінде», - делінген жауапта.
ЗЕРГЕРЛІК БҰЙЫМДАР ЖАЙЛЫ
Сондай-ақ Басқарушы компания балансында 196 зергерлік бұйымдар бар. Жақын арада қайта бағалау рәсімі өткізілгеннен кейін бұл бұйымдарды мемлекеттік мүлік тізілімінің порталында www.e-qazyna.kz аукцион арқылы өткізу жоспарланып отыр. Сатудан түскен барлық қаражат Арнаулы мемлекеттік қордың шотына аударылады.
ҚОРҒА ҚАНША ҚАРАЖАТ ЖИНАЛДЫ
Дәурен Темірбековтың сөзінше, 2024 жылдың 9 қыркүйектегі жағдай бойынша қорға түсімдер 176,3 млрд теңгені құраған. Оның ішінде Басқарушы компаниядан түскен қаражат 5,7 млрд теңге (активтерді сатудан және басқарудан қаражат). Бұл – бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бөлінген сомаға тең қаражат.
Қор қаражатты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсайды. Қор қаражаты есебінен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібі Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларында айқындалған. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган - Ұлттық экономика министрлігі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратураның активтерді қайтару жөнінде комитеті10 млн долларды қайдан алғанын түсіндіре алмаған азаматтардың сол ақшасы, мүліктері мемлекет кірісіне айналғанын хабарлаған еді. Ол азаматтың байлығының ішінде Сақ дәуірінен басталатын тарихи-мәдени мұрағаттар да бар болып шыққан. Енді осы мұраларды мемлекет Ұлттық музейге өткізгелі отыр.