×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Ескі Қазақстаннан алыстап кете алмағанымыздың белгісі»: Депутаттар Әбішке шыққан үкім жайлы

20.03.2024, 13:41
«Ескі Қазақстаннан алыстап кете алмағанымыздың белгісі»: Депутаттар Әбішке шыққан үкім жайлы
Коллаж: ulysmedia.kz.

"Самат Әбішке үкім шығыпты" деген ақпарат кешелі бері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл талқыдан Парламент депутаттары да қалыс қалған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Күлкілі жағдай”

Ақпаратты алғаш таратқан депутат Ермұрат Бапи 8 жылға шартты түрде соттау – күлкілі жағдай деп есептейді.

– Соңғы отыз жыл өмірімде Қазақстан тарихында болмаған. 2005-2006 жылдары 6 жыл шартты мерзімге Мырзахметовты соттаған. 8 жылға шартты мерзім деген бесіктегі бала күлетін жағдай, – дейді ол.

«Назарбаевтың туысы болғаннан кейін осындай шешім қабылданды деп ойлайсыз ба?» деп сұралған.

Бапи осындай шешім шыққаны міндетті түрде Назарбаевтың немере інісі болғаннан кейін, екіншіден біз Ескі Қазақстаннан әлі де алыстап кете алмағанымыздың белгісі деп санайды.

Депутат Нартай Аралбайұлы сот шешімі жөнінде еш пікір айта алмайтынын, заңнама бойынша ол шешімге кірісе де алмайтынын атап өтеді..

– Сот объективті өтіп, барлық деректер мен дәйектерді қарады деген ойдамыз. Өйткені сот әділ өтуі тиіс, ол – басты принцип. Одан айнып кетуге болмайды. Сот процесі өткен кезде кісінің тегі, әулетіне қарауға болмайды. Шешім әділетті әрі нақты дәйектерге сүйенуі керек. Сонда ғана біз ойлаған Әділетті Қазақстан орнайды.

Менің ойымша, барынша әділетті болды ғой деген ойдамын. Бірақ қоғам тарапынан резонанстың болып жатқанын, журналистер тарапынан бірқатар сауал туындап жатқанын көріп отырмыз. Соттың баспасөз қызметі БАҚ алдына шығып, осы шешімді қажет болған жағдайда түсіндіруі керек деген ойдамын, – дейді ол.

“Келешекте қарастыратын шығар”

Тілектес Адамбеков өзі де ел қатарлы осы ақпаратты БАҚ-тан көргенін жеткізді. Бұл сот шешімі болғаннан кейін еш пікір білдіре алмайтынын айтып, алдыңғы әріптестеріндей жауап берді.

– Егер бұл тұлға Қаңтар оқиғасына септігін тигізіп, әртүрлі бұрыс тіршіліктер істесе, жаза қатты болуы керек. 

Білуімше, сот жабық болды. Ол жерде біз білмейтін әртүрлі ақпарат болуы мүмкін. Дұрыс-бұрыстығы жөнінде пікір айтпай-ақ қояйын. Сот шешімі бар. Сол сот шешімі дұрыс деп ойлаймын. Келешекте қарастыратын шығар, мүмкін бұл жазаны қатаңырақ ететін шығар. Бұл жаза ақырғы емес шығар. Қаңтар оқиғасының соты әлі жүріп жатыр, – дейді Адамбеков.

Депутат Елнұр Бейсенбаев сот мәлімдемесін әлі көрмегенін, іс бойынша Жоғарғы сотқа немесе Бас прокуратураға сұрау жасалуы керектігін атап өтеді.

– Бұл қайдан және қашан шыққан ақпарат. Бізге басында прокуратураның өкілі келген кезде істің қозғанғаны жөнінде сіздердің ақпараттарыңызды естідік. Ақпаратты күтейік. Ермұрат Бапи бізге «ол ақпаратты қайдан алғанымды айта алмаймын» дейді. Сіздер секілді біз де БАҚ-тан білдік, – дейді Бейсенбаев.

Депутат Жанарбек Әшімжан “шын мәнінде үкім осындай болса әділетті деп айта алмайтынын” жеткізді. Ал Ринат Зайытов қысқа қайырды.

– Күлкілі ғой. Сот ісіне араласуға регламент бойынша қарсы шығуға қақыларыңыз жоқ деп шығатын шығар. Ұят нәрсе. Одан артық не деймін. Біреу 2 млн теңге алып алты жылға, түк істемей 5-6 жылға сотталып жатқандар бар ғой, – дейді ол.

Үкім

Айта кетейік, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары әрі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Самат Әбіш кінәлі деп танылып, Қаңтар оқиғалары туралы іс бойынша шартты үкіммен сотталды

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу жүргізілген. Осы баптың санкциясы бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сондай-ақ, жаза мүлікті тәркілеуді және белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруды қамтуы мүмкін. Астана сотының баспасөз қызметі ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке шыққан үкім жайлы ақпарат таратты. Соттың хабарлауынша, Әбіш “кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген".

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде кемі 238 адам қаза тапты. Көз жұмғандардың ең көбі Алматы қаласында тіркелді. 

Самат Әбіш деген кім

Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені.

Ресми мәліметтер бойынша, Әбіш 2022 жылдың 17 қаңтарында ҰҚК басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Ол тұста ҰҚК басқарған басшылардың дені қамауға алынды. Алайда ол кезде Әбішке ешқандай айып тағылған жоқ.