Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысына қатысты тергеуді бастады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Атырау облысы мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн. теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді.
«Күдікті ұсталып, Атырау қаласының ПБ УҰИ-на қамалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», - делінген баспасөз хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Атырау облысы мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевті 4,5 миллион теңге көлемінде пара алып жатқан жерінен ұсталғаны туралы жаздық.
Ол ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 28-бабы бойынша ұсталып, Атырау облысы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.