×
467.63
547.69
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
467.63
547.69
6.36

«60 млн теңге қайтардық»: турагент Ирандағы соғыстың салдары жайлы

Бүгін, 13:47
«60 млн теңге қайтардық»: турагент Ирандағы соғыстың салдары жайлы
Ulysmedia.kz коллажы

Таяу Шығыстағы соғыс пен геосаяси шиеленіс туризм саласы үшін айтарлықтай соққы болды. Өйткені Парсы шығанағы елдері әлем туристері таңдайтын негізгі бағыттардың бірі болды. Қазақстандықтар да БАӘ, Қатар, Сауд Арабиясы елдеріне жиі саяхаттайтын. Бұл мемлекеттерге сапарлардың тоқтауы отандық туристік компанияларға қандай шығын әкелді? Туристік маусым таяған тұста ел туристерінің таңдауы қандай бағыттарға ойысты?

Нарықтың бүгінгі тыныс-тіршілігін білу үшін Ulysmedia.kz тілшісі турагент әрі саяхатшы Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлымен тілдесті.

СОҒЫС БАСТАЛҒАНДАҒЫ ӘУРЕ-САРСАҢ

Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлының айтуынша, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы  басталған кезең туроператорлар үшін ең ауыр әрі күйзеліске толы уақыттардың бірі болған. Ол Таяу Шығыстағы жағдай отандық туркомпанияларға айтарлықтай шығын әкелгенін айтады.

«Турлардың тоқтатылуы, соғыс уақытында қауіпті аймақтарда қалып қойған туристерді қонақүймен қамтамасыз ету, қайтар әуе билеттерін алу секілді барлық шығындарды есептегенде біраз соманың басы құралды. Сол уақытта 10 мыңнан астам қазақстандық елге қайтарылған болатын», – дейді ол.

Турагенттің сөзінше, ол басқаратын компания үшін ең үлкен қиындықтардың бірі – алдын ала жоспарланған саяхаттардың жаппай тоқтауы болған.

«Өткен күзден бастап наурыз бен сәуір айларына жоспарланған турлардың бәрі тоқтатылды. Соғыс уақытында біздің 30-дан астам туристіміз Дубайда, 50-ден астам турист Қатарда болды. Соларды елге аман-есен қайтару үшін күні-түні байланыста отырдық. Ол кезең біз үшін үлкен «стресс» болды», – дейді Нұрсұлтан.

«ЕШКІМНЕН КОМИССИЯ ҰСТАМАДЫҚ»

Таяу Шығысы елдеріне наурыздан бастап маусым айына дейін брондалған турлардың барлығы дерлік тоқтаған. Оның ішінде авторлық және концерттік турлар да бар.

«Шакира секілді әлемдік жұлдыздардың концерттеріне орай ұйымдастырылған турлардың бәрін тоқтатуға тура келді. Ақша қайтару мәселесі ұзақ уақытқа созылды. Соған қарамастан наурыздан сәуірдің соңына дейін туристерге қаражат толық қайтарылды. Шамамен 60 млн теңгеге жуық қаржы өз иелеріне берілді. Ешкімнен комиссия ұстамадық», – дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

Ол қонақүйлермен және әуе компанияларымен тікелей жұмыс істемейтінін айтады.

«Тоқтатылған рейстер мен қонақүй брондарының ақшасы туроператорларға қайтарылды. Олар бізге, біз туристерге бердік. Бірақ басқа компаниялар арқылы тур алған кей адамдар әлі күнге дейін қаражатын қайтара алмай жүргенін естіп жатырмыз», – дейді турагент.

КІРІС 40 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН АЗАЙҒАН

Таяу Шығыстағы тұрақсыздық компания табысына елеулі әсер еткен. Нұрсұлтанның сөзінше, кіріс былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 30–40 пайызға азайған.

«Біздің клиенттер арасында Дубай мен Қатар өте танымал бағыттар болды. Сонымен қатар Сауд Арабиясына тур сатуды бастаған едік, Оман бағытын да қосуды жоспарлап жүргенбіз. Бірақ бәрі тоқтап қалды», – дейді ол.

ҚАЙ БАҒЫТТАРҒА СҰРАНЫС ӨСТІ?

Араб елдеріне саяхаттың қайта жандануынан күдері үзілген қазақстандық туристер қауіпсіз әрі қолжетімді бағыттарға бет бұра бастаған. Соның ішінде Вьетнам ерекше сұранысқа ие екен.

«Соғысқа дейін де Вьетнамға қызығушылық бар еді. Бірақ шиеленіс басталғалы сұраныс 2–3 есе артты. Қосымша рейстер ашылды. Соған қарамастан бос орындар тез толып қалады», – дейді туризм саласының өкілі.

Ол биыл ерте брондау айтарлықтай азайғанын да айтады. Бұған қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық, нарықтағы тұрақсыздық пен бағаның қымбаттауы әсер еткен.

«Түркия мен Еуропа елдеріне сұраныс жоғары. Сонымен бірге Оңтүстік Корея мен Қытайға да көп тур сатылып жатыр. Египетті және круиздік саяхаттарды таңдаушылар да аз емес», – дейді Нұрсұлтан Нұрмағанбетұлы.

БИЛЕТТЕРДІҢ ҚЫМБАТТАУЫ

Маманның айтуынша, тур бағасының негізгі бөлігін әуе билеттері құрайды. Геосаяси тұрақсыздық салдарынан мұнай бағасының өсуі авиаотын құнына әсер етіп, билет бағасын көтерген.

«Кей компаниялар алдын ала брондалған турлардың өзіне қосымша төлем талап етті. Сонымен қатар Вьетнам, Тайланд секілді сұраныс артқан елдерде қонақүй бағасы да шарықтап кетті», – дейді ол.

ТАЯУ ШЫҒЫС ТУРИЗМІ ҚАШАН ЖАНДАНАДЫ?

Нұрсұлтан Таяу Шығыстағы әріптестермен байланыс үзілмегенін айтады. Оның сөзінше, қазірдің өзінде қонақүйлер мен туристік нысандар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

«Рейстер ұшып-қонып тұр. Қонақүйлер жұмысын тоқтатқан жоқ. Кейбірі турист тарту үшін жеңілдіктер жасап жатыр. Тіпті турист азайған кезеңді пайдаланып, жөндеу жұмыстарын бастап кеткен қонақүйлер де бар. Мысалы, 7 жұлдызды Burj Al Arab қонақүйі жөндеуге жабылды», – дейді ол.

Турагент уақыт өте келе бұл бағыттардың қайта жанданатынына сенімді екенін жеткізді.

ІШКІ ТУРИЗМДЕ ҮЛКЕН СЕРПІЛІС ЖОҚ

Маманның айтуынша, ішкі туризмде әзірге айтарлықтай өсім байқалмайды. Дегенмен тұрақты сұраныс сақталған бағыттар бар.

«Еліміздің батысындағы туристер Алматы мен Түркістанға жиі келеді. Ал Алматы мен Астана тұрғындары Ақтауға белсенді түрде тур брондап жатыр. Жаз басталғанда сұраныс артады деп ойлаймын. Өйткені соңғы жылдары мамырда Ақтау салқындау, суға түсу қиын. Теңіз суының жылуы, шомылу маусымының қызуы маусым айының соңына түседі», – деп түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары