×
439.4
473.54
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
439.4
473.54
4.76

«Бастау Бизнес»: Шағын грант алған кәсіп иелері қалай табысқа жетті

22.09.2021, 18:13
Фото: Ашық дереккөзден

Бір кезде шағын грант алған жастар бұл күнде Қазақстанның түкпір-түкпірінде өндіріс ошақтарын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы кәсіп бастаймын дегендерге осындай мүмкіндік берген. Жобаның бес жылдығына орай кәсібіні дөңгелетіп отырған азаматтар бүгін елордада бас қосты. Әрбірі өз табысының тарихын айтып, ойларын ортаға салды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

БІР МАУСЫМДА 100-150 АЯҚ-КИІМ ТІГЕДІ 

Ақмола облысының Зеренді ауданының тұрғыны Өркен Ақтай «Бастау Бизнес» жобасының жемісін көрген кәсіпкерлердің бірі. Осыдан екі жыл бұрын ғана қандай кәсіп бастарын білмеген кәсіпкер бұл күнде өндіріс ошағын ашып, бірнеше кісіні жұмыспен қамтуды көздеуде.

Өркен Ақай тіккен таза былғары аяқкиімдер бұл күнде жергілікті деңгейде үлкен сұранысқа ие. Аядай ауыз бөлмеде өндіріліп жатқан өнімдер отандық нарықта өзіндік орнын алып үлгерген.  Шағын және орта бизнесті қолдаудың «Бастау-Бизнес» мемлекеттік бағдарламасымен несие алған шебер өз брендін қалыптастыруды мақсат етіпті.

«Әрбір жұмысым, тіккен етігім өз қолыммен жасалады. Аяқкиім саласына 2018 жылдан бастап кірдім. Осы саланы дамыту үшін 2019 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, 245 мың теңгелік грант алып, өзімнің жұмысыма керекті ең алғашқы тігін құралдарын сатып алдым», - дейді ол.

Өркен теріні Шымкент қаласынан әкеледі екен. Қазір етікші он түрлі аяқкиім шығарады. Қыстық аяқкиімдер сырты қой, іші сиыр терісінен тігіледі.

«Алматы мен Талдықорған қалаларына етіктерімізге сұраныс өте көп. Келесі жылдан бастап шағын өндіріс орнын ашып, бес адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмын. «Бастау Бизнес» жобасы өте пайдалы екеніне көзім жетті. Барған кезімде арнайы менеджерлер бізге бизнес-жоспарды қалай жазу керектігін үйретті. Соның бәрін үйрендік», - дейді ол.

Өркен жалғыз өзі  бір маусымда 100-150 жұп аяқ киім тігеді. Италиялық стандарттарды ескере отырып, әрбір тұтынушының қалауына сай тапсырыстарды орындайды. Жоспар бойынша күзде жаңа цехқа  көшіп, 5 адамды жұмыспен қамтыса, айына 100 жұп етік тігуге болады.

«Біз аяқ киімдеріміздің әрбір тігісіне дейін заманауи стильге сай тігуді қалыптастырдық. Алдағы 5 жылдық жоспарымызға сай «Өркен made in KZ» деген аяқкиімімізді Қазақстанға таратсақ деген мақсатымыз бар», - дейді ол.

ҰСТАЛЫҚТЫ ТАБЫСҚА АЙНАЛДЫРДЫ

Атыраулық ұлттық бұйымдар шеберханасының негізін салушы Бөлекбай Қуанышқалиев болса бала кезінен ұсталықпен айналысыпты. Бүгін де оның қолынан шыққан өнімдер – домбырадан бастап ер тоқымға дейін Қазақстанның түкпір түкпірінде жүр. Биыл мамыр айында «Бастау Бизнес» жобасын аяқтап, грант ұтып алған. «Бастауға» келгенге дейін ұсталыққа тек сүйікті ісі ретінде ғана қараған.

«Сүйікті ісімді бизнеске айналдырамын деген ойым да болған жоқ. Бизнес жасауға құрал жағы да тапшы болатын. Бастауға келіп менде бір сенім пайда болды. Кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы мен талабы бар кез келген адам қабілетті екенін ұқтым. 21 күндік курс кезінде кәсіпкерліктің қыр сырын ұқтым. Грант ұтып, кәсібімді бастадым. Енді жеңілдетілген несиеге құжат жинап жатырмын», - дейді ол.

