×
499.11
521.12
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.11
521.12
5.58

Түрменің киімін киюден бас тартқан – Думан Мұхамедкәрім 60 күнге карцерге қамалды

Бүгін, 18:00
Түрменің киімін киюден бас тартқан – Думан Мұхамедкәрім 60 күнге карцерге қамалды
Ulysmedia коллажы

Бұл жайтты әуелі өз парақшасында құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина жазған. Ulysmedia.kz тілшісіне ақпаратты журналистің әкесі Алмас Тілепов растады.

ӘКЕСІ АСТАНАДА ЖҮР

Алмас Тілеповтің өзі қазір Астанада жүр. Бас прокуратураға келіп, құзырлы органдардың өкілімен кездескен. Алмас Тілеповті Бас прокуратураның заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің басқарма бастығы Сырым Ақпаев қабылдаған.

Материалдарды әкеліп, соттың қалай өткенін, қандай заңсыздықтар болғанын осында келіп айттық. Келген себебіміз – де сол. Бізді қабылдап әңгімелесті. Қолда бар деректерді келтірдік. Құжаттарды алып қалды. Олар Думанның ісімен таныспыз деді, бірақ Алматыдан істі алдырып, сараптама жасаймыз деді. Бір айдың ішінде бұл жұмыс біте қоймайтынын айтты, – дейді ол.

Алмас Тілеповтің айтуынша, Думан Мұхамедкәрімді Қызылордадағы түрмеге 60 күнге карцерге қамаған.

Карцерге жапқан себебі – Думан “мені жазықсыз соттадыңдар, мен сендердің киімдеріңді кимеймін” деп қарсылық көрсетті деп, олар солай қысым жасап отыр. Оның бәрін айттық. Жалпы денсаулығы бірқалыпты дейді. Қызылордадағы №3 емхана оны қадағалауына алып отыр. Облыстық қылмыстық атқару қызметі жіберген хатында солай жазылған. Сондай жауап алдық, – дейді журналистің әкесі.

Думанның өзі де отбасы да үйіне жақын жерде жазасын өтеуді қалағанымен, оны Қызылордаға жеткізген. Мұның себебін сұрағанымызда Алмас Тілепов “Бас прокуратураның маған берген жауабында ол мінез-құлқына байланысты, тәртіпке бағынбағандықтан, ішкі ережелерге сәйкес, осындай шара қолданылды” деген жауап алғанын айтады. Карцерде отырған ұлымен әкесі сөйлесе алмапты. Тек Қызылордадағы адвокаты ғана кіріп, жағдайын біліп жүр. “Қазір оған су да, темекі де, өлшеммен беріледі” дейді Алмас Тілепов.

ДУМАН МҰХАМЕДКӘРІМ

Бұған дейін адвокат Ғалым Нұрпейісов Думан Мұхамедкәрімді Талқықорғанда тергеу изоляторының карцеріне қамап, Мұхаммедкәрім екі мәрте денесін тілгеннен кейін камераға ауыстырғанын айтқан. Думан құқығы тапталғанына наразылық ретінде аштық жариялағанын да жеткізген.

Қонаев қалалық сотының үкімімен былтыр тамызда журналист жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім бойынша сонымен бірге, үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналыса алмайды. Оған “экстремизмді қаржыландырып, тыйым салынған ұйым жұмысына араласты" деп айып тағылған еді. 

Алматыда бұған дейін «Саяси тұтқындар: Аштық азаптау мен қысымға қарсы соңғы шара» тақырыбымен өткен баспасөз конференциясында құқыққорғаушылар журналистің жай-күйі жайлы айтқан болатын.

Human Rights Watch халықаралық ұйымы журналист Думан Мұхамедкәрімге қарсы істі тоқтатуға шақырған.