×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Салафишіл топтардың мешіттегі бассыздығы ханафилердің наразылығын туғызып жатыр – сарапшы

19.05.2024, 17:26
Салафишіл топтардың мешіттегі бассыздығы ханафилердің наразылығын туғызып жатыр – сарапшы
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов Шымкенттегі мешітте болған төбелес жайлы пікірін әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Салафишілер мешітте ашық провакация жасайды”

Талғат Жақияновтың жазуынша, отандық ақпараттық кеңістікте біраз уақыт бойында талқыланып жатқан бұл оқиға бірқатар өзекті мәселелерді көрсетеді.

– Бұл - ханафилік ұстанымдағы мұсылман мен салафишіл ("салафтарға" еліктеуші, радикалды бағыттағы) ағымның дінкеші (фанатик) арасындағы қақтығыс. Салафишіл жамағат өкілдері қазақтың мемлекетін, саяси құрылымын, заңдарын, мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын, ру-шежіресін, дәстүрлі мұсылмандық тәжірибесін мойындамайды. Ислам теократиялық мемлекетін (ислам халифатын) құруды аңсайды. Өз діни көзқарастарын ғана дұрыс деп санап, өз топтарына қатысы жоқ мұсылмандарды "кәпір", "дінбұзар" деп бағалайды. Сол себепті мешітке келгенде "дұрыс жолда жүрген таза мұсылмандар" рөліне еніп, басқа сенушілерге менсінбей, тәкаппарлықпен қарайды, оларды "дұрыс" жолға салу миссиясын арқаланып келеді, – дейді Талғат Жақиянов.

Оның жазуынша, “үйретуші" рөлін іске қосып, маңындағыларға "тура жолды" іс-әрекетімен айшықтап, астын сызып тұрып көрсетуге тырысады (сенімдерін көзге көрсету үшін мұртсыз сақал қойып, шолақ шалбар киіп айшықтаған сияқты). Тіпті, сол әрекеттерін ерегісіп, қасақана жасайды. Уағызды тыңдамайды, тыңдамай отырғанын көрсету үшін құлақтарына құлаққап (наушник) киіп, имамды мазақ етеді. Намаз кезінде "әмин" сөзін әдейі қатты дауыстап айтып, өзіне назар аударғылары келеді. Мешітке келуші жамағатқа да құрмет көрсетпейді. Қысқасы, ашық провокация жасайды деп есептейді сарапшы. Олардың мұндай әрекеттері ең сабырлы деген адамның да қан қысымын арттырып, жүйкесіне қозғау салады.

– Сондай өрескел қылық көрсеткен салафишіл еліктеушіні ұрып жыққан жігіт ханафилік бағыттағы сенуші екені анық. Алайда ханафилік топтардың өзі әртүрлі. Сондықтан жерден жеті қоян тапқандай мұсылмандарды жаппай радикализммен айыптамас бұрын ұрған жігіттің қай жамағатқа қатысты екенін анықтау керек. Ол қазақ жеріне, мәдениетіне сай дәстүрлі ханафилік жамағат өкілі болуы мүмкін. Олай болса, оның осыншалық агрессия танытуы, әрине, жақсы құбылыс емес. Жамағатты тәрбиелеу жұмыстарын күшейту керектігін түсіндіреді. Дегенмен, ондай әрекетке негіз болған себептерге де назар аудару қажет.

Салафишіл топтардың мешіттегі бассыздықтары, шын мәнінде, дәстүрлі ханафилердің тарапынан жиі әрі тұрақты наразылық туғызуда. Ол наразылықтар асқынып келе жатыр және түбінде үлкен резонансты жарылысқа әкелетіні анық. Мына видеодағы әрекет сол жарылыстың басы деуге болады. Бұл көрініп қалған бір мысалы ғана. Көрінбей тасада болған қақтығыстар қаншама, – дейді сарапшы.

Талғат Жақиянонов ол жігіт дәстүрлі емес ханафилік жамағат өкілі де болуы мүмкін деп болжайды. Ондай жамағаттар жеткілікті және олардың өкілдерінің саны артып келеді. Әсіресе, консервативті әрі кертартпа "махмудшылар" мен "деобандық" жамағаттардың өкілдері радикалды әрекеттерге жақын. Бұған дейін Атырау облысында салафишілдер мен деобандтар арасында топтық разборкалардың да орын алғаны белгілі. Сондықтан бұл қақтығыс - жаңалық емес.

– Орын алған қақтығыс дін саласындағы заңнаманың әлсіздігін, құзырлы органдардың діни қатынастарды реттеу саласындағы жұмыстарының тиімсіздігін көрсетеді. Мемлекет тарапынан тиісінше реттелмеген қатынастарды қоғамның өзі реттеуге кіріскендігін көруге болады. Діни ахуалды бақылаусыз өз ағымымен дамуға (на самотек) жіберудің салдары үлкен әрі қайғылы резонанстарға әкелмек. Оны сол кезде ғана түсінетін елміз ғой, өкінішке орай… Бұдан кейін тағы бір аналогиялық оқиға орын алды. Бұл да аталған мәселенің реттелмегенін тағы бір мәрте дәлелдейді, – дейді ол.

Мешіттегі оқиға

Желі қолданушыларының айтуынша, төбелес Шымкент қаласындағы «Abdusattar» мешітінде болған. 

Имам «намаз үстінде «Әмин» деген сөзді дауыстап айтуға болмайды» деп ескерткен. Алайда бұл ескертуді елемеген бір адам «әмин» деп дауыстап айтқан. Бұған шыдамаған біреу әлгіні бетінен ұрып, шалқасынан түсіреді. Желі қолданушылары оқиғаны қызу талқылады.

Көп өтпей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Оқиғаның қалай болғанын мешіт имамы айтып берді.