×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Мәжіліс депутаттары БАҚ-қа ЛГБТ жайлы жазуға тыйым салуды ұсынды

05.04.2024, 12:14
ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжан «Масс-медиа туралы» заң жобасына бұқаралық ақпарат құралдарына ЛГБТ өкілдері туралы жазуға тыйым салатын түзету енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұсыныс қайда айтылды?

Бүгін Масс-медиа туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобының кезекті отырысы өткен. Құжатты талқылау барысында заң жобасының 22-бабына (масс-медиа шығаруды немесе масс-медиа өнімдерін таратуды тоқтата тұру, тоқтату тәртібі) депутаттар ақпарат таратуда тоқтата тұруға негіз болатын аргументтер қатарын «дәстүрлі емес сексуалды бағдарды» деген сөзбен толықтыруды ұсынған. Мәжілісмендер дәстүрлі емес сексуалды бағдарды насихаттауға немесе үгіттеуге жол бермеу мақсатында осы норманы ұсынатынын атап көрсеткен.

Алайда отырысқа қатысқан мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі “дәстүрлі емес сексуалды бағдар” деген ұғым “Неке және отбасы туралы” заңда жоқ болғандықтан, оны заң жобасына енгізу мүмкін емес екенін айтқан. Ал тәуелсіз медиасарапшылар отырыс барысында бұл түзетуге қарсылық білдіріп, осы сөз енгізілсе, Қазақстанның сөз бостандығына кері әсер ететінін ескерткен.

Ал өзгерісті ұсынған депутаттар бұл түзету ақпарат таратуды шектеу емес, ақпараттың біржақты телініп берілетінін ескере ұсынғандарын жазған.

Бұл түзету тек жұмыс тобының талқылауына шығарылған әрі әлі қабылданбаған.

««Ұсыныс айтылғаннан кейін оған мәдениет және ақпарат министрлігі мен әділет министрлігінің өкілдері қарсы болды. Олар заңды негіздерді алға тартты. Тәуелсіз сарапшылар да аталған түзетудің заңды негізі болмайтынын айтып, бұл түзету сөз бостандығы туралы халықаралық рейтингте Қазақстанның орнын төмендетіп жіберетінін ескертті. Жекелеген депутаттар «бізге ондай рейтинг керек емес, ұрпақ саулығы мен ұлттың тазалығы маңызды» деп пікір білдірді. Бірақ бұл ұсыныс қабылданған жоқ, алынып та тасталған жоқ – пысықтауға жіберілді», – деп отырыстағы талқының мән-жайын Ulysmedia.kz тілшісіне жұмыс тобының мүшесі, журналист Қалима Тәжіқұл айтып берді.

Шу болған Масс-медиа туралы заң жобасы

2023 жылдың соңында мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер ортасында қызу талқыға түскен «Масс-медиа туралы» туралы заң жобасын мәжілісте қорғап, депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдаған еді. Десе де, сала сарапшыларының, медиа мамандардың құжатқа көңілі толмайды. Мәселен, Internews халықаралық ұйымының заңгері Ольга Диденко медиа-бірлестіктің көп ұсынысының құжатқа енбей қалғанын айтады.

Диденконың айтуынша, ең бірінші талап – баспасөз картасына байланысты нормалардың бәрін алып тастау болған. Сонымен қатар, журналистерді аккредиттеу тәртібін жеңілдету ұсынылған. Ольга Диденконың сөзінше, аккредитация дәл қазір институт ретінде жұмыс істемейді. Ал жұмыс істеген жерінде әрдайым проблема туындайды. Аккредитациясы бар журналистердің өзі ақпараттың бәріне қол жеткізіп отырған жоқ. Жарияланған материалдың ескіру мерзімін қысқартуға назар аударады.

Депутат Анас Баққожаев пен Никита Шаталовтың да Қазақстанда аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдарының қызметіне тыйым салу жөнінде ұсынысы қызу талқыланған.

Заң жобасы әлі мәжіліс қарауында талқыланып жатыр.

Серіктес жаңалықтары