Бөлекбай секілді батыл қадам жасауға жүрексініп, кәсібін бастай алмай жүрген жандар көп. Бүгінде кәсібін ашам деген  жандарға мемлекеттің тарапынан қолдау барын көпшілігі біле бермейді.

«Қазір екі шәкіртім Атырау қаласында ағаш жөндеу цехын ашып отыр. Ал менің асыл арманым – ағаш бұйымдарын жасап  қою ғана емес, ата-баба үрдісін жалғастыратын қолөнершілер мектебін ашу. Тағы бір мақсат - халқымыздың өнері мен мәдениетінде өз қолтаңбамды қалдыру. Бастауға келіп көп мақсаттарымды жүзеге асырып жатырмын.  Мүмкіндіктерге қол жеткіздім», - дейді ол.

АРЫСТАҒЫ КӘСІПКЕР АЙЫНА 20 МЫҢ ҚОЛҒАП ШЫҒАРАДЫ

Түркістан облысының тұрғыны Жадыра Дүйсенхан «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы ашқан отбасылық кәсібі туралы айтып берді. Арыстағы жарылыстан жергілікті тұрғындар айтарлықтай зардап шегіп 8 мыңға жуық үй қирап қалған болатын. Жарылыстан соң ес жиып, қатарға қосылған жас кәсіпкер бүгінде айына 20 мың құрылыс қолғабын шығарып отыр. Оның қолғаптарын Түркістан, Атырау, Шымкент және Алматы қалаларындағы құрылыс компаниялары пайдаланып жүр.

«Мен Арыс қаласының тұрғынымын. Жасым 24-те. Өзім екі баланың анасымын. «Бастау Бизнес» туралы алғаш рет Арыс қаласында болған жарылыстан кейін естідім. Жолдасымыз екеуміз де жұмыссыз қалған болатынбыз. Қандай іспен айналысуды білмей, ойланып жүргенде осы жоба туралы интернеттен көріп, өтініш қалдырдық. Сол өтінішіміз қабылданып, сертификатын иемдендік. Өзіме деген сенімділігім артып, үлкен күрделі жобаны таңдауыма түрткі болды», – дейді жас кәсіпкер.

Оның айтуынша, әу баста оның кәсібі небәрі екі тоқу станогымен басталған.

«2020 жылы 4,5 млн теңге көлемінде инновациялық грант алдым. Қазір 5 станокпен айына 20 мың құрылыс қолғабын өндіріп отырмын. Алдағы жоспарым қолғаптардың өңдіру сатысын жоғарылату, яғни айына 100 мың данаға жеткізу, ал станоктардың санын 20-ға жеткізуді жоспарлап отырмын», – деді Жадыра Дүйсенхан.

БИЗНЕС КӨЗІ – ЛИМОНДА

Жамбыл облысы Мерке ауданынан келген 28 жастағы Данияр Әбдіразақ академияда бакалавр мен магистратураны аяқтап, Оңтүстік Кореяда 7 ай болып келген соң, үлкен қалаға кетпей, өзінің туып өскен ауылында қалуды шешіпті. Осы оймен 2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсынан өткен.

«Кореяда көрген жылыжайда лимон өсіру шаруашылығын «Бастау Бизнес» сабақтарында колдана отырып, іске асыруды жөн көрдім. Жобаның тиімділігін есептеулер көрсетті. Технологиясын Жамбыл облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған семинарда зерттедім, онда сарапшы өз тәжірибесін айтып, осы істің ерекшеліктерін түсіндірді», - дейді ол.

Сол жылы «Лимон өсіру» жобамен «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша инновациялық гранттар байқауына қатысқан кәсіпкер 2,5 млн теңге көлемінде грант ұтып алыпты. Қосымша асыл тұқымды гиссар қой шаруашылығын дамыту үшін «Атамекен -Тараз» микро қаржалық ұйымынан 4 млн тг несие алған. Биыл жылыжайда лимон ағаштары жеміс берді. Әр ағаш 15 келіге дейін жеміс беріп тұр. Енді Мерке ауданының тұрғындары өз ауданынан шыққан лимонды тамаққа пайдаланады. Алдағы 2-3 жыл мерзімінде лимонариумды Данияр 3 гектарға дейін үлкейтуді көздеп отыр.

Серіктес жаңалықтары