×
444.22
476.38
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
444.22
476.38
4.82

Ғарышқа ұшқан күн: Алматыда Orda & Ninety one концерті қалай өтті

28.12.2021, 10:45
Фото: ulysmedia.kz

Алматыда 26-27 желтоқсан күндері Orda мен 91 тобының концерті өтті. Қайталанбас мәнерімен жастардың жүрегіне жол тапқан топты тұтас зал тік тұрып, дүркірей қарсы алды. Жастар қосыла ән шырқап, жарыса биледі десек сондағы атмосфераны сипаттауға тым жұпыны болар еді. Жай отындай қуатты сілкіністен саналарда жарылыс болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, 12 мың орындық Алматы Аренаның үлкен залына билеттер алғашқы үш күнде толық сатылып кеткен. Сондықтан, концерттің онлайн нұсқасын да іске қосты.

Алматылық тыңдарман 17 жастағы Әсия мыңдаған жанкүйерлердің бірі. Яғни, олар өздерін EagleZ фанүйі деп атайды. Оның айтуынша, 91 тобын тыңдауға басында үйдегілер қарсы болған.

«Ескі әндерді тыңдағанды ұнатамын. 91 – өзгеше мәдениет. Әкем үлкен адам болған соң, басында тыңдауыма қарсы болды. Бірақ артынан түсініп, өзіңіз көріп тұрғандай бүгінгі концертке жіберді», – дейді ол.

Orda тобы алғаш сахнадан көріне бастағанда Қазақстан қоғамы қабылдауға дайын болмағаны рас. Сол сияқты жаңашыл рухпен, қайталанбас мәнерімен Orda-ның жалғасы ретінде нарыққа шыққан 91 группасын да жұрт бірден жақсы көріп кете алған жоқ. Оңтүстік жастары Ninety one тобына қарсы деп аталатын хейтерлер науқаны да басталған еді.

Ninety One немесе 91 – JUZ Entertainment агенттігінің 2015 жылы «Айыптама» атты синглмен үлкен сахнаға шыққан қазақстандық бойз-бэнд. Топ K-pop жанрынан бастау алып, Q-pop (Qazaq-pop) жанрының іргесін қалады. Топтың бас продюсері – ORDA тобының мүшесі Ерболат Беделхан. Негізгі құндылықты киім мен түрден іздеген қазақ қоғамы шығармашылық топты жаппай айыптауға көшкенде, шығармашылық топ мойымастан сапалы дүние жасауға бел шеше кірісті. Табанды еңбектің нәтижесі осы концертке жиналған жастардың жалындаған жүзінен көрініп тұрды.

Олардың рухы тұтасқан алып кеңістікке айналды. Қазақ тілінде ән шырқап, қазақша сезінді, қазақша биледі, қазақша жақсы көрді.

16 жастағы Елдана да бүгінгі концертке асыға келгендердің бірі. Ол 91 тобын еркін құстарға теңейді.

Ал 22 жастағы Сүлейман өзін музыкалық топтың жанкүйері деп санайды. Orda мен 91 тобының жаңашылдығы оның өмір сүру салтына, талғамына көп әсер еткен.

«Музыканы таңдауы, жеткізу өте ерекше. Вокалына тәнтімін», – дейді ол.

Концертте Orda тобының «Белгісіз жан», «Кеш мені», «Қағаз кеме» сынды жиырма жыл өтсе де әлі орындалып келе жатқан танымал әндері орындалды.

Одан бөлек азаматтық белсенділігімен танылып жүрген Ирина Кайратовна, Данеля Төлешова да осы кеште өнер көрсетті.

Orda тобының солисі Дастан Оразбеков жастарды жаман әдеттен аулақ болуға шақырды.

«Сіздердің таза күндеріңіз, сіздердің адал күндеріңіз өздеріңізге байланысты. Қазір ескерткім келетіні, есірткі жастардың арасында қатты тарап кетті. Сол жанға батады. Құрметті жастар, алшақ болайық, аулақ болайық. Өз-өзімізге жауапты болайық», – деді әнші.                   

Концерт соңында Orda тобының солисі, 91 тобының продюсері Ерболат Беделханды әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, пандемиядан шығармашылық топ белгілі бір деңгейде табысынан айырылған. Жағдай реттелген соң, шетел нарығына шығуға дайындалып жатқан көрінеді.

«Негізі есептеген жоқпын, бірақ бағаларды, проценттерді есептегім келмейді. Өйткені өзімді артист сияқты ұстаймын. Бірақ, иә, көптеген мүмкіншіліктерден айырылдық деуге болады. Қазір 91 шетел нарығына шығуға дайындалып жатыр», – деген продюсер алда жаңа жобалар дайындалып жатқанын атап өтті.

Ал «Тәуелсіздік сіз үшін қандай күн?» деген сауылымызға продюсер Ерболат Беделхан тәуелсіздік мейрамына жастар зор құрметпен қарағаны дұрыс дейді.

«Тәуелсіздік – мен үшін ең қасиетті күн. Ата-бабамыз арманына жеткен күн. Сондықтан біз оны бағалауымыз керек. Көп жастар тәуелсіздікті қатты құрметтеуіміз керек. 30 жылдың ішінде біз неге жеттік? Біз баяу-баяу болса да алға жылжыдық. Біреуі жеттік десе, біреуі жетпедік дейді. Барлығы орынды», – деді ол.

Қазақстанда жаңа толқын мәдениетін қалыптастырған атақты Orda тобына биыл 21 жыл. Қазақы мақам мен заманауи ырғақты тоғыстырған музыкалық топтың құрылуы сонау 2 мыңыншы жылдардан бастау алады.

Көпшілік, оның ішінде кейінгі жастар Orda мен 91 тобын әлемдік деңгейде мүмкіндігі бар қазақ музыкасының бірегей өкілі деп біледі. Олар қоғамнан өз орнын табу, шығармашылыққа құмарту, адамгершілік қасиет, қоршаған ортаны қорғау сынды маңызды үндеу тастай отырып, жастар мәдениетіне елеулі өзгеріс әкелді.

Серіктес жаңалықтары