×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

Олигархтардың «күйбең» тірлігі. Байлардың әйелі инстаграмда не туралы жазады

02.11.2021, 15:33
Коллаж: ulysmedia.kz

Қазақстандағы бай-манаптардың күнделікті өмірі кімге де болсын қызық. Балалы үйде ұрлық жатпайды дегендей, әйелі инстаграмда белсенді үйдің бар өмірі жұрттың көз алдында. Осы ретте ulysmedia.kz елдегі дәулетті адамдардың әйелдерінің инстаграм парақшаларына шолу жасап көрді. Бәрінің парақшаларына тән ортақ сипат - күйеуін жаңа көргендей жарастықта ғұмыр кешіп жатқандығы. Осыдан ба екен, не ішеді, не жейді деп қызыққан қарапайым жұртшылық олардың әлеуметтік желілеріне тіркеліп, жапа-тармағай пікір білдіруден шаршаған емес. Қыдырудан қолы қалт еткенде, ара-тұра пайдалы тағамдар туралы дәріс оқып, шетелден көрген-білген тәжірибесін марафонға айналдырып, сатып жатқандар да бар. Әрине, еңбек бағалануы тиіс қой.

ТАТЬЯНАНЫ КҮЙЕУІ ТЕАТРҒА ЖІБЕРЕ МЕ

Татьяна Фостер – «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостердің әйелі. Екі баланың анасы. Оның әлеуметтік желідегі фотосуреттерінен биылғы жазды жан-жақты өткергенін байқар едіңіз. «Мен үшін жаз мезгілі – кішігірім өмір. Осы жолғы үздік сапар, ол – Котор ескі қалашығы», деп жазды ол Оңтүстік-Шығыс Еуропаның көне жауһары Балқан түбегінде демалып жүріп. Жаз бен теңізді жақсы көретіні сонша парақшасына кіре қалсаңыз, ақ сазандай жұмыр денесімен қарсы алады. Жағажай, теңіз, яхта, +40 С ыстық жаз Татьянаның парақшасының негізгі мазмұны. 

Күні кеше ғана ұзақ демалыстан үйге оралған отанасы Алматының кең көшесін аралай жүріп, театрдағы әйелдер кездесуіне барды. Айтуынша «Артишок» сахнасында «Көрінбейтіндер» атты әйелдерге арналған жаңа қойылым сахналанбақ.

«Көрінбейтін әйелдер» туралы не ойлайсың деп» деген Татьянаның сауалына құрбысы «Кей тұста көрініп, кей тұста көрінбей жатамыз. Ол рас», деп жауап берді. Құрбысының пікірімен келісетінін білдірген Татьяна театрдағы жобаға қатысуына күйеуі рұқсат берер-бермесіне алңдаулы екенін жасырмады.

Ал бүгін таң ертемен жаңа үйге көшіп келдік деп стористе хабарлаған ол үйіндегі тұтас қабырғаны алып тұрған бай кітапханасын жұрт назарына ұсынды. Айтуынша отағасы Питердікі. Қазақ, орыс, француз, вьетнам, испан әдебиеті әр сөреге жеке-жеке жинақталған. Өзінен жиырма жас үлкен алпыстан асқан күйеуі Татьянаның қасында әлдеқайда егде көрінеді. Десе де «Тіпті бізде Пушкин де бар» деп ағылшынша шүйіркелескен ерлі-зайыпты екеу үлкен кітапхананы түске дейін бірге жинастырды. 

Татьяна – украин қызы. Жиын-тойда ағылшын күйеуінің тілмашы болып, жанында еріп жүреді. Бір атап өтерлігі бай-бағландардың әйелдерінің ішінде пляжда ашық киіммен фотоға жиі түсетіні де Татьяна. Шетелдік күйеуі мен өз менталитеті бұған қарсы келмейтіні түсінікті.

БАТАЛОВТЫҢ ШАҢҒЫШЫ ӘЙЕЛІ

Кезінде Қазақстанға кең танылған «Рахат-Лукум» тобының солисі Ленара Әбибулаева баршаның есінде. Ол күйеуі Райымбек Баталовтан 14 жас кіші. Салмақты фотоларынан байыпты, бақуатты өмір салты бірден байқалады. Аста-төк молшылық пен қымбат киім-кешегін әйгілеу Ленараға тән емес сияқты. Өзін видеограф деп таныстырған бұрынғы әнші фото-видео салуға өте сараң. Бірақ кәсіби фотограф түсірген, өңделген, эстетикалық тұрғыда тартымды фотолар ғана жүктейді. Бәлкім өзі сұлу болған соң да солай көрінер.

