Ulysmedia.kz тілшісіне бұл ақпаратты белсендінің адвокаты Мейіржан Досқараев растады.
Бүгін Астанада "Алға, Қазақстан" бастамашыл тобының жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сотта жарыссөз өтіп жатыр. Сотта прокурор Жыланбаевты кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Тіркелмеген «Алға, Қазақстан» партиясының жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаев жабық сотқа қарсы 1 қарашада жариялаған аштық акциясын әлі тоқтатпаған. Белсендінің жағдайы жайлы Ulysmedia.kz тілшісіне оның адвокаты Мейіржан Досқараев кеше айтып берді. 1 қарашадан бері белсенді 13 келі салмақ тастаған.
Марат Жыланбаевтың соты 30 қазанда басталған. Сот «белгісіз екі куәгердің өтінішіне сүйеніп», сот процесін жабық еткен. Судьяның бұл шешіміне жақтастары мен құқық қорғаушылар наразы. Қарашаның басында Марат Жыланбаев ашық сотты талап етіп, аузын тігіп тастаған еді. Кейін қылмыстық атқару жүйесі департаменті «профилактикалық әңгіме жүргізілгеннен кейін сотталушы Марат Жыланбаев тігісін алып тастады» деп хабарланған.
Жыланбаевқа «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» және «экстремистік ұйымды қаржыландыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Жақтастары билік белсендіні саяси себеппен қудалап отыр деп санайды. Тергеу органдары белсендіні қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп болжайды.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.