Танымал имам Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желіде өзін сынайтын әріптестеріне жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сіз негізі уағызды жақсы айтасыз. Басқа да имандар сізді көре алмай, сөзді бұрмалады деп жазғырады. Соларды қалай жеңдіңіз, - деген сұрақ қойған оқырмандарының бірі.
«Қатемді түзейтін ұстаздар көп»
Имам «олар менімен әуре болғанша, дінмен әуре болсын» деп жауап береді.
Мен ешкімді жеңбеймін. Бұл өмір біреуді жеңуге арналмаған. Мен пендемін. Менен басқа ұстаздарды көбірек тыңдаңыздар. Біз қателесеміз. Қателесіп жүріп, қолымнан келгенді істеп жатырмын. Қателесіп жүріп, намазға тұруға себепші болудамын. Менің қатемді түзейтін ұстаздар көп. Солар түзетіп ала берсін. Бірақ олар менімен әуре болмай-ақ қойсын. Дінмен әуре болсын. Ана жерде былай, мына жерде солай айтқан деп алысудың қажеті жоқ, - дейді Нұрлан имам.
Оқи отырыңыз: Белгілі исламтанушы Нұрлан имамды пәтуа шығаруды меңгермеген деп айыптады
Сондай-ақ ол мүйізі қарағайдай ұстаздар адамды андығанша қазаққа қызмет етсін деген пікірде.
Менің Рождество туралы айтқан видеомды кесіп, анда-мында салғандар Алланың алдында жауап береді. Олардың ниетін Алла көріп тұр. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар отқа тасталатын кезде қарлығаш байғұс аузындағы сумен өшірген. Сауысқандар күлген. Сонда қарлығаш қолымнан келгенді істедім деген. Мен де қолымнан келгенді жүзеге асырамын. Тек мені ғана тыңда деп жатқан жоқпын. Басқа да мүйзі қарағайдай мықты ұстаздар бар. Олар мені андығанша қазаққа қызмет етсін. Сол кезде ел боламыз, - дейді Нұрлан Байжігітұлы.
«30 жыл өміріміз бір адамға жағымпазданумен өтті...»
Имамның айтуынша, өмір исламмен байланып тұрған жоқ.
30 жыл өміріміз бір адамға жағымпазданумен өтті. Болды енді, қою керек. «Жаңа Қазақстан» құрайық. Қазақты имандылыққа шақырайық. Қаншама бала шоқынып кетті. Сол уағыздың арқасында Сирияға жол тартып, сол жақта өлді. Біразы салафи, вахабист болды. Ұлтымызға, дәстүрімізге қарсы шықты. Жаңа жылды аңдуды қою керек. Иә, ол мұсылманның мерекесі емес. Өмірдің бәрі исламмен байланып тұрған жоқ қой, – деді ол.