«Экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен 7 жылға сотталған Думан Мұхамедкәрім құқығы өрескел бұзылуына наразылық білдіріп, өзінің ішін, білегін, мойнын тілген. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісіне журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтты.
Оның сөзінше, Думан Мұхамедкәрім өзін Талдықорғандағы тергеу изоляторынан Заречный кентіндегі түрмеге ауыстыруды талап еткен.
Ғалым Нұрпейісов журналисті сындыру үшін Талдықорғандағы тергеу изоляторы оны суық карцерге қамап тастағанын айтады.
“Олар сындырғысы келіп жылы киінбеген Думанды төсегі, орындығы жоқ бетон карцерге қамап тастаған. Думан наразылық ретінде қолын, мойнын және ішін тіліп, қанмен қабырғаға “Оян, қазақ” деп жазған. Оны көрген арнайы топ жүгіріп келіп, сол жерде карцерден шығармастан медициналық көмек көрсеткен. Изолятор бұл деректі тіркемеген. Бірақ карцерден шығармай қойған. Думан бұған наразылық білдіріп қайтадан өзін тілгілеп тастады” деген қорғаушы осыдан кейін барып оны камераға ауыстырғанын жеткізді.
Ғалым Нұрпейісов заңға сай, қазір Думан Мұхамедкәрім Заречныйдағы түрмеде отыруы керектігін жеткізді.
“Заречный қабылдауға дайын емес дейді. Қалай сонда? Думан лидер ғой. Ол түрмеде адамдарды өзіне қаратып алады деп ойлап оны ол жаққа жібермей отыр. Оның үстіне түрмеде сотталушылар жүреді, далаға шығады. Ал тергеу изоляторында ол жоқ. Солай Думанға әдейі қысым жасалып отыр” дейді құқыққорғаушы.
Адвокат Думанның құқығы өрескел бұзылып отырғанын, тергеу изоляторы болған жайтты өзіне хабарламағанын мәлім етті. Жағдайды Думанға барған кезде білген. Осыған байланысты қылмыстық атқару жүйесі комитетіне шағым түсірмек.
Ал Думан құқығы тапталғанына наразылық ретінде аштық жариялағанын атап өтті.
ТОЛЫҚТЫРУ
Ulysmedia.kz Жетісу облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне аталған жайтқа байланысты түсінік беруін сұраған. Департамент өкілі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарламасын ұсынды.
Хабарламада “өз-өзіне зиян келтіру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды” деп келтірілген.
“Сотталған адамды медициналық қызметкерлер тексерді. Денесінде ешқандай жарақат анықталған жоқ. Камерада тәулік бойы бейнебақылау жұмыс істейді. Жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік туралы ескертеміз” делінген хабарламада.
Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Думан Мұхамедкәрім тамақтан бас тартқанын растап, “шай мен су ішуді жалғастырып жатыр, бұл бейнебақылау жазбаларымен расталған” деп қоса кетті.