×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Қоғамда біреулер «демократия=ЛГБТ» деген ойды жастарға сіңіріп жатыр – Бұқарбай

08.09.2023, 10:07
Фото: Скриншот

Саясаттанушы Бақытжан Бұқарбай қазіргі қоғамда «демократия деген ЛГБТ» деп насихат таратушылар барына сенімді. Оның айтуынша, осы ұғымды белгісіз біреулер жастардың санасына сіңіріп жатыр. Бақытжан Бұқарбай бұл пікірін Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында айтты.

«Алаш демократиясы деген кітапты шығардық. Шығарудағы себеп те бар. Желіні жаулап алған неше түрлі инфлюенсерлердің ішінде діни уағыз айтатын инфлюенсенлердің Алаш тақырыбына қатысты теріс пікір қалыптастыру әрекеті байқалады. Бұлардың артында бір технологтар тұруы мүмкін. Өйткені талай жастармен, медресе шәкірттерімен кездессем, олар «ағай, демократия деген ЛГБТ ғой» дейді. Яғни демократия = ЛГБТ деген технология. Демек, шәкірттердің санасына осыны біреулер сіңіріп жатыр», - дейді Бақытжан Бұқарбай.

Оның айтуынша, демократия деген заң үстемдігі екенін, заң алдында бәрі бірдей болуы керектігін атап өтеді.

«Президент те бәрімен бірдей. Бәрінің құқығы тең сақталады. Біреудің «Бәке, Сәкесі» бар, оның құқығы көбірек, менде жоқ «менің құқығым жоқ» деген емес – бәрі тең. Осыған ұмтылуымыз керек. Егер мен ойымды ашық жеткізсем, менің артымнан шам алып түспеуі керек. Демек, осындай тұжырымдардың артында технологтар тұратын болса, діни уағыз айтатын инфлюенсерлер мына кісілерге (Алаш қайраткерлеріне)... Алаш қайраткерлерінің де дінге, дүмше молдаларға қатысты жазған өлеңдері де бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ол біреудің шамына тиеді», - дейді ол.

Бақытжан Бұқарбайдың сөзінше қазақ халқының дәл қазір демократияға келу жолдары бөгеулі болып тұр.

«Жалғыз ғана жолы – Алаш. Алаштың демократиялық ұстанымдағы ағартушылары болды. Ал егер демократияны ЛГБТ деп айтар болса, алаштанушыларды солай деп атауға кімнің аузы барады? Алаш демократиясы деген ұғымды енгізу керек. Қараңызшы, 100 жыл бұрын жер бетінде тәуелсіз мемлекеттер саны азырақ еді. Қазір 200-дей болса, ол кезде әлдеқайда аз еді. Солардың ішінде бірлі-жарымы ғана демократиялық елдер еді. Соған қарамастан Алаш белсенділері авангардта жүрді. Әлемдік ойшылдар, мемлекет қалыптастырушы тұлғалар ретінде! Осы мәселелерді көтерді. Сондықтан біз демократия ұғымын Алашқа байлауымыз керек», - дейді спикер.

Бақытжан Бұқарбай тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанда демократия орнатайын десем, соншама америкалықтарды қайдан алып келем?» деп айтқанын еске алады.

«Демократиямыздың тарихына 100 жылдай уақыт өтті. Мына кісілер көтерді. Демократия енді ғана келіп жатқан жоқ. Бұл - қазақтың санасына және болмысына өте қонымды нәрсе. Орталық Азия мемлекеттерін қарастыратын болсақ, еркіндік ұғымы тарихи қазақтарға әлдеқайда жақын. Егер осы жолды да жауып тастап, Алаш қайраткерлерін қараласа, онда біз құримыз. Орталық Азияның басқа мемлекеттері қалай қалыптасты? Отырықшы көршілеріміз – бір ел жаулай ма, екіншісі келе ме бәрібір, өйткені кәсібін дөңгелеткен адамға табысының 10 пайыз салығын кімге төлесе де бәрібір. "Тиіспесеңдер, болды” деп ойлайды. Сондай сана. Бізде еркіндік әлдеқайда жоғары тұрды. Осындай нәрселерді көбірек айтып, көбірек насихаттау керек», - дейді ол.

Бақытжан Бұқарбай қазақты алып шығатын бағыт – демократия екеніне сенімді.

«Демократиялық елдердің қатарына Қазақстан қосылуы керек. Мұны мен айтып отырған жоқпын. Дала демократиясы, хандық дейді. Отыз жыл бойы ханға тоймадыңдар ма!? Жетеді ғой. Бұл сөзді Алаш қайраткерлері, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, басқалары – үлкен бір плеяда әлдеқайда білімді кісілер», - дейді Бұқарбай.

Сұхбаттың толық нұсқасы:

Серіктес жаңалықтары