 «20 жаста маған 37 деген терең қарттық сияқты көрінетін, енді түсіндім бұл жас ең жақсы жас. Егер менен қай жаста өмір сүргіңіз келеді деп сұраса, 25 емес 37 жас дер едім. Одан әрі де қызықты бола түседі. Менімен кімдер келіседі?»,- деп жазған ол отбасылық тәтті өмірдің уақыт оза келе іргетасы нығаятыны туралы жеткізіпті.

Әйтсе де карантин уағында өзін аспаз ретінде сынап көруге тырысқан сынды. 2020 жылы алғаш рет круассан пісіргенін қуана хабарлапты. Одан кейін 5 түрлі паста пісіруді үйрететін ақылы марафон жариялаған.

«Рестораннан тапсырыспен алдырғаннан гөрі, өз пасталарым дәмді шығып жатыр»,- деп жазды ол.

Ленара – бизнес бомонд арасында көп балалы ананың бірі, төрт баласы бар. Сондай-ақ, әуесқой шаңғышы.

Оны қыста Шымбұлақтан, жазда Альпі тауының етегіндегі курорттардан табасыз. Айтпақшы, жасы үлкен екен деп күйеуін қорсынбаңыз, ол да нағыз велошабандоздың өзі. Еуропадағы марафон кезінде отағасына жанкүйер болған Ленара мен балалары талай мәрте еріп барып, қызықтап қайтудан қалған емес. 

БАЙТАСОВТЫҢ ӘЙЕЛІ НЕ ТУРАЛЫ ЖАЗАДЫ

Диля Айдарбек – белгілі қазақстандық кәсіпкер Арманжан Байтасовтың әйелі. Ленараға қарағанда Диляның жанында фотограф үнемі жүре бермейтін секілді. Селфи түсіргенді ұнататыны анық. Парақшасынан ондай суреттерді жиі байқауға болады.

Есесіне мамандығы журналист Диляның парақшасынан танымдық дүниелермен таныс бола аласыздар. Оқыған кітаптарын, саяхаттағанда ел-жер жайында аңыз-әпсаналар туралы да әредік жазып тұрады. 

Инвестиция, стартап туралы ара-тұра сөз қозап жүретін Диля Айдарбек кітап, даму, театр, көшбасшылық, ас үй, көз тию сынды небір қызғылықты әңгімеден сыр шертеді.

Диля, шын есімі Диляра – Жаңарқаның тумасы. Арманжан Байтасов екеуі ҚазМУ-дің журналистика факультетінде бір группада оқыған. Екеуінің балалары ер жеткен, екі қыз, бір ұлы бар. 

БӘЙБІШЕ ДЕ ҚАМЫР ЖАЯДЫ

Күйеуінің беделін ғана емес, өзінің де тұлғалық дамуын ұмытпаған бір әйел болса, ол – Анар Рахымбаева. Жеті баланың анасы, «Ана үйі» қоғамдық қоры атқарушы комитетінің төрағасы. Кешегі стористарынан байқағанымыздай, ол ұзақты күн отбасылық ұзату тойдың қамымен жүрді. Шамасы отбасылық достарының қызы. Ұзатудан соң қоржын сөгіп, той кәдесінен абысын-ажынға таратып берді. Айтпақшы, осы тұста Рахымбаевтардың үйлені тойының фотосын назарыңызға ұсынсақ. Құрылыс магнатының жас кезіндегі суретін көруге дайын болсаңыз, мінекей.

Анардың жазбаларынан аңғарғанымыз, күйеуі Айдынға деген махаббаты күні кеше қосылған жас жұбайлардай ыстық. Онысын алаулаған смайликтерімен көрсетіп те қояды.

«Күндердің бір күнінде сені тілеп едім, орындалды», - деп жазды ол Айдын екеуі бірге түскен суретке.

Анар қоғамдық істермен ғана айналыспайды. Той-томалақтың ортасына кірісіп кететін бәйбіше етке дөңгелектеп нан жайып, оқырмандарының алғысына бөленгені тағы бар.

Жалпы, мейлінше қарапайым болып көріну, халыққа жақын болу Рахымбаевтар отбасына тән фишка. 

«КҮМІС АЛҚА» ИЕГЕРІ

Алты баланың анасы, әнші Динара Сұлтан қазір үй ішімен Дубайда тұрып жатыр. Ұзақ уақытқы демалыстан соң Динара Сұлтан жеке шығармашылығына ден қоя бастаған сыңайлы. Өзінің айтуынша, «Гәкку» арнасындағы «Жанды дауыс» атты жаңа бағдарламаға алғашқы қонақ ретінде шақырылған. Әнші кешелі-бергі стористарында Алматыда қыдырып жүр. Ол күйеуін әлеуметтік желіге сала бермейді, «көз тиеді» деп есептейді.

