×
449.58
486.94
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
449.58
486.94
4.86

Назарбаев бейнеленген жейделер 9990 теңгеден сатылып жатыр

08.12.2021, 16:05
Фото: ulysmedia.kz

Нұр-Сұлтанда Елбасы бейнесі басылған футболкалар мен декоративті постерлер сатыла бастады. Ulysmedia.kz футболкалар өндірісінің қандай да бір мемлекеттік ұйымдарға қатысы бар-жоғын зерттеп көрді. Бізді идея авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатын алған, алмағаны қызықтырады.

Меломан кітап дүкендерінде Нұрсұлтан Назарбаев бейнесі басылған футболкалар қойылған арнайы сөре пайда болды. Дүкен кеңесшілері сөренің 1 желтоқсанға орай қойылғанын, одан өзге толық ақпарат білмейтіндерін жеткізді.

Футболкалардың бағасы – 9990 теңге. Жейделерге басылған суреттерде «Қазақпыз ғой», «I am steel working» (болат қорытамын), «Best dad ever» (әлемдегі ең жақсы әке) сынды тіркестер таңбаланған.

Өндірушілер Теміртауда металлург болып еңбек етіп жүрген кезіндегі бейнесі арқылы Назарбаев тұлғасын қоғамдық санада жағымды көрсету міндетін қойғаны байқалады. Көпшілік жанашырлығы мен «романтикалық» көзқарасын тап басу үшін экс-Президенттің тұтас бейнесіне қуанышты мағына беруге тырысқан.

Өздерін Big Father Lab бренді деп көрсеткен инстаграмдағы парақшада «жастардың жаңа бренді» деп атаған. Киім жапсырмасында тігілген мекен-жай ретінде «Texti Market» ЖШС көрсетілген. Кәсіпорын 2015 жылдары Қазақстан Президенті мен депутаттарға арналған спорттық киімдерді әзірлеумен де айналысқан.

Мемсатып алу сайтында, аталған кәсіпорын биыл Алматы спорт басқармасынан 34 млн 750 мың теңгеге тапсырыс алғаны көрсетілген. Еуропаға экспорт жасайтын тігін кәсіпорыны тек ірі мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істейтінін ескерсек, кім көрінгеннен ұсақ-түйек тапсырыс ала бермейтіні анық. Осы ретте кәсіпорынға хабарласып, брендтің кімге тиесілі екенін сұрап көрдік.

«Біз тек тапсырысты орындаушымыз. Киімдер бізде тігілді. Ал тапсырыс берушіні нақты айта алмай тұрмын, «КТК» медиа орталығы болуы керек», – деді кәсіпорын өкілі.

Нақты тапсырыс берушіні анықтай алмаған соң, дүкеннің инстаграм парақшасын шолып көрдік. Дүкен парақшасы жазылған тоғыз қолданушының арасында Қазақстан жастар конгресінің (конгресстің төрағасы – Дариға Назарбаева) атқарушы директоры Тохтар Болысовтың аккаунты бар. 1994 жылы туған Тохтар өзін көпшілікке қоғам қайраткері, кәсіпкер деп таныстырады.

 

Оның астана, Алматы қалаларында киім сататын дүкені бар. Аталған идеяға сіздің қатысыңыз бар ма деген сауалымызға ол «ештеңе айта алмаймын» деп жауап бергенімен белгілі бір деңгейде «дүкендегілермен» араласы бар екендігін аңғартты.

«Дүкеннің инстаграм парақшасын көрдіңіз бе? Сондағы нөмірге хабарлассаңыз болады. Немесе мен оларға хабарласайын, кім жауап беретінін айтамын», - деп жауап берді Тохтар Болысов.

Өкінішке қарай, интернет-магазинде көрсетілген нөмір бірнеше күн жауап бермеді.

Ал тұңғыш президент бейнесін коммерциялық мақсатта пайдалану қаншалықты заңды деген сауалымызға заңгер Абзал Құспан адамның бейнесін жеке келісімінсіз коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайтынын айтты.

«Тұңғыш президент қана емес кез келген адамның бейнесін жеке келісімінсіз коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайды. Ал пайдаланған күнде ешкімнің құқығы бұзылмайды. Ол адам келіспеушілік білдірген уақытта ғана мәселе туындайды. Ол адамның атынан сенім хатқа ие болған адам ғана заңсыз екенін айтып терістей алады. Суреті басылған адам ешқандай реакция білдірмесе өзге адам сыртынан заңсыз деп айыптай алмайды», – дейді заңгер.

Серіктес жаңалықтары