×
465.01
543.55
6.15
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
465.01
543.55
6.15

274-бап төңірегіндегі дау: Журналистер тағы да үндеу жасады

274-бап төңірегіндегі дау: Журналистер тағы да үндеу жасады
жИ/Ulysmedia

Алматыда бір топ журналист «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бабын қылмыстық кодекстен алып тастауды талап етіп, билікке үндеу жасады. Олардың сөзінше, бұл бап журналистерді қудалау құралына айналып кеткен.

ДАУЛЫ 274-БАП

Журналист Марат Асипов 274-бап өте бұлыңғыр жазылған және «қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін ақпаратты» ажырататын нақты критерийлер жоқ дейді. Сөзінше, бапта қандай жағдайда қылмыстық іс қозғалуы керектігі туралы анық айтылмаған.

– 274-бапта анық айтылмаған қандай жағдайда қылмыстық іс қозғау керек. «Қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін ақпарат» болуы мүмкін деп тергеуші шешсе, онда журналистерді екі айға немесе төрт айға қамауға тура келіп жатыр. Мынандай мәселені азаматтық кодекспен қарастырғанда, алдымен сотқа дейінгі талап-арызды жібереді. Сосын 15 күн редакция оны қарап, жауабын береді. Кейін бір шешімге келмесе, сотқа береді. Сот ашық түрде қаралады. Шағым жазған адам өз дәлелін береді, журналист өз дәлелін береді. Кәдімгі жарыс сияқты, ашық түрде болады. Сосын ақпарат құралдарына шығады.

Ал қазіргі жағдайда оңаша қаралады сот. Сосын «құпиялық туралы» қолхат дегендері бар ғой. Тергеуші соны шығарып, қол қойғызады. Қазір Ботагөзбен не болып жатқанын сіз білесіз бе? Ешкім білмейді. Қандай тергеу жасалып жатыр? Бажкенова не үшін қамалып жатыр? Қасенов не үшін қамалып жатыр? (Үш журналисте үйқамақта отыр – ред). Олар өздерін қорғай алмайды. Әріптестері де оларды қорғай алмайды. Не болып жатқаны туралы ешқандай ақпарат жоқ, – дейді ол.

Exclusive.kz сайтының бас редакторы Қарлығаш Еженованың сөзінше, қазір журналистердің ішкі цензурасының күшейгені соншалық «ақты ақ, қараны қара» деп айтатын сәттің өзінде оны айта алмайтын хәлге жеткен. Билікке үндеу жасауға кейінгі уақыттары 274-бап бойынша журналистердің жиі істі болуы себеп болды дейді ол.

“ІСТІ БОЛҒАН ЖУРНАЛИСТЕР АҚПАРАТТЫҚ ВАКУУМ ҚҰРБАНЫ”

Журналист Лұқпан Ахмедияров журналистер қозғалған іс аясында «құпиялық туралы» қолхатқа қол қою арқылы ақпараттық вакуумның құрбаны болып отыр деп есептейді. Оның сөзінше, журналист үшін өзіне қатысты істің қалай жүріп жатқаны туралы айту өте маңызды.

– Былтыр сәуірде мені Астанада ұстап, полицияға алып барды. Тергеуші мені осы 274-бап аясында «құпиялық туралы» қолхатқа қол қойдыруға өте қатты үгіттеді. Бірақ мен қол қоюдан бас тарттым. Қолхат беру немесе бермеу менің құқығым деп есептеймін. Қол қоймағандықтан, іс материалында бұндай қолхат болмаған соң менің іс туралы ашық айтуыма мүмкіндігім болды. Қандай айып бойынша мені қылмыстық жауапкершілікке тартып жатқаны туралы айта алдым. Соның арқасында мен өзім таратқан ақпараттың жалған емес екенін дәлелдей алдым, – дейді ол.

ҮНДЕУ

Жиын спикерлері билікке қарата айтылған үндеуді ақпарат министрлігі, Жоғарғы сот, парламент, президент әкімшілігі мен бас прокуратураға жолдаған. Бұндай үндеу бұған дейін де болған. Астанада оннан астам журналист президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, 274-барты Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұраған.

Былтыр желтоқсанда да қазақстандық заңгерлер мен журналистер тобы Қылмыстық кодекстегі«көрінеу жалған ақпарат тарату» бабын әкімшілік кодекске көшіріп, ізгілендіруді талап етіп петиция жариялаған.

МИНИСТРЛІК РЕАКЦИЯСЫ

Сәуірдің басында мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Қанат Искаков Қылмыстық кодекстегі 274-бапты декриминализациялау немесе жұмсарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр деп айтқан. Бірақ одан бері осы бағытта қандай жұмыс жасалып жатқаны білгісіз.

ІСТІ БОЛҒАН ЖУРНАЛИСТЕР

Қазіргі кезде «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша Orda сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнара Бажкенова, «Айтпа, Ботагөз» телеграм-арнасының авторы Ботагөз Омарова, ҚазТАГ-тың бас редакторы Әмір Қасенов үйқамақта отыр.

Серіктес жаңалықтары