×
448.15
483.46
4.86
#қаңтар қақтығысы #сайлау #Украинадағы соғыс #Палестина #жемқорлық #тағайындау
448.15
483.46
4.86

Полиция «журналистерге шабуыл жасап, Ulysmedia сайтын бұзған» күдіктілердің атын атады

02.03.2023, 16:18
Фото: Ашық дереккөзден

ІІМ және ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы БАҚ өкілдеріне шабуылдар ұйымдастыру дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы ІІМ-ге сілтеме жасап.

«Ұсталған О.Токарев өзінің кінәсін мойындады және тергеуге көмектесуге келісті. Оған басқа шетел азаматтары – К.Литвиновтің, С.Шаповаловтың, Б.Демченко мен Я.Малышоктың белсенді көмек көрсеткені анықталды. Токаревтің өзі ұйымдастырушы және үйлестіруші ретінде, ал топтың басқа қатысушылары – Литвинов, Шаповалов және Демченко рекрутерлер рөлін атқарып, Қазақстан азаматтары арасынан арандатуды тікелей іске асырушыларды,  яғни “қабандар” деп аталатын орындаушыларды іздеумен және қылмыстық әрекетке тартумен айналысқан», - деп хабарлайды ІІМ.

Министрлік сондай-ақ олар ашық ақпараттық дереккөздерден жәбірленушілерге қатысты мәліметтерді  жинағанын хабарлайды. Мемлекеттік ақпараттық деректерге рұқсаты бар тұлғаларды іздестірген. Токаревпен бірге арандатуларды іске асыру жолдарын (көліктерді өртеу, қауіп төндіру және шабуылдау) әзірлеген.

«Малышок хакерлік бағытқа жауапты болып (флуд, DDos, бұзу және т.б.), “Orda” және “Elmedia” сайттарына DDos-шабуылдарын өзі ұйымдастырған. “Ulysmedia” редакциясының сайтын бұзған. Қазіргі таңда Бас прокуратурамен бірге Токаревтің сыбайластарын халықаралық іздеуге жариялау мәселесі пысықталуда. Бастамашылдарды анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда, нәтижелері қосымша хабарланатын болады», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, 10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы редацияға жасалған алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.

13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.

Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар, сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.

Өткен жылдың қазан айында Orda.kz ақпараттық порталының редакциясына бас редактор Гүлнәр Бәжкенованың суреті мен шошқаның басы салынған пакет барған. Онда әдейі жыртылған фото жануардың аузына салынған. Бажкенованың өзі бұған Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент туралы жарияланымдары себеп болғанын мәлімдеді.

18 қаңтарда шабуылдаушылар Ulysmedia.kz сайтын бұзып, бас редактор Самал Ибраева мен оның отбасының жеке деректерін жариялады. Сайт басшысы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды.

19 қаңтарда журналист және Hyperborey YouTube арнасының авторы Вадим Борейко пәтерінің есігін әлдебіреулер құрылыс көбігімен жауып тастағаны жайында хабар тарады. Журналистің айтуынша, олар есікті жауып, кейін оны өртеп жібермек болған.

Сондай-ақ, жуырда ғана Ulysmedia.kz кеңсесіне біреулер мал еті мен бас редактордың балаларының суреті салынған қорап жіберген. Самал Ибраева бұл әрекетті редакцияны қорқыту деп бағалайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

 20 ақпанға қараған түні әлдекім журналист Вадим Борейкноның операторының екі көлігін өртеп кеткен.

Сонымен қатар, 22 ақпанда журналист Данияр Молдабеков өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары