Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қошановты Халық кеңесінің төрағасы етіп сайлауды ұсынды. Оның кандидатурасын жаңа органның бірнеше мүшесі қолдап үлгерді. Соңғы шешім жасырын дауыс беру арқылы қабылданады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Халық кеңесі бүгін алғашқы сессиясына жиналды. Ерлан Қошановты ұсынған кезде президент оның мемлекеттік қызметте және парламентте көп жылдық тәжірибесі бар екенін атап өтті. Осыдан кейін Халық кеңесінің бірнеше мүшесі Қошановтың кандидатурасын қолдап сөз сөйледі. Қазір алғашқы сессияға қатысушылар жасырын дауыс беру рәсіміне кірісті.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа органның жұмысы туралы ертең егжей-тегжейлі айтатынын жеткізді.
– Жалпы, Халық кеңесінің алдында көптеген міндет тұр. Ертең негізгі отырыста алда шешуге тиіс маңызды міндеттерге толығырақ тоқталамын, – деді президент.
Еске салайық, бұған дейін Тоқаев Халық Кеңесінің құрамын бекіткен болатын. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, бизнес, спорт өкілдері және өңірлік мәслихат депутаттарын қоса алғанда, 126 адам кірді.
Ерлан Қошанов
Қаңтар оқиғаларынан кейін Ерлан Қошанов Мәжілісті басқарды. Қошанов 64 жаста. Биыл жазда Мәжіліс таратылғаннан кейін оның саяси қызметін әрі қарай қалай жалғастыратыны белгісіз болып қалған еді. Жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай жұмысын бастағанымен, оның басшылығында бұрынғы спикер болған жоқ.
Айта кетейік, Қошанов Мәжіліс төрағасы қызметіне 2022 жылдың ақпанында, Қаңтар оқиғаларынан кейін көп ұзамай сайланған. Оған дейін екі жылдан астам уақыт Президент әкімшілігін басқарды.
Әр жылдары Қарағанды облысының әкімі, премьер-министр кеңсесінің басшысы, көлік және коммуникациялар вице-министрі әрі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
2022 жылы Ерлан Қошанов Amanat партиясын басқарды. Сол жылы президент сайлауы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтын республикалық штабты басқарды және теледебаттарда оның өкілі болды.
Еске салайық, Amanat партиясы «Әділеттің» қарауына өтті.