×
443.35
475.54
4.82
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.35
475.54
4.82

Ербол Назарбаевтың «жолын кесіп кеткендердің» ісі қайта қаралуы тиіс: депутат Бас прокуратураға хат жолдады

14.03.2024, 15:43
Коллаж: ulysmedia.kz.

Депутат Абзал Құспан сотталған экс-генерал Қайрат Көпбаевтың іс-материалдарын жинап, Бас прокуратураға хат жолдап отыр. Мәжілісмен құзырлы органнан іске қайтадан құқықтық баға беруді сұрайды.

Қайрат Көпбаевтың өзі осыдан бірнеше жыл бұрын экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Ербол Назарбаевтың қудалауымен заңсыз сотталғанын айтып, сұхбат берген еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

«Көпбаевтың не үшін сотталғанын түсіне алмадым»

Депутат Абзал Құспан генерал Қайрат Көпбаев былтыр желтоқсанда қабылдауына келіп, өз мәселесін айтқанын еске алады. Депутат адвокат әрі заңгер болғаннан кейін оған қылмыстық істер бойынша жүгінетін азаматтар көп келеді. Соның бірі – Көпбаев болған.

– Ол (Қайрат Көпбаев) қылмыстық істерінің материалдарының бәрін алып келді. Іс-материалдары көп болғаннан кейін оны бөлек қабылдауға тура келді. Ол кісі заңсыз сотталған офицерлердің құрылған тобында екен. Оның іс-материалдарын қарап отырып, біріншіден, не үшін сотталғанын түсіне алмадым. Қолға алған ақшасы жоқ. 200 мың теңге деген ақша айтылады.

Сол кезде мына бір іс есіме түсті: дәл соның алдында маған “200 мың теңге пара алды” деп сотталған дәрігер жігіт жүгінген. Ол “ақшаны алмадым, бірақ мойындауға мәжбүр болдым” деген. Ол да Ербол Назарбаевтың жолын кесіп кеттім деп айтқан болатын. Содан кейін оның адамдары келіп, “біз Ербол Назарбаевтың адамдарымыз, сен мына Алматы қаласындағы ауруханалардың біріндегі бас дәрігер лауазымын босат” деп талап қойған. Дәрігер босатпаймын деген соң артынан қылмыстық іс қозғалған. Сол екеуінен мен ұқсастық көрдім, – дейді Абзал Құспан.

Депутат генерал Қайрат Көпбаевпен әңгімелескен кезде “әу баста осы іс неден басталды?” деп сұрағанын айтады. Көпбаев қорғаныс министрлігінде кадрға жауапты қызметкер болған кезінде Қарасай ауданында аудандық әскери комиссариат бөлімі басшысының орнына жап-жас лейтенантты қою керектігі жөнінде Ербол Назарбаевтың адамдарынан талап түскенын есіне алған.

– Әскери комиссариат деген төтенше жағдай немесе соғыс бола қалған жағдайда ең негізгі жұмылдыратын күш қой. Заң талабына сәйкес, оған тәжірибелі маман баруы керек болған. Көпбаев “ол лейтенант талапқа сәйкес келмейді” деп жауап берген кезде “Ерекеңнен саған сәлем, жағдайың қиын болады” деген жауап алған. Көпбаев осылай айтып отыр. Екі арызданушының да ісі Ербол Назарбаевпен байланысты, екеуі де “200 мың теңгенің” ісі – ұқсастық барын көрдім, – дейді Абзал Құспан.

Даулы істерді қарайтын комиссия құрылуы керек

Депутат Бас прокуратураға Қайрат Көпбаевтың ісі бойынша хат жолдаған. Іске объективті баға беруді сұраған. 

– Мен өзімнің көтеріп жүрген бір мәселем – президент Тоқаев 2022 жылы бізге “Әділетті Қазақстан” концепциясын ұсынды. “Әділетті Қазақстан” дегеніміз бұған дейін елде әділетсіздіктер болғанын айтады. Тиісінше, сол әділетсіздіктерді біз жоюымыз керек. Әйтпесе, оны қалай құрамыз? 

Ал қазіргі жүйеде жағдайды қалай өзгертуге болады? Құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде – ол мүммкін емес. Өйткені судья да, бас прокурор болып отырсым да, қылмыстық-процессуалдық кодекстің өзінің бір мерзімі бар. Мәселен, 2015 жылы сотталған азаматтардың шағым беру мерзімі өтіп кетті. Ол қылмысты емес екенін енді қалай қалпына келтіреді? Қиын ғой. Заңсыз сотталған адамға қатысты мерзім қолданылмай дегенмен, ескі істерді қазір судьялар қайта қарап жатқан жоқ. Ал бір адам керісінше, жазадан құтылып кетсе, бір жылдан кейін оның мерзімі өтіп кетеді. Әділеттілік дегенде біз сотталушылармен қатар, жәбірленушілер де құқығын қарауымыз керек. Сондықтан, кезінде негізсіз жабылып қалған, негізсіз сотталған істерді… Бізде тек Назарбаевтар ғана емес, әр өңірдің кіші назарбаевтары болды. Осы істерді қайта қарауымыз керек. Ол үшін тиісті комиссия құрылуы тиіс, – дейді Абзал Құспан.

Комиссияны депутат құқық қорғау органдары емес, қоғамның өзі, кәсіби заңгерлер құруы керек деп есептейді. Абзал Құспанның сөзінше, кезіндегі ірі қылмыстық істер қайта қаралуы үшін комиссия нақты ұсыныстарымен бас прокуратураға жүгінеді. Бас прокуратура соттарға тиісті наразылық енгізсе ғана бұрынғы істер қайта қаралуы мүмкін. Абзал Құспан осындай жағдайда ғана “Әділетті Қазақстан” концепциясының жұмыс істейтіні көрінеді деп есептейді.

Қайрат Көпбаевтың сұхбаты

Ulysmedia.kz сайтының бас редакторы Самал Ибраеваға берген эксклюзивті сұхбатында экс-генерал Қайрат Көпбаев өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге дайын екенін, бірақ елдегі құқық қорғау органдары оның бұл сөзіне сенбейтінін жеткізді. Ол Жоғарғы сот та, бас прокуратура да Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – Ербол Назарбаев қолдан ұйымдастырған жалған қылмыстық іс пен айыптау үкіміне қарсы келмей отыр деп есептейді.

Серіктес жаңалықтары