Жуырда баспасөзгге берген сұхбатында «Мен оны үнемі жасырмаймын. Жақсы кәсіпкер, спортшы, тамаша әке. Жеке өмірім болғандықтан жеке өмірімді инстаграмға сала бергім келмейді. Қазақтар айтқандай, көз тиеді», – деді ол.

Ашық дерекөздердегі мәлімет бойынша, күйеуі Динарадан 17 жас үлкен, есімі – Ерлан Қожасбай. Кәсіпкер, меценат қазан айының басында Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып тағайындалды.

Бір назар аударатын дүние бай-манаптардың әйелдерінің арасында Динара ғана қазақша сөйлейді. «Ауылда әжем айтты” деп басталатын әңгімелері оқырманды елітіп әкетеді.

«Кеше Әміре ұлымыздың тұсауын кестік. Қадамың оң болсын балапаным. Ақ жол! Тұсауын кесе сала далаға кітабын ала қашты. Әжем айтатын, тұсауын кескен адам үйдің сыртын айналып, жүгіруі керек», – деп жазды ол парақшасында.

ТАРО ХАНШАЙЫМЫ 

Ең жарасымды жұптардың бірі Марат пен әйелі Виктория Момынбаева. Күйеуі Қазақстанның мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқанда, әйелі Виктория алты баланы тәрбиелеп, қайырымдылық шарасымен айналысып келеді. Тіпті балаларға арналған кітап та шығарды. 2011-ші жылғы Алматы аруы атанған Виктория жасы 50-ге таяп қалса да өңін бермеген. Дүйсенбінің таңын сұлулық салонында бастаған ол, бетіне соңғы үлгідегі ең мықты күтім көрсетіп жатқанын хабарлады.

Кәсіпкер ханым таро ойын картасымен келешекке болжам жасайды, бал ашады. Кәсіби түрде. Көріпкелдер ежелден-ақ соңына қарақұрым халықты ерте білген, содан да ма бай-манаптардың әйелдерінің арасында оқырман саны миллионнан асқаны осы Виктория болып шықты. Күн ғаламшары мен сәттілік ғибадттары туралы жиі жазады.

«Бүгін түнде бізде Самайн, кельт жаңа жылы. Біздің көптеген ритуалдарымыз іске асуы мүмкін, әлі үш күн бар. Қазір дүниеден өткен жақындарымызды еске аламыз, шелпек пісірдім. Қазір сіздерге өзімнің шамдарымды көрсетемін. Мынау ұрпақ сақтаушы», деген ол түрлі бейнеде жасалған шамдарын көрсетіп, мағынасын түсіндіріп берді.

БАЙДЫҢ ҚЫЗЫ

Жәмила Әбілова кәсіпкер Асқар Байтасовтың азаматтық некедегі жары деп кесіп айта алмаймыз. Ұзынқұлақтан естуімізше, олар азаматтық некеде. Өздері әлеуметтік желілерде бірге тұрып, бірге жүргенін жасырған емес. Жәмила Асқар Байтасовқа тиесілі Қазақстандағы ең ірі мейрамханалар желісінің PR және ART директоры.

2021 жылы 7 шілде күні инстаграмына «Мен енді abr.kz-тің PR және ART директорымын. Осы бір үлкен әрі тамаша команданың бөлшегі болғаныма өте қуаныштымын. Әрине, жауапкершілігі мол және өте қызық. Менің жаңа шефім айтпақшы, чин-чин қыздар», - деп жазды.

Олардың мақсаты өкіртіп ақша табу емес, қазақстандықтар арасында демалыс туралы жаңа түсінік қалыптастыру. Осыдан кейін жас жұбайлар Түркия, Дубайда болып, іле Сейшель аралдарында демалып келді. Оған Баталовтың келіншегі Ленара «Тамаша жұп» деп пікір қалдырыпты.

Жәмила инстаграмын қарапайым жүргізеді, көбіне жаңадан ашылған кафе, ресторанның ас-суын жарнамалап, оқырмандарын құлағдар етіп отырады. Жұмысы демалыс, демалысы жұмыс па дейсіз. Молшылықтағы өмірі кімді болсын қызықтырмай қоймайды, байдың қызы, байдың әйелі.

Ара-тұра әкесі, Қазақстан меценаттар клубының мүшесі Болат Әбіловпен де кездесіп, фотосуреттер салады. Айтпақшы, олардың әкелері аттас, құдалардың екеуінің де есімі – Болат. Қандай ғажап сәйкестік!

Жәмила Mercedes-Benz Fashion Week-тің ұйымдастырушыларының бірі. Әрі Boulevard Magazine-нің Қазақстандағы шығарушысы. 

90-жылдардың аяғында шоу-бизнес биігіне көтерілген Рахат Тұрлыханов Жәмиланың бұрынғы күйеуі. 

Серіктес жаңалықтары