Қазақстанда Кеңес Одағында жасалған 100-ден астам жойғыш және бомбалаушы ұшақтар аукционға қойылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекеттік мүлікті сатудың электронды алаңында жарияланған хабарландыруларға сәйкес, сауданың басталуы 26 қазанға белгіленген.
Алматы, Абай, Қарағанды және Шымкент облыстарында орналасқан әскери бөлімдерге тиесілі 117 ұшақ сатылымға шығарылды. Бұл негізінен 1970-1980 жылдары шығарылған МиГ-31, МиГ-27, МиГ-29 және Су-24 ұшақтары.
Есептерде «бағаланатын объектілер ескіруіне байланысты жарамсыз жағдайда, оларды жаңғырту экономикалық тұрғыдан мүмкін емес» деп көрсетілген. Құжатқа сәйкес, «объектілер теңгерім ұстаушының аумағында билік ету арқылы жойылуы тиіс». «Бағаланатын объектілердің техникалық жай-күйі мен бірегейлігін ескере отырып, оларды басқа мақсаттарда, оның ішінде қосалқы бөлшектер көзі ретінде пайдалану мүмкін емес» делінген.